Astana Hub 2024 жылды қорытындылады: рекордтық жетістіктер мен болашақ жоспарлар
Орталық Азиядағы ең ірі технопарк Astana Hub 2024 жылды сәтті аяқтап, барлық негізгі көрсеткіш бойынша айтарлықтай өсім көрсетті. Жыл бойы технопарк резиденттері $177 миллионнан астам инвестиция тартып, IT-қызметтер экспортын $481,5 миллионға дейін арттырды және жалпы кірісі $1,3 миллиардқа жетті. IT-салада құрылған жұмыс орындарының саны 28 000-нан асты, бұл тұрақты өсім мен ел экономикасына қосылған елеулі үлесті айқындайды.
Astana Hub IT-бизнес экожүйесін дамытуға ықпал етіп, стартаптарға олардың барлық даму кезеңдерінде қолдау көрсетеді. 2024 жылы қатысушылар қатарына 500-ден астам компания қосылып, технопаркке тіркелген IT-компаниялардың жалпы саны 1600-ге жетті, оның ішінде 425-тен астамы шетелдіктердің қатысуымен. CITIX, Hero’sJourney, Higgsfield AI сынды компаниялар ірі инвестициялар тартса, Arlan Biotech, GoDays, Zypl.ai, CerebraAI, CodiPlay, ApartX, Biometric, Parqour, Grand Mobile, Kwaka, Beksar, Alaqan, ZebraEye сияқты болашағы зор стартаптар халықаралық нарықтарды сәтті бағындырып, ауқымын кеңейтуде.
«IT-сала экономиканың басқа салаларымен салыстырғанда орасан зор өсім көрсетіп келеді. 2024 жылы инвестиция 40%-ға, IT-қызметтер экспорты 52%-ға, саланың жалпы табысы 48%-ға өсті, ал жұмыс орындарының саны 12%-ға артты. Бұл жетістіктер, бір жағынан, мемлекеттік қолдаудың тиімді моделінің арқасында мүмкін болып отыр. Басымдық адам капиталын дамытуға қойылды. Соңғы 5 жылда мемлекет Astana Hub-қа 15 млрд теңгеге жуық қаражат салды, ал оның қайтарымы ретінде IT-саласынан 1,5 триллион теңге табыс пен 1,1 млрд доллар таза экспорттық кіріс алды. Минималды салыммен IT-сектор үлкен серпіліс жасап, Қазақстан экономикасына мультипликативті әсер етуде», — деді Мағжан Мәдиев, Astana Hub бас директоры.
2024 жылы Astana Hub негізгі акселерациялық бағдарламаларын табысты жалғастырып, стартаптарға әлемдік нарықтарға шығуға және инвесторлар тартуға көбірек мүмкіндік берді: Google for Startups-пен әріптестікте құрылған Silkway Accelerator жобалардың дамуын жеделдетіп, жаңа нарықтарға жол ашты; Draper University-мен серіктестікте жүзеге асырылған Hero Training стартаптарға Кремний алқабын бағындыруға мүмкіндік берді; Scalerator бағдарламасы қазақстандық стартаптардың Оңтүстік-Шығыс Азия және MENA нарықтарына шығуына септігін тигізді. Бұл бағдарламалар шеңберінде былтыр 49 стартап халықаралық нарықтарға масштабталып, қазақстандық IT-компаниялардың бәсекеге қабілеттілігі мен жаһандық аренадағы позицияларын нығайтуға дайын екендерін растады.
2024 жылы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің, Дүниежүзілік банктің және FPIP жобасының қолдауымен іске қосылған AlchemistX және Silicon Valley Residency Program акселерациялық бағдарламалары қазақстандық IT-компаниялардың экспорттық әлеуетін арттыра түсті. Осы бағдарламалар аясында Орталық Еуразиядан шыққан 22 стартап Кремний алқабында табысқа жетіп, $1,4 миллион инвестиция тартты.
Global Outsourcer бағдарламасының қатысушылары да жақсы нәтижелер көрсетті: үш ай ішінде АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Канада және БАӘ-ны қоса алғанда, 24 елдің клиенттерімен жалпы құны $355 мың болатын 98 экспорттық келісімшарт жасалды. Ал 2023 жылы бұл көрсеткіш $158 мыңнан асатын сомадағы 69 келісімшартпен аяқталған еді.
2024 жылы жергілікті стартаптарды қолдау және дамыту үшін жаңа Astana Hub Ventures қоры іске қосылды. $10 млндық қор Қазақстан стартаптарына ғана емес, Орталық Азия мен шетелдік жобаларға да инвестиция құюға бағытталған. Айта кетейік, Astana Hub бағдарламаларының түлектеріне ерекше ден қойылады.
Президент тапсырмасына сәйкес, 2024 жылы шетелдік мамандар мен компанияларға электронды виза мен ықтиярхат алудың ыңғайлы жүйесін қамтамасыз ететін Digital Nomad Visa мен Digital Nomad Residency бағдарламалары іске қосылды. Бұл бастамалар өңірлік дамуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықаралық тәжірибемен алмасуға ықпал етеді. Қазіргі таңда Astana Hub-та Playrix, TikTok, inDrive, EPAM, Glovo, Presight.ai сияқты ірі халықаралық компаниялардың кеңселері орналасқан. Сондай-ақ былтыр инфрақұрылым Яндекс, Telegram, Higgsfield, Naimi.kz, Funtyx Games және нарықтың басқа да ірі ойыншыларымен толықты.
2024 жылы Орталық Азияның ірі технопарктері – Astana Hub пен IT Park Uzbekistan стартап экожүйесін дамыту және инновациялық әлеуетті жаһандық аренада ілгерілету үшін Central Asian Innovation Hubs бренді аясында күш біріктірді. Ынтымақтастық шеңберінде Қазақстан мен Өзбекстанның 39 стартабы INMerge Innovation Summit (Баку), Web Summit 2024 (Лиссабон) және TechCrunch Disrupt 2024 (Сан-Франциско) сияқты ірі халықаралық технологиялық іс-шараларда қатысушылар назарына ұсынылды.
Astana Hub Қазақстан өңірлерінде де IT-экожүйені белсенді дамытып келеді. 2024 жылы еліміздің 6 өңірінде IT-хабтар ашылып, бүгінде технопарктің басқаруында 18 облыстық орталық жұмыс істейді. Qostanai Hub және Kyzylorda Hub базасында GameDev-орталықтары іске қосылып, ойын индустриясын дамытуға үлес қосуда. Өңірлерде 450 стартап-идея әзірленіп, 186 IT-компания Astana Hub технологиялық экожүйесінің бір бөлігіне айналды, бұл Қазақстанның IT-секторының қарқынды өсуіне серпін беруде.
2024 жылы Astana Hub Қазақстанда жасанды интеллектті (ЖИ) дамытуға бағытталған ауқымды AI Movement бастамасын іске қосты. Бұл бастама «Нұр-Әлем» базасында Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығын құруға арқау болды. Аталған орталықтың 2025 жылы ашылатынын Мемлекет басшысы ресми түрде жариялады.
AI Movement бастамасы аясында AI’preneurs атты бірегей акселератор іске қосылып, 50 талантты маман 21 стартап әзірледі. Олардың ішінде 9 жоба акселерацияны сәтті аяқтаса, 7 команда Seed Money бағдарламасы арқылы қаржыландыру алды. Осылайша, былтыр Astana Hub Seed Money бағдарламасы аясында 40 жобаға қолдау көрсетті.
2024 жылдың қазан айында Қазақстанда алғашқы жасанды интеллект мектебі — Tomorrow School ашылды. Бұл мектеп студенттердің өзара тәжірибе алмасуына бағытталып, оларға бағдарламалауды нөлден бастап үйретуді көздейді. Бастама — тегін. AI Movement-тің басқа жобалары арасында AI Quest мобильді ойыны, Decentrathon 2.0 мультилокациялық хакатоны мен ЖИ-ді танымал етуге арналған аймақтық Roadshow бар. Білім беру бастамаларына AI People Bootcamp, «ЖИ негіздері: ChatGPT» онлайн-курстары мен мұғалімдердің біліктілігін арттыру жобалары кіреді. Бағдарлама аясында ЖИ-стартаптарға арналған деректер мен жобаларды қаржыландыру да ұсынылады. AI Movement қорытындылары 2025 жылғы Digital Almaty халықаралық форумында жарияланады.
2024 жылы Tech Orda бағдарламасына рекордтық көлемде — 35 764 өтінім түсті, бұл IT-мамандықтарына деген жоғары сұранысты айшықтайды. Нәтижесінде, 3 465 грант бөлінді, оның ішінде 2 465 негізгі лекке, 300 грант мектеп мұғалімдерінің біліктілігін арттыруға, ал 700 грант жоғары оқу орындарының оқытушыларына ұсынылды. IT-Aiel 2.0 жобасы аясында Қазақстанның барлық аймағынан 3084 әйел No-code бағдарламалауды, фриланс негіздерін, электронды коммерцияны және басқа да сұранысқа ие дағдыларды тегін үйренуге мүмкіндік алды. Сонымен қатар былтыр шілде айында No Code, Low Code және Startup Academy бағдарламалары аясында 10-11-сыныптың 19 мыңнан астам оқушысын бағдарламалау негіздеріне үйрететін онлайн-платформа пилоттық режимде іске қосылды.
Astana Hub БҰҰ ESCAP Азия-Тынық мұхиты министрлік конференциясын ұйымдастырушылардың бірі болып, Қазақстанның цифрлық технологиялар саласындағы жетістіктерін Kazakhstan Tech Solution Day-де таныстырды. Конференция 2024 жылдың 3-5 қыркүйек аралығында елордада өтіп, 30 елдің 400-ден астам делегатының басын қосып, елдің инновациялық әлеуетін көрсететін маңызды алаңға айналды.
Қазақстан Республикасы экономикасының өсуі үшін технологиялық инновацияларды дамыту миссиясын берік ұстанған Astana Hub 2026 жылға дейін IT-қызметтер экспортын 1 миллиард долларға дейін арттыруды және 2027 жылға қарай Қазақстан «unicorn»-ын шығаруды жоспарлап отыр.
Пікірлер 4
Кіру пікір қалдыру үшін
Laura Meir · Ақп. 3, 2025 02:08
👏👏👏👍
Arman Zhalgasbayev · Ақп. 1, 2025 09:02
🦄🦄🦄
Жеңіс Қодирқұлов · Қаң. 31, 2025 14:27
👏🏻👏🏻👏🏻
Назым Т · Қаң. 31, 2025 09:35
👏🏻👏🏻👏🏻👏🏻