PIZZA PITCH October’22: балаларға арналған стартап жеңді

Astana Hub ІТ-стартаптар технопаркінде кезекті Pizza Pich – стартаптар мен инвесторларға, венчурлық қорлар мен бизнес-періштелер, сондай-ақ технологиялық кәсіпкерлікке қызығатындарға арналған ай сайынғы іс-шара өтті.


Қатысушылар идея кезеңіндегі және дайын IT-стартап деңгейіндегі жобаларын таныстырды: Ivizor – ел трендтеріне бейімделген интуитивті интерфейсі бар криптоәмиян; IPPRO - Instagram, WhatsApp-та сауда жасауға арналған интернет-дүкен; Eventter - жергілікті іс-шараларға арналған платформа; Courstore – мессенджерлер арқылы оқыту және сату функциясы бар онлайн курс; OILA.app – балаларды дамытуға арналған қосымша; Blockchain university – блокчейнді дамыту бойынша 0-ден Junior деңгейіне дейін оқыту бағдарламасы; Speech lab - сөйлеуді танып, синтездейтін сөйлеу технологиясын жасаушы.

Стартаптарды осы саланың сарапшылары - Vardix Group бас директоры және продюсері Владимир Баринов, BI Group GR цифрландыру жөніндегі директоры Ринад Ермеков, The Edinorog telegram арнасының авторы Дмитрий Филонов бағалады. Кездесуге қатысқандардың жобасына кәсіби баға, стартапты одан әрі дамыту бойынша кеңестер мен практикалық ұсыныстар берілді.

«Мен де сіздердей болғанмын, сондықтан өз тәжірибеме сүйеніп айтарым: ең бастысы – 30 секундта идея өзегі мен басты ақпаратты беріп үлгеру қажет. Лифтте бара жатқандай сырғып өте шығатын сәт... Әрбір жоба бойынша ескертуім бар, бірақ жалпы идеялар керемет. Біздің нарық орасан зор, экономика серпінді дамып жатыр, даму мүмкіндігіміз жоғары, сондықтан алға ұмтылыңдар, жастар», - деді Pizza Pich сарапшысы Ринад Ермеков.

Қазылар алқасының ортақ шешімімен балаларға арналған OILA.app қосымшасы PIZZA PITCH October’22 жеңімпазы боп танылды. Екінші орынға Eventter, үшінші орынға Courstore жобасы ие болды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер іс-шара серіктесі Kazakhteleсom Business бағалы сыйлықтарымен марапатталды.

«Біз 5 жастан 8 жасқа дейінгі балаларға арналған білім беру қосымшасын жасап жатырмыз. Әрине, біз алдағы уақытта инвестиция тартуды көздеп отырмыз, бірақ бұл белгілі бір процесс, оны үйреніп, тіпті меңгеру қажет, сондықтан біз осында келдік. Біз Pizza Pich-ке алғаш рет қатысып отырмыз, мұнда IT саласындағы адамдармен және сарапшылармен кездестік, кері байланыс алдық», - деді OILA.app стартапының авторы Бағлан Аязбаев.

Айта кету керек, Қазақстандағы Yandex Cloud компаниясы іс-шараның барлық қатысушысына Yandex Cloud  платформасын пайдалану үшін 300 000 теңге көлемінде грант берді. Іс-шараның серіктестері SF және RedBull қатысушылар мен көрермендерге дәмді пицца және энергетикалық сусындар таратты. Сондай-ақ Сamix Technologies компаниясы Astana Hub youtube арнасында 3D форматында тікелей көрсетілім ұйымдастырды https://www.youtube.com/watch?v=G4nOqES-cjI.

Еске салсақ, Pizza Pitch – бұл стартаптар бағын сынап, көрермендер алдында сөз сөйлеп жаттығатын бейресми алаң. Әрбір қатысушыға таныстырылым үшін небәрі 3 минут беріледі. Сосын тоқтату дабылынан кейін сарапшылар әр стартапқа өз бағасын береді.

Пікірлер 0

Кіру пікір қалдыру үшін