Өңірлерде IT-білім беруді дамытуды ынталандыру үшін Tech Orda бағдарламасының алгоритміне арнайы коэффициент енгізілді

Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен брифинг барысында Astana Hub IT-стартаптар халықаралық технопаркінің бас директоры Мағжан Мәдиев мәлімдеді. «Tech Orda» бағдарламасы жеке меншік мектептерді субсидиялауды және ІТ маман болғысы келетін азаматтарға ваучерлер беруді көздейді.


Механизм үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде бағдарламаға қатысу үшін мектеп курстарын іріктеу және аккредиттеу жүргізіледі. Бұл іріктеуді тәуелсіз комиссия жүзеге асырады.

М. Мәдиевтің айтуынша, 2022 жылы бағдарламаға қатысуға өтінім берген 70 мектептің ішінен 49 IT-мектеп аккредиттеуден өтті, оның 17-сі – жаңа. Бұл ретте 34% өңірлерде орналасқан.

«Екінші кезеңде әрбір курс бойынша бөлуге арналған ваучерлер саны айқындалады. Бұл процестердің ашықтығын қамтамасыз ету үшін әзірленген алгоритм – математикалық модельдің көмегімен жасалады», – деп түсіндірді спикер. 

Бұл ретте әрбір IT-мектептің тиімділігін есептеу кезінде түлектерді жұмысқа орналастыру бойынша көрсеткіштер алгоритм үшін негіз болып табылады. 

«Өңірлерде IT-білім беруді дамытуды ынталандыру үшін алгоритмге өңірлік мектептерге басқа да тең жағдайларда көбірек ваучер бөлетін арнайы коэффициент енгізілді», – деді М. Мәдиев.  

Берілген ваучерлер шеңберінде мектептің үшінші кезеңінде студенттерді өз бетінше іріктеу жүргізілді. Мектептердің өтінімдерді қабылдау қорытындысы бойынша «Tech Orda» бағдарламасы аясында IT-мамандықтарға оқуға ниет білдірген әлеуетті студенттерден 16 мыңға жуық өтінім келіп түсті. 

«Алгоритм жұмысы кезеңінде әр мектепке бөлінген квоталар санына сәйкес Қазақстанның барлық өңірлерінен 18 бен 45 жас аралығындағы 3068 студент іріктелді. Қазіргі уақытта бұл студенттер 155 курс бойынша білім алуда, олардың ішінде «Tech Orda» бағдарламасы бойынша Fullstack әзірлеуші, Python, Java, Data analytics, UI/UX дизайн сұранысқа ие», - деді Astana Hub-тың бас директоры.

2022 жылғы жағдай бойынша студенттердің орташа жасы 25-ті құрайды. Бұл жағдайда 40% – әйелдер. Сонымен қатар студенттердің 60%-ның тәжірибесі, ІЕ салада білімі жоқ, бірақ осы салаға қызығушылық танытады және онда жұмыс істегісі келеді. 2025 жылға қарай «Tech Orda» бағдарламасы аясында жоғары санаттағы 20 мың IT-маман даярлау жоспарлануда.

Пікірлер 0

Кіру пікір қалдыру үшін