Game of Drones: қазақстандықтар шынайы техникамен басқарылатын әлемдегі алғашқы ойынды іске қосты

Қазақстандық Game of Drones стартабы интернет арқылы әлемнің түкпір-түкпірінен шын дрондарды басқаруға мүмкіндік беретін бірегей киберспорттық онлайн-ойынды ұсынды. Бета-тестілеуге 23 елден 10 000 ойыншы қатысса, бүгінде жоба жаңа деңгейге шығып, Android жүйесінде ресми түрде іске қосылды.


Енді кез келген адам онлайн-геймингтің жаңа форматын сынап көре алады. Ойыншылар ғалам торабы арқылы қолданыстағы дрондарды, танкілерді, роботтарды және радио арқылы басқарылатын көлікті қашықтан басқарады. Ойын жарыстары жабдықталған трассаларда өтсе, арнайы камералар бейнені бірінші жақтан таратып, рөлде отырғандай әсер сыйлайды.

«Game of Drones» идеясы 2017 жылы пайда болды. Сол кезде шынайы техниканы басқару элементтері мен киберспорттағы бәсекелестік рухын үйлестіретін ойын жасауды ойластырдым. Кәмелетке толмағандар үшін интернетті сүзгіден өткізу бағытындағы жобам сәтсіз аяқталып, көптеген бірплаталы компьютерлер қалды. Оларды дрондарды интернет арқылы басқаруға мүмкіндік беретін ойын әзірлеуге пайдалануды жөн көрдім. 2018 жылы жоба Astana Hub инкубациялық бағдарламасына қабылданып, қарқынды дами бастады. Ал 2022 жылы 5G технологиясын тестілеу барысы шешуші кезеңдердің бірі болды. Ол сигналдың кідірісін айтарлықтай азайтып, ойын үдерісін шынайырақ етті. Бұл – 8 жылдық еңбектің жемісі, енді біз әлемдік геймдев нарығын бағындыруға дайынбыз», – деді Абылайхан Илья, Game of Drones негізін қалаушы.

«2024 жылдың қорытындысы бойынша ойын индустриясы әлемдік экономиканың маңызды драйвері екенін дәлелдеді. Оның жалпы табысы $187,7 млрд-ты құрап, ойыншы саны 3,4 млрд-қа жетті. Ғаламдық өсім жағдайында Қазақстанға өз ойын студияларын дамытып, жергілікті стартаптарды қолдау аса маңызды. Бұл әлемдік нарықта табысты бәсекелесуге мүмкіндік береді. Astana Hub-та жетекші ойын баспагерлері болғанымен, олардың штаб-пәтерлері елімізден тыс орналасқан. Бұл жаһандық әлеуеті бар инновациялық өнімдер жасайтын отандық командаларды жан-жақты қолдаудың қажеттілігін айқындайды», – деді Мағжан Мәдиев, Astana Hub бас директоры.  

Game of Drones стартабы жай ойын ғана емес, сонымен қатар қорғаныс саласында техниканы қашықтан басқаруға арналған симулятор ретінде қарастырылады. Әскерилер елдің кез келген жерінен телефон немесе компьютер арқылы дрондарға қосылып, оларды басқаруды үйреніп, командалық шайқастарға арналған оқу-жаттығу жарыстарын өткізе алады.

2023 жылы стартап Defence Tech Battle атты стартаптар сайысында «Қорғаныстағы революциялық шешім» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. Бұл байқауда озық қорғаныс технологиялары бақ сынады. Сонымен қатар жоба Jas Ventures қорынан $100 мың инвестиция тартып,  Ғылым қорының $750 мың көлеміндегі грантын иеленді.

Пікірлер 0

Кіру пікір қалдыру үшін