Цифрлық болашаққа қадам: Қазақстан Тәжікстанға IT саласындағы тәжірибесін ұсынды
Astana Hub халықаралық технопаркінің Tech Orda бағдарламасы аясында Тәжікстан Республикасының 100 азаматы ақпараттық технологиялар бойынша кәсіби білім алды. Бағдарлама IT саласындағы негізгі дағдыларды үйретуге бағытталып, Қазақстандағы 6 аккредиттелген IT-мектепте жүзеге асырылды.

Курс веб-дамыту, киберқауіпсіздік, Python, FullStack-дамыту, C# және Data Science сияқты сұранысқа ие бағыттарды қамтыды. Қатысушылар алған білімдері мен тәжірибелері арқылы цифрлық экономикада мансап жолын бастауға нақты мүмкіндік алды.
«Тәжікстан азаматтарының Tech Orda бағдарламасы аясында Қазақстанда білім алуы – еліміздің өңірлік деңгейде цифрлық білім мен дағдыларды дамытуға қосып жатқан нақты үлесінің айғағы. 2021 жылдан бері бағдарлама арқылы 9 мыңнан астам грант берілді, ал 2024 жылы бағдарламаға 35 мыңнан аса өтініш түсті. Бұл сапалы IT-білімге деген сұраныстың артып келе жатқанын көрсетеді. Мұндай бастамалар жастардың кәсіби көкжиегін кеңейтіп, технология мен инновация саласындағы халықаралық әріптестікті тереңдетуге жол ашады», – деді Astana Hub басқарушы директоры Әзиз Тілеумұратов.
Бағдарламаға қатысқан мектептердің бірі – nFactorial School. Мұнда Тәжікстаннан келген 17 студент тоғыз ай бойы білім алды. Оқу бағдарламасы екі негізгі модульден тұрды: Java тіліндегі бағдарламалаудың негіздері және React кітапханасы арқылы JavaScript тілінде веб-дамыту. Оқу процесі алдын ала дайындалған материалдарды өз бетінше меңгеру, менторлармен тұрақты онлайн-сабақтар және практикалық тапсырмаларды орындау арқылы жүзеге асты.
«Оқу үдерісінің қарқынды және күрделі болғанына қарамастан, студенттер жоғары қызығушылық танытты. Курс соңына қарай олар екі бағдарламалау тілінде еркін код жаза алатын дәрежеге жетіп, бұл саланы шынымен де меңгеруге болатын, нақты мамандық екеніне көздері жетті. Бұл бағдарлама өзіміз үшін де маңызды тәжірибе болды – халықаралық аудиториямен жұмыс істеу тәсілдерімізді жетілдіруге мүмкіндік беріп, әдістемеміздің Қазақстаннан тыс жерде де тиімді екенін көрсетті», – деді nFactorial School бағдарлама менеджері Ұлжан Аменова.
Сонымен қатар оқу QWANT LIMITED, Outpere, MENTORY EDUCATION LIMITED, JustCode және Cyberlabs секілді қазақстандық IT-мектептерде өтті.
Айта кетейік, Tech Orda – Қазақстанда IT-білімді дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарлама. Оның аясында әрбір студентке 600 000 теңгеге дейін грант беріледі. Бағдарлама 18 бен 45 жас аралығындағы Қазақстан азаматтарына арналған және ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қолдауымен іске асырылады.
Пікірлер 0
Кіру пікір қалдыру үшін