Digital Almaty Awards сыйлығының жеңімпаздары анықталды

6-February-2020 | 38 views

Отандық ІТ-кәсіпкерліктің дамуына жыл сайынғы марапаттау  - «Digital Almaty Awards» рәсімі «Цифрлық Алматы: жаһандық экономиканың цифрлық болашағы» халықаралық форумы аясында өтті. 

Сыйлық мақсаты-отандық IT-кәсіпкерлікті дамытуды марапаттау және Қазақстанда цифрландырудың дамуына әсер ететін үздік тәжірибелер мен шешімдерді анықтау.

Үздіктерді анықтау үшін, қазылар алқасы 6 номинация бойынша 120-дан астам жобаны қарап шықты. Осы жылы марапатқа келесі компаниялар ие болды: Жылдың IT чемпионы - «Platonus» ЖШС, Қала үшін ең жақсы IT-шешім ретінде - «Астананы тұрақты дамыту орталығы» ЖШС, «Үздік стартап» жобасы - «Kid Security», «Мемлекеттік секторда ең үздік ІТ- жоба» - «Әкімшілік іс жүргізудің бірыңғай тізілімі» (Бас прокуратура), «Big Data  саласындағы үздік компания» - «Бірінші несиелік бюро» ЖШС, «IT саласындағы жыл әйелі» - Наталья Киль, «DAMU» ақпараттық технологиялар орталығының бас директоры. 

Сыйлықтарды форумның құрметті қонақтары - ЕАЭО елдерінің Премьер-министрлері мен делегация басшылары табыс етті. Форум ұйымдастырушылары хабарлағандай, Digital Almaty Awards сыйлығы елдің ІТ-нарығын және мемлекеттік органдарды "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын маңызды нәтижелерге ынталандыруға арналған.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін Алматыда "Digital Almaty: жаһандық экономиканың цифрлық болашағы" атты Халықаралық форумы өтуде. Осы жылы форумға ЕАЭО үкіметтерінің басшылары, ақпараттық технологиялар саласындағы халықаралық сарапшылар, сондай-ақ IT-мамандар мен техникалық кәсіпкерлер қатысуда.

Digital Almaty басты күн тәртібі-үлкен деректер мен жасанды интеллект негізінде аймақтың тұрақты дамуын құру жолдарын талқылау болып табылады.

Форумды ұйымдастырушылар - Қазақстан Республикасының цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, сонымен қатар «Қазақтелеком» АҚ бас серіктесі және Алматы қаласы әкімдігі.


Comments