Костанайлық оқушылар халықаралық жобаның іріктеу турында бақ сынады

4 қазан Qostanai IT-Hub алаңында Beginit Central Asia by inDrive халықаралық жобасының іріктеу кезеңі өтті. Бағдарлама Қазақстанда әлеуметтік көшбасшылардың жаңа буынын тәрбиелеп, талантты балаларды қолдауға бағытталған. Beginit жобасы қатысушыларға оқу жылы барысында әлеуметтік көшбасшы дағдыларын үйретіп, туған өлкелерінің мәселелерін шешуді көздейтін бастамаларды жүзеге асыруға септігін тигізеді.


Айта кетсек, биылғы маусымда әлеуметтік білім беру бағдарламасы Қазақстанның 10 облысын қамтиды. Бағдарлама 10-сынып оқушыларының көшбасшылық қабілеттерін дамытып, идеяларын нақты жобаларға айналдыруға ықпал етіп, жаңа көкжиектер ашады.

Іс-шараға Қостанай облысының түкпір-түкпірінен келген 130-ға жуық оқушы, олардың ата-аналары мен мұғалімдері, өткен маусымның қатысушылары мен жүлдегерлері, сондай-ақ Qostanai Hub өңірлік менеджері Дамир Мнайдаров пен Beginit Central Asia by inDrive жобасының координаторы Самат Саяқов қатысты.

Баспасөз-конференциясы барысында жоба координаторы Самат Саяқов: «Beginit Central Asia by inDrive бағдарламасы 10-сынып оқушыларына бағытталған. Бағдарламаның басты мақсаты – Қазақстан бойынша мықты әлеуметтік көшбасшыларды тауып, оларға қажетті дағдыларды үйрету. Мұндағы міндетіміз балаларға зерттеу жүргізуді үйретіп, маңызды жобаларды іске асыруға баулу. Әр баламен жеке жұмыс істеп, менторлық қолдау көрсетеміз. Былтыр балалар үй мен мектеп арасындағы жаяу жүргінші жолын зерттеп, оны жақсарту бойынша зерттеу жүргізіп, жарқын жобаны іске асырды. Айта кетейін, 2023 жылы Қостанай өңірінен 10-нан астам оқушы финалға дейін жетті. Біз оқушыларға әлеуметтік көшбасшы дағдыларын үйретіп қана қоймай, материалдық мүмкіндіктер ұсынамыз. Яғни, бағдарламаға қатысу арқылы оқушылар жан жақты дамиды. Бағдарламаның барлық кезеңін жақсы өтіп, үздік атанған финалистері inVision U университетінің Foundation Year бағдарламасына шақырылып, шетелде оқыту қарастырылған сапар гранттарын, ҰБТ-ға дайындық курстары мен ноутбуктерді ұтып ала алады», – деді.

Іріктеу барысында оқушылар өздерінің лидерлік әлеуетін анықтауға бағытталған түрлі тапсырмаларды орындап, әлеуметтік көшбасшының рөлі мен осы дағдыны дамытудың маңызын білді. Әлеуметтік жобаға арқау болатын идеяларды талқылап, өзекті мәселелерді шешу жолдары жайлы көзқарастарын ортаға салды. Сонымен қатар қатысушылар арнайы тест тапсырмаларын орындады. Оның қорытындысы бойынша, үздіктер келесі кезеңге жолдама алады.

Іріктеуден сүрінбей өткен оқушылар әлеуметтік көшбасшы қағидаларын игеріп, қоғам өміріне белсенді араласудың мән-маңызын түсіндіретін білім беру модуліне көшеді. Мұнда қатысушылар өз қалалары мен ауылдарындағы өмір сүру жағдайларын жақсартуға бағытталған жобаларды ұсынады. Сондай-ақ осы жобаның бас серіктесі – Astana Hub-тың өңірлік өкілдіктерінің инновациялық орталықтарында тәжірибе жинау мүмкіндігіне ие болады.

«Beginit жобасы өңірімізде 2 жыл қатарынан өткізіліп жатыр, бүгінде оқушылар арасында қызығушылықтың артып келе жатқанын көріп отырмыз. Былтыр іріктеуге 120-ға жуық қостанайлық оқушы қатысты. Мұндай іс-шараның өңірімізде өтіп жатқанына қуаныштымыз. Біз Qostanai Hub-ты белсенді дамытып жатырмыз: өткен жылдың желтоқсан айынан бастап 1600 адамның қатысуымен 80-нен астам іс-шара өткіздік. Қазір алаңымызда GameDev орталығы жұмыс істеп тұр, мұнда 50 адам геймдев бойынша білім алып жатыр. 5 айдан кейін олар junior әзірлеуші атанады. Бұдан бөлек Samsung Innovation Campus-та 40 студент Python және Java сияқты бағдарламалау тілдерін тегін үйренуде. Біз іс-шаралар өткізіп қана қоймай, жергілікті IT мен стартап-комьюнитидің басын қосып, дамытып жатырмыз», - деді Дамир Мнайдаров, Qostanai Hub өңірлік менеджері.

Beginit Central Asia by inDrive әлеуметтік білім беру бағдарламасы мектеп оқушыларына жас әлеуметтік көшбасшылар қауымдастығының бір бөлігі болып, жеке бастамаларды жүзеге асыруға ықпал ететін дағдыларды дамытуға мүмкіндік береді.

Пікірлер 1

Кіру пікір қалдыру үшін

👌👌👍👍

Жауап беру