Компанияның бас директоры және тең құрылтайшысы Ілияс Құрман Astana Hub-пен бірлескен «Қазақстанның 100 стартап-тарихы» жобасында сатылатын автокөлік тауып берушілерді біріктіруге тырысқанын, қазақстандық көлік нарығының негізгі проблемаларын және CheckAuto елдегі әрбір автокөлік туралы неге бәрін білгісі келетінін айтып берді.
Гипотезаны сынаумен емес, қолда бар бизнесті жақсартумен айналысқымыз келді
— Стартаптан бұрын көлік құрастырудан бастап криптовалюта нарығына дейін түрлі бизнеспен айналыстым. Мысалы, Қазақстанда машина құрастырдық, бізге шасси жеткізіледі, біз соның негізінде жүк көлігін, бензин таситын көлік, эвакуатор құрап шығаратынбыз.
Дәстүрлі бизнес жақсы ғой. Бірақ миллиардтап табыс табатын компания болу үшін жаңа, қызық іс жасау керек. Сондықтан, бұрыннан таныс жігіттермен тәуекелге бел будық. Олар – деректермен өте жақсы жұмыс істейтін Дінислам Ораз, product-қа жауапты Елнұр Идекеев және әзірлеуші Сапар Жұмабеков. Мен жобаның бас директорымын. CheckAuto-да қашықтан жұмыс істейтін басқа топ мүшелері де бар, олар UX/UI дизайнерлер, сату жөніндегі мамандар және т.б.
— Автокөлік таңдап беру идеясы қайдан пайда болды?
—Стартаптың идеясын іздеген кезде әдетте осы салада жүргендер гипотеза ойлап тауып, оны ұзақ уақыт сынақтан өткізеді. Біз олай еткіміз келмеді. Дайын бизнесті алып, оны жақсартып, соның негізінде стартап құрамыз деп жоспарладық. Және бірінші күннен табыс тапқымыз келді.
Автокөлік таңдап беру идеясы – кофаундер Дінисламдікі. Біз қолдадық.
Басында автокөлік таңдап берумен айналысатындарға көлікті тексеруге арналған чек-тізім жасауға көмектестік, олар сол чек-тізім бойынша кестеге машина туралы деректер енгізіп жүрді. Қазір қосымшамыз және оның веб-нұсқасы бар, онда чек-тізімнен басқа, ресейлік, корейлік, америкалық автокөлік өндіруші компаниялардың дерекқорларынан VIN-код туралы мәлімет алып отырамыз.
Коля ағайды іздеп жүрміз
— Шындықты айтайық. 2023 жылдың желтоқсанында CheckAuto қосымшасы бірінші кезекте кімге керек?
— Қазір ол автокөлік таңдап берушілерге арналған қосымша. Көлік іздейтін және оның қанша қолдан өткенін, қандай кемшілігі бар екенін білгісі келетін адамдар арасында танымал болатын сервис жасау үшін бізге әлі де көп нәрсе істеу керек, халыққа танылу керек. Менің ойымша, сәл кейінірек, нарықтың көп бөлігін жаулап алған кезде бұған да жетеміз.
— Қазір қалай жұмыс істеп жатырсыздар?
— Қазақстанда машина таңдап беретін автосарапшылар CheckAuto қосымшасында өтінім қалдыра алады. Біз бұл маманды тексереміз. Оның қаншалықты сауатты, шыншыл екенін қараймыз. Содан кейін ғана оны базаға қосамыз. Сарапшылар пара алмайтын болуы керек, өйткені автокөлік таңдау ісін соған тапсырамыз. Осындай әрбір тапсырыстан 10% аламыз, қалғаны – автокөлік таңдаушыныкі.
— Автокөлік таңдаушы бұл істе объективті болуы мүмкін бе?
— Рейтинг жүйесін әзірлеп жатырмыз. Автосарапшылар сапалы таңдалған әрбір автокөлік үшін клиенттің бағасын алып отырады. Демек, рейтингтегі беделі жақсы болса, көбірек тапсырыс алады.
– Қандай сарапшыларды айтып отырсыз?
– Халық арасындағы «Коля ағай» сияқтыларды айтып отырмын. Өмір бойы машинамен айналысып жүрген жігіттер. Олар автокөлік жөндеу жайлы бәрін біледі. Бірақ сол білімімен ақша табуды білмейді. Біз осындай мамандарға маркетинг жағынан көмектесуге дайынбыз.
Сонымен қатар, қазір дерекқорымызға көлік жөндеу орталықтарын қосып жатырмыз, олар да CheckAuto-мен жұмыс істеуге мүдделі. Егер автосарапшылар тез арада келіп, автокөлікті тексеріп берсе, көлік жөндеу орталықтарында машинаның шанағын қарап, оның астын тексеру үшін көтергіштің көмегімен көтеріп, толық диагностика жасауға мүмкіндік бар. Жөндеу орталықтары үшін бұл қаржы жағынан тиімді: олар көтергіш құралын пайдаланғаннан сағатына 3-4 мың теңге тапса, біздің тапсырыспен автокөлікті тексеріп бергені үшін 10 мың теңгеден артық алуы мүмкін.
Сонымен қатар, олар үшін бұл кросс-сауда: егер көліктің қандай да бір кемшін тұсы болса, сатып алушы немесе сатушы оны жөндеуге қалдыра алады.
— Демек, қосымшаның басты қызметі – тапсырыстарды тарату ма?
— Ол ғана емес. Сонымен қоса, автокөлік сатып алушыларға арналған чек-тізім бар, онда көлікті тексерген кезде не нәрсеге мән беру қажет екені толық қамтылған. Тексерілген автокөлік туралы мәліметті автосарапшы дерекқорға енгізеді, фото мен видеосын қоса алғанда барлық дерек сарапшының жеке кабинетінде сақталады. Оны кез келген уақытта қарауға болады. Барлық видеоесепті жеке телефонда сақтаудың қажеті жоқ.
Бұдан бөлек, CheckAuto көмегімен автокөліктің тарихы туралы ақпаратты басқа дерекқорлардан алуға болады. Ол не үшін қажет: егер өндірушінің деректерінде автомобильде орындық жылыту жүйесі мен люк бар екені айтылса, ал іс жүзінде ол жоқ болса, онда көліктің бірдеңесі дұрыс емес екені анық. Немесе VIN-кодына сәйкес көлік іші ақшыл сары түсті болуы керек, бірақ ол қара болса, тағы сұрақ туындайды.
– Сіздің қызметіңізге қанша адам жүгінгенін айта аласыз ба?
– Бір жылдың ішінде CheckAuto арқылы мыңға жуық автомобиль тексерілді. Қазір бізбен 40 автосарапшы мен 14 көлік жөндеу орталығы жұмыс істейді. Бұл сандарды көбейтетін боламыз. Қалыпты жұмыс істеу үшін бізге шамамен автокөлік таңдаушы 250 маман керек.
— Сіздің Instagram-да автокөлік таңдаушыларға арналған курс туралы ақпарат көп. Оны неге өткіздіңіз?
— Иә, біз 5 млн теңгеге “Автосарапшы курсын” жаздырдық. Бұл стартап үшін көп ақша болғанымен, сондай қадамға бардық. Не үшін? Себебі, бастапқыда қазақстандық автокөлік таңдаушылар CheckAuto қосымшасын менсінбеді, бізді бәсекелес санады: өзіміз де жұмыс істей алсақ, неге сізбен бірге жұмыс істейміз деді.
Үш ай бойы олармен байланысамыз деп тырыстық, содан кейін несіне әуре боламыз, одан да сарапшыларды өзіміз оқытамыз, жақсы маман дайындап шығарамыз, нарық мұны көреді де, өзі тартылады деп шештік. Шамамен солай болды да.
Алайда курсымыз нашар болды. Наразылық білдіргендерге ақшасын қайтардық, олар барлық ақпаратты ғаламтордан табуға болады деп шүйлікті. Солай ғой, бірақ біз бар ақпаратты бір жерге жинап, ұғынықты түсіндірдік қой… Қазір инфобизнесмендерге қарап отырып, қалай ғана жақсы өмір сүріп жатыр деп таңырқаймыз.
— Кез келген адам автосарапшы бола ала ма? Әлде көлік жөндеу орталығында жұмыс істеуі керек пе?
— Кез келген адам үйрене алады. Бірақ жүздеген, мыңдаған машинаны тексеріп, тәжірибе жинау керек. Байқампаздық ұсақ нәрседен-ақ көлікте бірдеңе дұрыс емес екенін түсінуге көмектеседі. Мысалы, қауіпсіздік белдігіндегі шығарылған жылдың автомобильдің шығарылған жылынан айырмашылығы бар екенін байқасаңыз, айналар сәл дұрыс емес, жапсырмасы қисық жабыстырылған және т.б.
«Жаман» автокөліктер және қазақстандықтардың менталитеті
— Егер мен автомобиль сатып алғым келсе, CheckAuto қалай көмектеседі?
— Автокөлік таңдап бер деп бізге негізінен қосымша емес, Instagram арқылы жүгінеді. Қосымшамыз әзірше соншалықты танымал емес. Бір-бірінен естіп келеді. Нақты бір көлікті тексеріп беруді немесе белгілі бір бюджетке сай көлік таңдап беруді сұрайды.
Сұранысқа қарай клиентке бірнеше нұсқасын ұсынамыз. Көліктің астыңғы бөлігі туралы ақпарат маңызды болмаса, тек оны тексеріп беру керек болса, біреуі келіп, тез арада тексеріп, бағасын беруі үшін автокөлік таңдаушыларға тапсырыс береміз. Шынында да жеделдік маңызды, өйткені, жақсы машинаны “алыпсатарлар” аңдып отырады, оны жіберіп алмау үшін тез әрекет ету керек, сондықтан бұл көліктердің бәрі бірдей жөндеу орталығына жетіп үлгермейді.
Ал егер клиент автокөлікті асықпай толығымен тексеремін десе, серіктес көлік жөндеу орталығына кезекке жазылып, уақытын белгілеп, онда сервис қызметкерлері машинаны қарап шығады.
— CheckAuto-ға жүгінетіндерге қандай кепіл бересіз?
— Қазір келісім-шарт бойынша толық жауапкершілік біз тапсырысты бағыттайтын автотаңдаушыда. Бірақ бұл жағдай көңілімізден шықпай отыр, қате болса, клиенттің барлық шығынын өтегіміз келеді. Сондықтан қазір сақтандыру компанияларымен бірге қандай өнім шығаруға болатыны туралы сөйлесіп жатырмыз.
Сондай-ақ автокөлік тіркелетін әрбір халыққа қызмет көрсету орталығында нүктемізді ашсақ па дейміз. Сонда серіктес-автосарапшылардан кейін көлікті қайта тексеру мүмкіндігі болар еді. Өйткені, әртүрлі жағдай бар ғой: клиент пен автосарапшыға бір машинаны көрсетеді, ал келесі күні халыққа қызмет көрсету орталығына тіркеу үшін дәл сондай, бірақ нөмірлері ауыстырылған көлікті әкеледі. Немесе сатушы тексеру мен тіркеу арасында автокөліктің шинасын, магнитоласын, тіпті төсеніштерін ауыстырып үлгереді.
Сондай-ақ клиенттерге автокөлік сатып алғаннан кейін бір ай ішінде көлік жөндеу орталығында машинаны тегін тексеруге ваучер беруді жоспарлап отырмыз. Жоспарлағанның бәрі орындалса, бір көлікті үш қайтара тексереміз.
— Жалпылама сұрақ. Қазақстанның көлік нарығындағы негізгі проблемаларды атай аласыз ба?
— Ең үлкені – «жаман» көліктер. Қазақстанға жалған құжаттармен келген, көбі әр кезде Ресейден, Грузиядан, Кореядан әкелінген. Мәселе сол, көлікті заңсыз әкелу оқиғалары (көліктің жүрген кезеңін азайтып көрсету де осыған қатысты) қалыпты жағдайға айналды, «бәрі солай істеп жатыр ғой» дейді.
Тағы бір мәселе – утиль алым және бастапқы тіркеу. Мұны кім ойлап шығарғанын білмеймін: жақсылық жасағысы келген шығар, бірақ әдеттегідей теріс шешім болды. Ал енді осы ережелерді айналып өтіп, төлем жасамау үшін адамдар шығарылған жылын өзгертіп, автокөлікті Қазақстанда жүруге заңсыз етеді.
Және соңғысы, бізде «жаман» машиналарды тіркеудің қарапайым тәртібі жоқ. Егер көліктің осындай екенін анықтасаңыз, әрі қарай не істеу керек? Бөлшектеп, сата аласыз ба? Төмендетілген бағамен утилизацияға немесе иесіне қайтару үшін мемлекетке тапсырасыз ба? Әзірге мемлекеттің бір ғана тәртібі бар: көлігіңізді айыппұл тұрағына апарып, қаңтарып қою.
— Нарықта жақсы машиналар көбеюі үшін не өзгеруі тиіс?
— Менталитет өзгеруі тиіс. Қазақстандықтар автомобильді сату және сатып алу ісіне жауапкершілікпен қарауы тиіс. «Жаман» машинаны сатып алып, оның жаман екенін байқап, бірақ әрі қарай басқа біреу әуреленсін деп сатып жіберу емес. Автокөлік таңдап жатқан кезде осындай жағдайларды да мұқият қарастырамыз, егер автомобиль бірнеше рет тіркелген болса, онда бірдеңесі дұрыс емес.
Жалпы, автокөліктерде түрлі жайттар болады: мән беретін жайт, бұл апат салдарынан қауіпсіздік жастықтары атылып, геометриясы бұзылған кезде. Және мән бермейтін жайт, бұл тұрақта көлікті біреу сызып кетіп, бамперді боятқан кезде. Біз үшін сатып алушының қандай көлікті және не үшін сатып алатынын анық түсініп, белгісіз нәрсеге артық төлем жасамауы маңызды.
Кремний алқабына саяхат және экономика
— CheckAuto-ның негізгі бәсекелестері кімдер?
— Әлем бойынша айтсам, бұл америкалық Carfax және Kelley Blue Book. Бірақ олар үшін Қазақстан нарығы мүлдем қызық емес, тым шағын. Ресейдің «Автотекасы» бар, бірақ олар Қазақстанға кіреді деп ойламаймын.
Жанама бәсекелестерден Kolesa, Mycar, Aster Auto және дәстүрлі автокөлік дилерлері бар.
Барлық жеке автотаңдаушылар бізге бәсекелес емес, олар әзірге бізбен жұмыс істемейтін әлеуетті серіктестеріміз.
— Стартапқа қанша инвестиция салынды? Ал қазір қанша ақша тауып жатырсыз?
— 150 мың доллар инвестиция салдық, бюджет аз қалды. Айына екі мың доллар ғана табамыз. Бұл бір-екі қызметкердің жалақысын төлеуге ғана жетеді. Сондықтан біз айтарлықтай штатты қысқарттық, бизнестің құрылымын қайта қарап жатырмыз және ақшаны жұмсамауға тырысамыз, тек жұмыс істеп тұрған қызметтерді қамтып жатырмыз.
Енді не істеймізді: бюджетті ұлғайтамыз ба, инвестордың ақшасын тартамыз ба, әлде басқа ма – ойластырып жатырмыз.
Мұның жауабын білу үшін Astana Hub пен Draper University-дің бірлескен Hero Training бағдарламасы арқылы Кремний алқабына бардым.
— Жауап таптыңыз ба?
— Иә, гипотезаларды тексеріп, олардың қаншалықты тиімді екенін көреміз. Мысалы, егер біз бастапқыда B2C-ге бағытталған болсақ, енді B2B сегментіне өтіп көргіміз келеді. Mycar компаниясымен және екі банкпен автокөлік тексеру қызметін ұсынып, келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Мұның мәні неде: егер адам несиеге көлік алып, бірақ саудада қателескенін түсінсе, онда несиені төлемей қояды, көлік кепілде тұр, қалағаныңызды істеңіз дейді.
Жалпы айтқанда, егер ірі компаниялармен автокөлікті тексеру туралы келісімге келсек, онда біздің автосарапшыларға жұмыс табылып, стартапты сақтап қалуға мүмкіндік болады.
– Бұның нақты көрсеткіштері бар ма?
– Қазір біз үшін қазақстандық автокөлік нарығындағы 10-20 мың автокөлік туралы мәлімет жинау өте маңызды, бұл оларды біздің автосарапшыларымыз тексеріп, база олар туралы ақпаратты дереу шығарып беру үшін керек.
Тұтастай алғанда, мақсатымыз – Қазақстандағы әрбір көлік туралы білу, барлық деректі жинау. Сонда ғана біздің қосымшамыз қарапайым автокөлік сатып алушылар үшін қызық болар еді, қазір қазақстандықтар көлік таңдап бергені үшін 15 мың теңге төлеуге дайын емес, ал қосымшаны ашып, кез келген көліктің бүкіл тарихын көрсе, құнды ұсыныс болар еді.
Біз мұны түсіндік, өйткені біз тексерген мыңдаған көліктің жартысына жуығының техникалық жағдайы хабарландыруда көрсетілгеннен мүлдем өзгеше! Ал 35%-ында заң тұрғысынан проблемалар анықталды, мысалы, көлік ұрланған, кепілде тұр, елге көлеңкелі схема бойынша әкелінген, нөмірлері ауыстырылған, дәл осындайы Ресейде жүр және т.б. Бұл жайттар сатып алушылар үшін зор тәуекел.
Мысал келтірейін: қазақстандық азамат салонға сеніп, несиеге 15 миллион теңгенің 2020 жылғы KIA көлігін сатып алған. Бірақ ол жиі бұзылған, тексеріп едік, көлік шын мәнінде екі жыл бұрын шығарылғаны анықталды, ал сатып алу кезінде мәлімделген 50 мың километрдің орнына 265 мың шақырым жүрген көлік болып шықты. Көлікті алдын ала тексерсе, оны сатып алмас еді.
— Стартапқа инвестор тарту туралы не ойлайсыз?
— Бұл да Кремний алқабына барған мақсатымның бірі еді. Бірақ америкалық инвесторлар тар тауашаға назар аудару қажет екенін айтты. Мысалы, оларға винтажды көліктерді таңдай аламыз дегеніміз ұнады. Бұл да ойланарлық жайт.
Digital Bridge форумында MyVentures және басқа инвесторлармен кездесіп, сөйлестік. Бірақ нақты ұсыныстар әлі түскен жоқ.
— Қазақстан шекарасынан шығу жоспарыңыз бар ма?
— Иә, бірақ нақты қай ел екенін айта алмаймын. Барлық нарықты қарастырып жатырмыз. Мысалы, Дубайдағы көлік таңдаушылар Қазақстаннан келген сатып алушыларға көліктерді тексеріп бере алар еді. OLX-пен сөйлестік, оларда Еуропадан көлік сатып алып, дамушы елдерге сатумен айналысатын бөлімше бар екен. Егер ынтымақтастық туралы келісе алсақ, жақсы болады.
Бірақ, әуелі Қазақстанда аяққа тұрып алсақ дейміз, сосын басқа елдерді қарастыратын боламыз.
— Болашақта CheckAuto-ны қалай елестетесіз?
— Қазақстанда «Колеса» нарығының бір бөлігін жаулап алуды жоспарлап отырмыз: оны бес жылда істеуіміз керек. 10-20 пайыз қажет. Бұл CheckAuto-ны 20 миллион долларға бағалау үшін жеткілікті.
Әлем деңгейінде еш болжам айтқым келмейді, бірақ автосала көшбасшыларының бірі болуға ұмтылуымыз керек. Ол үшін трендтерді қадағалап, жаңа қызмет түрін енгізу керек. Қазір AI-ге қатысты жағдай солай, жасанды интеллекті пайдалану жақын арада кез келген стартап үшін must have-ке айналады, мұны ескеріп, уақытында ауысу керек.
Пікірлер 4
Кіру пікір қалдыру үшін
Laura Meir · Қыр. 17, 2024 00:57
👍👍👍
Nursezim Tokbolat · Ақп. 27, 2024 23:32
хорошие возможности!
Kirill Grinenko · Ақп. 23, 2024 14:35
👍👍👍
ТОО ASTROBAKERS · Ақп. 12, 2024 14:41
👍👍👍