Astana Hub жергілікті ІТ-кәсіпкерлерге қарқынды оқыту курсын өткізді
ШАБЫТТАНДЫРУ, БІРІКТІРУ ЖӘНЕ ӨРКЕНДЕТУ — осындай ұранмен Astana Hub халықаралық ІТ-стартаптар технопаркі Қазақстанның жергілікті ІТ-кәсіпкерлерінің құзіреттілігін арттыру мақсатында арнайы курс өткізді.
Қарқынды курс 21-23 қыркүйекте Startup Ordа жобасы аясында өткізілді. Бұл жоба өз өңірінде технологиялық кәсіпкерлікті дамытуға мүдделі, әрі Astana Hub-тың жергілікті менеджері немесе амбассадоры ретіндегі тұлғалардың қауымдастығын қалыптастыруға бағытталған.
Талдықорған, Ақтау, Ақтөбе, Тараз, Қызылорда, Орал, Семей, Қостанай, Павлодар және Петропавл қалаларынан келген 10 алғыр комьюнити өз өңірлеріндегі жас кадрларға бағдар беру үшін ІТ-кәсіпкерлік жөніндегі трекер дағдыларына машықтанды. Айта кетсек, трекер - бұл стартапқа қолдау көрсетіп, міндеттерді орындауға көмектесіп, жобаның кемшіліктерін түзетіп, идеяны толыққанды бизнеске айналдыруға жөн сілтейтін маман.
“Біз аймақтардағы жастарды ІТ-мен айналысуға шабыттандырып, интернетің болса, бұл саланың айтарлықтай қиын еместігіне көздерін жеткізгіміз келеді. Біздің мақсатымыз - жеке бизнес ашу, соның ішінде ІТ-кәсіпкерлікті жандандыру арқылы өлкенің дамуына зор үлес қосып, сондай-ақ жастарға туған жерінен тапжылмау мүмкіндігін беру үшін мансаптық және қаржылық тұрғыда тиісті жағдай жасауды аңсайтын кісілерді біріктіру”, - деді Startup Orda жобасының менеджері Әлішер Өмірбаев.
Үш күн бойы қатысушылар жобаларды (стартаптарды) сәтті іске қосып, дамыту бағытындағы дағдылар қалыптастыру үшін үш күн бойы ІТ-кәсіпкерлік және Стартап мәдениеті тақырыбы бойынша мазмұнды интерактивті бағдарламадан өтті. Сонымен қатар олар Astana Hub инфрақұрылымымен, R&D тәжірибеханаларымен, ІТ алпауыттардың резиденттерімен және Технопарк бағдарламалары аясында білім алып жатқан мықты стартап-командалармен танысты.
“Түрлі өңірлерден жиналған осы 10 адамға “жергілікті сарапшы” деген мәртебе беріледі және болашақта жобаларды іріктеу және бағыттау жұмысын жүргізеді, сондықтан бүгінгі көрген-білгендерін пайдаға жарату аса маңызды, әрі қарай жергілікті менеджерлердің жұмысы қашықтан бақыланатын болады”, - деді Astana Hub сарапшысы және трекері Андрей Крюков.
Еске салсақ, Startup Orda бағдарламасы "Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс" ұлттық жобасын іске асыруға, сондай-ақ Мемлекет басшысы белгілеген 2025 жылға қарай кемінде 100 мың білікті IT-кадрлар даярлау, IT-саласына 500 млрд теңгеге дейін инвестиция тарту, АКТ қызметтерінің экспортын $500 млн. ұлғайту бойынша көрсеткіштерге қол жеткізуге бағытталған.
Пікірлер 0
Кіру пікір қалдыру үшін