Технологиялар мен стартаптар саласындағы әлемдегі ең ірі GITEX форумы алғаш рет Қазақстанда өтеді

GITEX Central Asia & Caucasus x Ai Everything Kazakhstan атты форум 2026 жылдың 2-4 маусымында Астанада өтеді. Іс-шараны ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Astana Hub-пен серіктестікте ұйымдастырады. GITEX Central Asia & Caucasus x Ai Everything Kazakhstan дәстүрлі іс-шараға айналады. Форумды өткізу жаһандық GITEX қаражаты есебінен жүзеге асырылады.


Орталық Азия мен Кавказ — әлемдегі ең жылдам дамып келе жатқан цифрлық өңірлердің біріне айналып жатыр. Дүниежүзілік банктің бағалауынша, 2025–2026 жылдары өңір елдерінің ЖІӨ-сі шамамен 4,7%-ға өседі. Былтыр венчурлік қаржыландыру аймақта күрт артып, 95 миллион АҚШ долларына жетті. Тек IT-қызметтер нарығының өзі 2029 жылға қарай 5,6 миллиард АҚШ долларына дейін өседі деп күтіліп отыр. 

Осы үрдіс аясында өңірде талантты әзірлеушілер мен IT-мамандардың жаңа буыны қалыптасып келеді, ал өңір елдерінің үкіметтері цифрландыруға мемлекеттік қызметтерден бастап қаржы мен энергетика сынды маңызды салаларға дейін жаңа серпін беріп отыр. Мұның бәрі өңірді жаһандық инновациялық күн тәртібінде алдыңғы қатарға шығаруда.

Осы цифрлық дамудың тартылыс нүктесіне айналған ел — Қазақстан. Мұнда Орталық Азиядағы ең ірі гипермасштабты деректер орталығы орналасқан, мемлекеттік қызметтердің 90%-ы цифрланған, сондай-ақ аlem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы секілді флагмандық халықаралық жобалар іске қосылған. Осы ретте, Қазақстан  әлемдегі ең ірі технологиялық және стартап-іс-шара — GITEX Central Asia & Caucasus x Ai Everything Kazakhstan форумын өткізуді қабылдайды. Бұл туралы Берлинде өткен GITEX EUROPE x Ai Everything көрмесінің бірінші күнінде ресми жарияланды.

GITEX Central Asia & Caucasus x Ai Everything Kazakhstan көрмесін әлемдегі ең ауқымды стартап-қауымдастық KAOUN International компаниясымен бірге ұйымдастырылады. Бұл іс-шара Орталық Азия мен Кавказдағы жасанды интеллект, деректер орталықтары, киберқауіпсіздік, бұлтты шешімдер, FinTech, стартаптар және deep-tech салаларында тәжірибе алмасу мен инвестиция тартуға арналған ең ірі алаңға айналады.

Қазақстан GITEX жаһандық маршрутының тоғызыншы нүктесіне айналды. Форум бұған дейін Берлин, Марокко, Нигерия, Сингапур, Таиланд, Абу-Даби, Дубай және Вьетнамда өтті. Бұл трансшекаралық, көпсалалы платформа инновациялық компанияларға жаһандық нарықтарға, инвестицияларға және таланттарға тікелей қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев:

«Бұл – Қазақстанның жаһандық цифрлық инновациялар орталығы болуға бағытталған жолындағы маңызды қадам. Жасанды интеллектіні интеграциялау, таланттарды дамыту, стартаптарды қолдау және халықаралық ынтымақтастық – бұлардың барлығы GITEX философиясымен үндес көзқарасымыз бен құндылықтарымызды көрсетеді. Бізді ортақ цифрлық мақсат пен технологиялық озық әрі гүлденген болашаққа деген ұмтылыс біріктіреді. Бұл әріптестік Қазақстан мен бүкіл өңір үшін зор мүмкіндіктерге жол ашады».

БАӘ инвестициялар жөніндегі вице-министрі Мұхаммед Альхауи:

«Цифрлық бәсекеге қабілеттілік – БАӘ-нің басымдық беретін стратегиялық бағыттарының бірі. Екіжақты сауда серіктестіктері мен технологиялық ынтымақтастық – бұл саясаттың өзегі. CEPA шеңберіндегі келісімдер мен ЕАЭО-мен цифрлық диалогтың жеделдеуі осы ұстанымның дәлелі. Астанада жасанды интеллект пен дата-орталықтарға инвестициялар бойынша қол қойылған келісім – ашылып жатқан мүмкіндіктердің ауқымын нақты көрсетеді. Қазақстанда GITEX Central Asia & Caucasus көрмесінің іске қосылуы – инновацияларға негізделген, инфрақұрылыммен күшейтілген және жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, деректер мен стартаптар салаларындағы шексіз әлеуетпен алға жетелейтін өңірлік альянстың қалыптасуындағы маңызды кезең».

KAOUN International компаниясының бас директоры және GITEX жаһандық ұйымдастырушысы Dubai World Trade Centre-дің атқарушы вице-президенті Трикси Ло Мирманд:

«Central Asia & Caucasus өңірі ресурстар дәуірінен инновациялар мен жасанды интеллект басымдық алатын дәуірге көшіп жатыр. Қазақстан бұл үдерісте алдыңғы қатарда келе жатыр және өңірлік цифрлық бірлестікті қайта қалыптастыру стратегиясы арқылы көшбасшылықты қолға алуда. Астанада GITEX өткізу осы өршіл бағытты жаһандық капитал, код және таланттар желісімен тікелей байланыстырады. Прогрессивті саясат, инфрақұрылымды жедел жаңғырту және ұлттық цифрлық жобалардың легі – әлемдік технология қауымдастығына GITEX Central Asia & Caucasus алаңында танысуға мүмкіндік беретін тарихи сәтті қалыптастырып отыр».

Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев өз сөзінде:

«GITEX – бүкіл әлемде технологиялық индустрия өкілдерін біріктіретін, цифрлық алшақтықты азайтатын, серіктестікті нығайтатын және маңызды цифрлық салаларда ынтымақтастыққа шабыттандыратын платформа ретінде танымал. GITEX 2026 жылдан бастап Қазақстанда ресми түрде өткізілетініне қуаныштымыз. Қазірдің өзінде серіктестермен бірге бұл жаһандық тех-шоудың қазақстандық нұсқасын жоғары жетістіктердің синониміне айналдыру үшін күш біріктірдік. Бұл іс-шара еліміздің цифрлық экономикасын онжылдықтар бойы ілгерілететін басты катализатор болады деп сенеміз».

Орталық Азиядағы технологиялық дамудың катализаторы

GITEX Central Asia & Caucasus x Ai Everything Kazakhstan жасанды интеллект саласының көшбасшыларын, деректер орталықтарының сәулетшілерін, киберқауіпсіздік мамандарын, FinTech жаңашылдарын және өңірдегі ең перспективалы стартаптарды біріктіреді. Олар жаңа даму серпінін қамтамасыз ететін технологияларды әзірлеу және енгізу үшін бас қосады. Қатысушылар GITEX-тің жаһандық желісіне, яғни инвесторлардан бастап стартаптар мен мемлекеттік реттеушілерге және бизнес өкілдеріне дейін тікелей қол жеткізеді. Бұл көрмеде ұсынылған идеялардың нақты пилоттық жобалар мен масштабталатын шешімдерге жедел көшуіне септігін тигізеді. 

Қазақстан цифрлық серпіліс жолында

Қазақстан Үкіметі 2026 жылға дейін барлық мемлекеттік қызметті онлайн форматқа көшіруді және өнеркәсіптік-қаржылық операциялардың 70%-ын автоматтандыруды жоспарлап отыр. Бүгінде Қазақстан БҰҰ-ның онлайн-қызметтер рейтингінде үздік ондыққа енген, ал Жасанды интеллект енгізуге дайындық индексі бойынша Орталық Азияда 1-орында тұр. Елдегі венчурлік инвестициялар көлемі 71 миллион долларға жетті, ал Астанадағы alem.ai орталығы 2029 жылға дейін жасанды интеллект өнімдерінің экспортын 5 миллиард долларға дейін ұлғайтуды көздеп отыр. Бұл — технологияларды импорттаудан олардың ауқымды экспортына көшу кезеңі.

БАӘ-мен стратегиялық әріптестікті дамыту

GITEX Астана мен Абу-Даби арасындағы инновациялық дәлізді нығайтады. Биыл БАӘ инвестициялар министрі Қазақстанға сапармен келіп, жасанды интеллект және деректер орталықтары бойынша стратегиялық келісімге қол қойды. Бұдан кейін Абу-Дабиден келген Presight компаниясы Орталық Азиядағы алғашқы кеңсесін Астанада ашып, өңірдің ЖИ әлеуетін арттыруға кірісті. Бұл бастамалар БАӘ мен ЕАЭО арасындағы жан-жақты экономикалық әріптестік туралы келіссөздермен қатар жүзеге асуда.

GITEX Central Asia & Caucasus x Ai Everything Kazakhstan осы жоғары деңгейдегі келісімдерді нақты бірлескен жобаларға айналдырады. Ол Парсы шығанағы елдерінің капиталы мен тәжірибесін Орталық Азия инженерлік әлеуетімен біріктіре отырып, цифрлық өсімнің жаңа қозғалтқышын қалыптастырады.

Дереккөз: ҚР ЦДИАӨМ

Фото: GITEX

Пікірлер 0

Кіру пікір қалдыру үшін