Kazakhstan Tech Solution Day: жетекші сарапшылар технология мен цифрлық трансформацияның болашағын талқылады
2024 жылғы 5 қыркүйекте БҰҰ ЭСКАТО конференциясы аясында өткен Kazakhstan Tech Solution Day-де 15-тен астам панельдік сессия ұйымдастырылды. Іс-шараға жаһандық цифрлық трансформацияның негізгі сын-қатерлері мен мүмкіндіктерін талқылау үшін цифрлық технологиялар саласындағы жетекші сарапшылар жиналды.
Сессиялар жасанды интеллект, цифрлық теңсіздікті жою, ақылды қалаларды дамыту, киберқауіпсіздік, әйелдерді IT саласына тарту, цифрлық инклюзия, адами капиталды дамыту, технология арқылы тұрақты даму, ғарышты зерттеу, цифрлық денсаулық сақтау және қолжетімді интернетті қамтамасыз ету сияқты көптеген тақырыптарды қамтыды.
Конференцияны Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов ашты. Ол цифрлық инфрақұрылымды дамытуда халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті: «Қазақстан Цифрлы жібек жолын дамыту шеңберінде көрші елдермен бірге Парсы шығанағы елдеріне шығатын Каспий теңізінің түбі бойынша талшықты-оптикалық байланыс желілерін төсеу жөніндегі жобаны іске асыруда. Интеграция жаңа технологияларды дамыту, ірі Big Tech компанияларын тарту үшін деректерді жинау, сақтау және өңдеудің заманауи инфрақұрылымын қалыптастыруға, сондай-ақ қазақстандық IТ-шешімдерді әлемдік нарыққа шығаруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Оны іске асыруда Astana Hub халықаралық технопаркі шешуші рөл атқарады, оның алаңында 1400 резидент, оның ішінде 400 шетелдік компания үшін қолайлы инвестициялық ахуал қамтамасыз етілді», – деді ол.
Іс-шараның хедлайнерлері арасында БҰҰ АТМЭӘК Атқарушы хатшысы және БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Армида Салсия Алишахбана, Forbes Technology Council идеологиялық жетекшісі және AI4Diversity негізін қалаушысы Стив Нури, Women in Tech Global компаниясының негізін қалаушысы және бас директоры Аюми Мур Аоки, 01 Edu және 01 Talent негізін қалаушысы Николя Садирак, inDrive негізін қалаушысы және бас директоры Арсен Томский, Freedom Holding Corp. бас атқарушы директоры Тимур Турлов және т.б. бар.
Kazakhstan Tech Solution Day барысында технологиялар саласындағы гендерлік теңдік пен IT саласындағы әйелдер көшбасшылығы мәселесі де талқыланды. «Көшбасшылық лауазымдарда әйелдер әлі де аз, дегенмен ерлер мен әйелдерден тұратын командалардың жақсырақ нәтижелер көрсететіні және әйелдер көшбасшылығының айтарлықтай жетістіктерге әкелетіні барған сайын анық байқалуда. Егер компаниялар табысқа жетіп жатса, неге әйелдерді көбірек тартпасқа? Мысалы, Еуропада 2025 жылға қарай директорлар кеңесі мүшелерінің 30%-ы әйел болуы тиіс деген заң қабылданды. Бұл әйелдер көшбасшылығына және тәлімгерлікке инвестиция жасаудың қажеттілігін атап көрсетеді. Біз инновациялар енгізу, жаңа көзқарас ұсыну және бизнестің жалпы өркендеуіне ықпал ету үшін барымызды саламыз, – деді Аюми Мур Аоки, Women in Tech Global ұйымының негізін қалаушысы және бас директоры.
Талқылаулар аясында «Цифрлық дәуірдегі адами капиталды басқару: негізгі міндеттер мен стратегиялар» панельдік сессиясының модераторы болған Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ЖИ әзірлеу үшін орталықтандырылған және қолжетімді ақпарат көзін, сондай-ақ осы саладағы зерттеулер мен инновацияларды қолдау үшін Үкіметтің технологиялық платформасын қамтамасыз ететін бірыңғай деректер қоймасын құру сияқты бірқатар бастамаларды талқылады. Ол сондай-ақ технологиялық инфрақұрылымды дамыту, соның ішінде суперкомпьютерлік кластерлерді, 5G желілерін құру және жасанды интеллект бастамаларын қолдау үшін спутниктік кең жолақты байланыс орнатуды және ЖИ бойынша мамандандырылған курстар ұсынатын Қазақстанның 14 университетін қамтитын Google-мен ынтымақтастықта пилоттық жоба арқылы ЖИ саласындағы білім беру бағдарламаларын кеңейтуді ұсынды. Министр Орталық Азиядағы IT-инновациялар орталығы ретінде Astana Hub технопаркін дамытудың маңыздылығын атап өтіп, ЖИ шешімдерін әзірлеу үшін түркітілдес мемлекеттермен және халықаралық серіктестермен ынтымақтастыққа шақырды.
Еске сала кетейік, 2024 жылғы 3-5 қыркүйек аралығында Қазақстан астанасында Цифрлық инклюзия және трансформация бойынша Азия-Тынық мұхиты министрлік конференциясы өтті. Бұл маңызды іс-шараға 400-ден астам делегат, оның ішінде БҰҰ-ның Азия және Тынық мұхиты өңіріне арналған экономикалық және әлеуметтік комиссиясына мүше 30-дан астам ел министрлері мен жоғары лауазымды өкілдері қатысуда. Конференцияны БҰҰ АТМЭӘК пен Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ұйымдастырды. Айтулы оқиға цифрландыру, инклюзия және тұрақты даму мәселелерін талқылауға арналған маңызды алаң болды.
Пікірлер 6
Кіру пікір қалдыру үшін
Наталья Агишева · Қыр. 28, 2024 17:46
🔥🔥🔥🔥🔥
Nursultan Kabenov · Қыр. 17, 2024 16:05
👍
БЕХРУЗ ТОХТАМИШОВ · Қыр. 17, 2024 13:23
👍👍
Alexandr Timofeyev · Қыр. 16, 2024 16:20
🔥🔥🔥
Laura Meir · Қыр. 14, 2024 00:26
👍
Ans s · Қыр. 11, 2024 13:47
🔥