Astana Hub ІТ-стартап жасағысы келетіндер үшін Startup Garage инкубациясын іске қосады

Astana Hub халықаралық технопаркі MCI идея немесе MVP өнімін жасау сатысындағы IT-жобаларға арналған Startup Garage инкубациялық бағдарламасына өтінім қабылдай бастады.


Startup Garage бағдарламасы тәжірибесіз стартапшыларға прототип және толыққанды өнім жасауға, сауда көзін тауып, сатылымды арттыруға, венчурлық инвесторлар мен бизнес-періштелер табуға көмектеседі.

«Статистикаға сәйкес, қолданушылар болмағандықтан, 10 стартаптың 9-ы дамымай қалады. Бұл инкубациялық бағдарламаның ерекшелігі сол, идеяның немесе жобаның өміршеңдігін бастапқы кезеңде-ақ анықтауға мүмкіндік береді, осылайша стартапшылар уақыты мен ресурстарын үнемдейді. Бірақ қалай болған күнде де олар өнімді жасау, тиімді ету және өткізу керектігі туралы үлкен білім мен тәжірибе алады. Жаңа трендтер мен технологиялар туралы біліп, сонымен қатар кәсіби қоғамдастықта пайдалы байланыстар орната алады», - деді Astana Hub басқарушы директоры Абай Әбсамет.

Қатысушылар IT-компанияларда үлкен тәжірибесі бар үздік трекерлермен жұмыс істейді. Олар әртүрлі гипотеза жасауға және басымдықтарды анықтауға көмектеседі, сондай-ақ қаржылық шығындарсыз клиент табу тәжірибесімен бөліседі. Сарапшылар мен лекторлар – табысты стартаптардың негізін салушылар, инвесторлар, ірі IT-ойыншылар табысты стартап құру және дамыту бойынша өз кеңестерін береді, бағдарламалық қамтамасыз ету, Edtech, Fintech, Medtech, B2B сату салаларында мамандандырылған қолдау көрсетеді.

Бағдарламадан өткендер Tech-стартапты іске қосу негіздері туралы толық мағлұмат алып, дайын өнімге және құрастырылған стратегияға сәйкес сатылым жасауға қол жеткізеді. Түлектердің жобалары жалпы қоры $300 млн асатын инвесторларға, венчурлық ұйымдарға жіберіледі.

Startup Garage-ға өтінімдер биылғы 7 сәуірге дейін қабылданады. Жобалар скринингтік бағалау мен сарапшылар диагностикасы негізінде іріктеледі. Мына  сілтеме арқылы бағдарлама шарттары туралы толығырақ біліп, қатысуға өтінім жолдауға болады.

Пікірлер 0

Кіру пікір қалдыру үшін