Саясаттану мамандығынан IT саласына дейін: қазақстандықтар үшін жаңа өмірге жол ашқан Tech Orda
Жаңа білім игеруге ешқашан ерте де, кеш те емес. Заманауи білім беру бағдарламалары мамандықты ауыстыруға, көзқарасты кеңейтуге, ойлау жүйесін өзгертуге, тіпті өмірді жаңа парақтан бастауға мүмкіндік береді. Әсіресе, мұндай мүмкіндік IT саласында ерекше сұранысқа ие. Соның айқын мысалы – Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Astana Hub бірлесіп іске асырып отырған Tech Orda бағдарламасы.

Бағдарлама аясында әрбір студентке еліміздегі жеке IT-мектептерде оқу үшін 500 мың теңгеге дейінгі грант беріледі. Бұл жай ғана қолдау емес, болашағы зор салада кәсіби мансап құру үшін нақты мүмкіндік. Бүгін біз Tech Orda бағдарламасына қатысып, өмірін түбегейлі өзгерткен қазақстандықтардың оқиғаларын ұсынамыз.
Аруна Сабыр саясаттанушы мамандығы бойынша білім алған, мемлекеттік басқару саласында магистратураны тәмамдап, бірнеше жыл университетте қызмет еткен. Дегенмен, IT саласын меңгеруге деген ықыласы бәрінен басым түскен.
«Бұған дейін түрлі онлайн-курстарға қатысып көрдім, бірақ көбін соңына дейін жеткізбейтінмін. Tech Orda бағдарламасы жүйелілігімен, менторлардың қолдауымен және грант арқылы оқу мүмкіндігімен баурап алды. Қазір менің өмірім түбегейлі өзгерді, backend PHP-әзірлеуші болып жұмыс істеймін. Бұл бағдарлама болмаса, мұндай қадамға барар ма едім, білмеймін», – дейді ол. Бүгінде Аруна Meteoro Ai компаниясында еңбек етіп, IT саласында сенімді мансап жолын жалғастырып келеді.
Алия Ракишева SDU-дың экономика мамандығы бойынша түлегі. Бұған дейін KPMG компаниясында салық кеңесшісі болып істеген. Кейін Data Science саласына бет бұруды шешіп, Tech Orda бағдарламасы жайлы естиді.
«Маған IT-мектептерді таңдау мүмкіндігі мен оқу ақысының толықтай грант есебінен жабылатыны ұнады. Data Science бойынша білімімді нығайтып, оны нақты тәжірибеде қолдануды қаладым. Ең пайдалысы – қарапайым деректерді түсінікті метрикаға және бизнеске қажетті ұсыныстарға айналдыруды үйрендім», – деп атап өтті Алия.
Бағдарлама барысында ол командалық жобаларға қатысып, топпен жұмыс істеу бойынша тәжірибе жинады. Бағдарламаны аяқтаған соң, Алия Freedom Insurance компаниясына Junior Data Scientist ретінде жұмысқа орналасты.
Баяшат Токмухамет KBTU-дың 4-курс студенті болып жүріп, Tech Orda жайлы достарынан естиді. Оның айтуынша, бағдарламаның басты артықшылығы тегін оқу мүмкіндігі.
«IT-мектептегі орта бізді әрдайым ынталандырып отырды. Алты айдың соңында EPAM компаниясындағы тәжірибеге дайындала бастадым, көп ұзамай халықаралық жобаға тағылымдамадан өтуге қабылдандым. Бұл бағдарлама тек білім беріп қана қойған жоқ, жаңа достар сыйлады, ортамды кеңейтті», – дейді ол. Қазір Баяшат EPAM Solutions компаниясында Junior Software Engineer қызметін атқарады. Оның GitHub платформасында shanyrak.kz пен Fox Paper жобалары бар.
Аруна, Алия және Баяшаттың оқиғалары Tech Orda бағдарламасының көмегімен жаңа өмір бастаған жүздеген түлектің қол жеткізген жетістігінің бір бөлігі ғана. Бағдарлама қазақстандықтарға жаңа мамандық меңгеріп, сұранысқа ие жұмыс табуға, IT саласында дамуға жол ашып отыр.
Айта кетерлігі, Tech Orda 2025 бағдарламасына өтінім қабылдау 3 қыркүйекке дейін Astana Hub платформасында жалғасады. Қосымша ақпаратты 1818 нөмірі арқылы алуға болады.
Пікірлер 1
Кіру пікір қалдыру үшін
БЕРИК АККОЗОВ · Там. 28, 2025 01:17
Эмоджи можно оставить с ноутбука?