Қазақстанның шалғай ауылдарында тұратын балалар Astana Hub базасында өткен фестивальге қатысты

Ауыл мектептерінің қырық оқушысы Astana Hub-та өткен үш күндік кәсіптік бағдар беру фестиваліне жиналды. Шара BeginIT әлеуметтік-білім беру жобасы аясында ұйымдастырылды. Үш күн ішінде оқушылар Қазақстанның IT экожүйесімен танысып, IT саласы мен ондағы мамандықтар туралы білді, сондай-ақ Astana Hub білім беру бағдарламалары туралы кең мағлұмат алды.


"Қазақстанның цифрлық болашағы осы жерде, Astana Hub-та басталады. Біз сіздің армандарыңызды жүзеге асыру және IT саласында табысқа жету үшін барлық жағдайды жасауға күш саламыз. Мүмкін, бұл залда болашақ фаундерлер мен стартаптар - IT  сектордағы қызметі арқылы әлемді өзгертетін адамдар отырған шығар", - деді фестивальдің ашылуында сөз сөйлеген Astana Hub басқарушы директоры Алина Әбдірахманова.

 Шарада IT саласының сарапшылары мен стартаперлер ақпараттық технологиялардың өткені мен болашағы, IT-дегі заманауи үрдістер мен кәсіптер, сондай-ақ осы салаға келу тәсілдері туралы тәжірибесі мен білімін бөлісті. Сонымен қатар, инновациялық стартаптар метаверс, аватарлар, роботтар, энергияны үнемдейтін скутер секілді т.б. технологияларды көрсетті.

 "Фестивальде көп пайдалы ақпарат алдым. Киберқауіпсіздік туралы тыңдау қызық  болды. Интернеттегі өзіміз туралы ақпаратты шектеу керек екенін түсіндім, өйткені жеке деректер ғаламторда кез келген адамға қол жетімді болады екен және бұл дұрыс емес. Сондай - ақ, бізге қандай сайттарды қарауға болатындығы, ал қайсысы қауіпті екені айтылды", - дейді Қостанай облысынан келген 10-сынып оқушысы Зарина Досжанова. Ол BeginIT жобасы аясында диджитал-дизайн курсынан өткен,  енді жас маман тапсырыс қабылдауды жоспарлап отыр.

 BeginIT - inDrive компаниясының ауылдық жерлердегі балаларға IT саласында алғашқы қадам жасауға көмектесетін әлеуметтік-білім беру жобасы. Былтыр жобаға еліміздің 17 өңірінен 327 оқушы қатысқан. Олар платформада бағдарламалауды, цифрлық дизайнды, No Code курстарынан өтіп, трекерлердің көмегімен бірнеше ай ішінде өздерінің жобаларын – kaspi және krisha секілді қосымшалардың аналогтарын кодсыз жасады.

 "Фестивальге қатысу үшін біз оқу жылы ішінде IT курстарында жақсы оқыған, хакатондарға белсенді қатысқан, математикалық тапсырмаларды шешкен үздік қырық оқушыны шақырдық. Біз оларға жобамыздың амбассадоры болуды ұсынғымыз келеді", - деп атап өтті inDrive өкілі Ерсайын Қабдрашев.

BeginIT аясында ауыл оқушыларына бағдарламалауды және басқа да цифрлық дағдыларды дербес асинхронды оқыту үшін білім беру платформаларының лицензиясы беріледі. Сондай-ақ олар үшін трекер ретінде кәсіби сарапшылардың қатысуымен қысқа мерзімді білім беру бағдарламалары (3 ай) ұйымдастырылады, мотивациялық кездесулер, фестивальдер мен демо күндер өткізіледі. Жоба әлемнің 13 елінде: Қазақстан, Украина, Бразилия, Мексика, Колумбия, Эквадор, Чили, Перу, Оңтүстік Африка, Танзания, Нигерия, Үндістан және Пәкістанда жұмыс істейді.

Пікірлер 0

Кіру пікір қалдыру үшін