Мемлекеттік органдардың ІТ-ландшафтын зерттеу нәтижесі қоғам назарына ұсынылды
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігінің тапсырмасымен 26 мемлекеттік органда, 17 жергілікті атқарушы орган мен квазимемлекеттік сектордың 22 субъектісінде зерттеу жүргізіліп, нәтижесінде елімізде 572 ақпараттық жүйе бар екендігі анықталды.
Сондай-ақ бірқатар үдерістер әлі де автоматтандырылмағаны, ал ақпараттық базалардың 50 пайызында қайталау функциялары бар екендігі белгілі болды. Зерттеу қорытындысына сәйкес қажетсіз 178 ақпараттық жүйенің тізімі жасалды, соның ішінде мемлекеттік органдарда – 107, жергілікті атқарушы органдарда – 71.
«Электрондық үкіметтің» ақпараттандыру объектілері мен ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды зерттеу жұмысының қорытындысын қоғам назарына ұсыну мақсатында арнайы іс-шара ұйымдастырылды. Зерттеу жұмыстарын «Зерде» ұлттық инфокоммуникация холдингі мен «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ жүргізген болатын.
Бағдат Мусин министрліктің тапсырмасымен жүргізілген зерттеу жұмыстарына мемлекеттік қаржы бөлінгендіктен, оның нәтижесі де күллі қоғам үшін, әсіресе сарапшылар қауымы мен ІТ-нарық үшін ашық және жариялы болуы тиіс екенін атап өтті.
«Зерттеу қорытындысына сүйене отырып, ІТ-нарықпен тығыз қарым-қатынас орнату және цифрлық трансформацияның бағытын айқындап алу қажет. Цифрлық трансформация – бұл технологиялық процестерді оңтайландыру ғана емес, сондай-ақ мемлекеттік қызметкерлердің ойлау жүйесін де өзгерту. Биыл ЦДИАӨМ екі мың мемлекеттік қызметкерді цифрлық курстан өткізуді жоспарлап отыр», - деді ол.
«ҰАТ» АҚ басқарма төрағасы Ростислав Коняшкин Қазақстанның электрондық үкімет технологиясы мен инфрақұрылымын зерттеу жұмыстары қалай жүргізілгенін баяндады. Бұл орайда мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесіндегі деректер базасына, бірыңғай көлік ортасының телекоммуникациялық инфрақұрылымына, ҚР мемлекеттік қызметтерін көрсету процесіне, сондай-ақ ҚР мекемелеріндегі киберқауіпсіздік жағдайына талдау жасалған.
Мәселен, қазіргі таңда мемлекеттік орган жүйелеріндегі деректердің сапасыз екендігі белгілі, сараптама негізінде осы проблеманың басты себептері айқындалды. Мысалы, бір нысан туралы дерек әр жерде әртүрлі енгізілген, яғни бір базада қысқартылып, енді бір базада толық атауы жазылған (тұрғылықты жері, тіркелген мекенжайы және т.б.).
Сонымен қатар 32 мемлекеттік органның 128 деректер базасындағы метадеректерге талдау жасалып, ақпараттық жүйелердегі 1 миллионға жуық жол мен 80 мың таблица зерделенді.
Жұмыс нәтижесінде мемлекеттік органдардағы деректер базасы жинақталып, нақты саны анықталып қана қойған жоқ, сондай-ақ бір жүйеге келтіріліп, метадеректерді басқару үшін мемлекеттік мәліметтердің дата-каталогы толтырылды.
Зерттеудің барлық бағыттары бойынша жасалған қорытындылар мен ұсыныстар платформалық үлгіге көшу кезінде электрондық үкімет жүйесін жаңғыртуға мүмкіндік береді.
Айта кету керек, зерттеу жұмыстарына консалтинг компаниялары, қазақстандық ІТ-сарапшылар мен нарық өкілдері тартылды. Сондай-ақ зерттеудің егжей-тегжейлі есебі биыл ақпанның аяғына дейін "Зерде" ҰИХ мен "ҰАТ" АҚ-ның ресми ресурстарында жарияланады.
Пікірлер 0
Кіру пікір қалдыру үшін