Peer-to-peer әдісі IT-білім беруді қалай өзгертуде: Astana Hub пен Tomorrow School тәжірибесі
«Жұмысшы мамандықтарының қаласы» фестивалі аясында Astana Hub-тың ұйымдастыруымен «Жаңа форматтағы IT-білім» атты панельдік сессия өтті. Сарапшылар технологиялық дамудың қарқыны артқан кезеңде білім беру әдістерінің жаңаруы мен практикалық дағдылары бар мамандарға сұраныстың өсуін талқылады.

Спикерлер қатарында – Astana Hub бас директорының кеңесшісі Данабек Қалиаждаров пен Tomorrow School студенті Әлішер Әшекеев болды. Ал модератор қызметін Astana Hub-тың операциялық менеджері Рустам Кенжәлі атқарды. Олар IT саласындағы баламалы оқыту тәсілдерін, атап айтқанда, маман даярлаудың дәстүрлі жүйесіне жаңа көзқарас қалыптастыратын peer-to-peer моделін ұсынды.
Талқылаудың негізгі тақырыптары – білім беру жүйелерінің шарықтауы, оқу бағдарламаларына практикалық білімді енгізу мен автономды оқыту модельдерінің танымалдылығының артуы. Спикерлер мұғалім бақылауын қажет етпейтін peer-to-peer әдісі білім алушылардың материалды тез меңгеруіне қалай ықпал ететінін егжей-тегжей түсіндірді.
«Мыңдаған жыл бұрын адамзат жылқыны қолға үйретті. Бұл адамдардың жаяу жүру қабілетін жойған жоқ, бірақ атқа мінуді үйренгендер басым артықшылыққа ие болды. Бүгінде жасанды интеллект – сол жылқы тәрізді. Егер біз технологияларды басқара алмасақ, олар бізді басқарады», – деді Данабек Қалиаждаров. Ол жаңа технологиялардан қорықпауға, керісінше, оларды жұмыстың тиімділігін арттыру құралы ретінде пайдалануға шақырды.
Пікірталас барысында Қазақстандағы жасанды интеллект бағытындағы алғашқы білім беру мектебі – Tomorrow School жобасына ерекше көңіл бөлінді. Сарапшылар жобаның бірегейлігі, құрылу барысында кездескен қиындықтар және болашақ даму перспективалары туралы әңгімеледі. Олар мұндай мектеп түлектерінің еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие екенін атап, қазіргі бизнестің теориялық білімді емес, нақты міндеттерді шеше алатын кәсіби мамандарды қажет ететінін жеткізді.
«Tomorrow School-дағы оқытудың ерекшелігі – біз бір-бірімізден үйренеміз. Бұл – peer-to-peer әдістемесі: мұнда мұғалімдер, сабақ кестесі немесе үйреншікті тәсілдер жоқ. Мен мектепке кез келген уақытта келіп, оқуымды жалғастыра аламын. Бізден көбірек білетін достарымыз бен серіктестеріміз бар – олар бағыт-бағдар беріп, көмектесіп, білімдерімен бөлісе алады. Жаңа дағдыларды меңгерумен қатар, болашақта бірге жұмыс істеуіміз мүмкін адамдармен тиімді қарым-қатынас жасауды үйренеміз», – деп бөлісті Әлішер Әшекеев, Tomorrow School студенті.
Пікірталас фестиваль қонақтары, білім беру мекемелері өкілдері мен студенттер тарапынан үлкен қызығушылық тудырды, бұл білім беру жүйесінің трансформациясы өзекті мәселе екенін тағы бір дәлелдеді. Astana Hub IT-білім беру саласындағы бастамаларды дамытуды жалғастырып, жаңа бағдарламалар, хакатондар мен серіктестік жобаларды қолдау арқылы жоғары білікті мамандарды даярлауға арналған экожүйе қалыптастыруға ниетті.
Еске салсақ, EXPO көрме алаңында болашақ мамандардың, жұмыс берушілер мен кәсіптік-техникалық ұйымдардың басын қосқан «Жұмысшы мамандықтарының қаласы» фестивалі өтіп жатыр. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жарияланған «Жұмысшы мамандықтары жылындағы» алғашқы ауқымды іс-шара.
Пікірлер 6
Кіру пікір қалдыру үшін
Борис Стуков · Ақп. 18, 2025 16:13
Tomorrow School - звучит амбициозно
Daniil Savelyev · Ақп. 18, 2025 12:31
топ
Assel Alimbet · Ақп. 18, 2025 09:43
ваау
Асел Есетбай · Ақп. 18, 2025 09:39
вау
Assel Alimbet · Ақп. 18, 2025 09:36
керемет
Ilias Zholaman · Ақп. 17, 2025 13:49
👍👍