Қ. Тоқаев: Астана хаб негізінде Түркі мемлекеттері ұйымының Цифрландыру орталығын құруды ұсынамын
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астана хаб халықаралық технопаркі негізінде Түркі мемлекеттері ұйымының Цифрландыру орталығын құруды ұсынды. Бұл туралы мемлекет басшысы ұйымның Самарқанда өтіп жатқан саммитінде мәлімдеді
«Елдеріміздің ІТ-саласындағы қарым-қатынасын жандандырған жөн. Соңғы кезде геосаяси ахуалға байланысты мемлекеттер бір-бірінен технологиялық тұрғыдан оқшауланып жатыр. Түркі елдерінің IT-саласына қатысты тың тәсілдер әзірлеуі айрықша маңызды. Бұл біздің цифрлық дамуымызға жол ашады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ол жуырда Астанада өткен «Digital Bridge» атты халықаралық іс-шарасында ІТ-саласында жұмыс істейтін креативті жастарымыз бас қосып, бастамалары мен озық идеяларын ұсынғанын атап өтті. Сондай-ақ түркі мемлекеттері IT-хабтары арасындағы өзара іс-қимыл туралы меморандумға қол қойылды.
«Осы ретте, мен Астана хаб халықаралық технопаркі негізінде Түркі мемлекеттері ұйымының Цифрландыру орталығын құруды ұсынамын. Бұл құрылым сауда, көлік, су ресурстары, ақпараттық қауіпсіздік және басқа да салаларға қажетті цифрлық шешімдер әзірлеуге мүмкіндік береді», - деп атап өтті мемлекет басшысы.
Сонымен қатар бұл бастаманы жүзеге асыру үшін Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі елдерінің Венчурлық қорын құруды, сол арқылы маңызды стартап-жобаларға инвестиция тартуға жол ашуды ұсынды.
Еске салсақ, 28-29 қыркүйекте Қазақстан Президенті Қ. Тоқаев пен ІТ, инновация, бизнес саласының халықаралық және отандық сарапшылары, ірі компаниялардың басшылары бас қосқан Digital Bridge 2022 технологиялық форумы биылғы жылдың ең басты ІТ-оқиғасына айналды. Іс-шараға әлемнің 15 елінен 25 мыңға жуық адам, 300 IT-компания, 150 венчурлық инвестор мен бизнес-періштелер, 300-ден астам спикер мен 100 стартап қатысты.
Пікірлер 0
Кіру пікір қалдыру үшін