Қазақстан блокчейн саласында әлемдегі ең ауқымды білім беру бастамасын іске қосады

Қазақстанда Binance Academy-мен бірлесіп әзірленетін бастама шеңберінде блокчейн-технологиялар бойынша 40 мыңнан астам маман дайындалады. Бұл бастама аясында алғашқы түлектер 2024 жылы дайын болады.


19 желтоқсанда ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек және «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төлем және қаржылық технологияларды дамыту орталығы» АҚ басқарма төрағасы Бинур Жаленов Binance Kazakhstan атынан Жаслан Мәдиевпен елдің ЖЖОКБҰ-на блокчейн-инженерия және комплаенс бойынша білім беру бағдарламаларын әзірлеу және енгізу үшін қазақстандық тарапқа білім беру материалдарын ұсыну туралы Меморандумға қол қойды. 

    Қазақстан жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында (ЖЖОКБҰ) мемлекеттік ауқымда білім беру бағдарламасын енгізетін әлемдегі бірінші ел болады. Еліміздің 22 ЖЖОКБҰ пилоттық тәртіпте 40 мыңнан астам студент дайындайды. Блокчейн-технологиялары саласында білім алып, дағдыланған жас профессионалдар блокчейн индустриясының жаһандық қауымдастығы үшін ірі ресурсқа айналады. Бүгінгі таңда бұл - блокчейн индустриясындағы теңдесі жоқ ең ірі жаһандық білім берудің бастамасы.

«Біздің экономикамыз үшін бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауға мүдделі бола отырып, біз IT-саласының өкілдерімен бірлесіп, бұл бағыт бойынша білім беру жобаларын одан әрі дамыту үшін берік іргетас құрудамыз. 
Біздің жемісті ынтымақтастығымыздың арқасында қазақстандық жоғары білім беру жүйесі Қазақстан экономикасының мұқтаждығы үшін ғана емес, жаһандық еңбек нарығы үшін де блокчейн индустриясы саласындағы мамандарды жеткізуші болатынына сенімдімін», - деп атап өтті ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

"Binance Academy-мен меморандумға қол қою рәсімі-  Binance бас директоры Чанпен Чжаоның мамырдағы  сапары аясында басталған серіктестіктің қисынды жалғасы. Осы келісім шеңберінде кадрларды дайындау әлемдік криптоиндустрияда қазақстандық технологиялар үлесін ұлғайтуға және Қазақстанда аймақтық хабты дамыту мақсатына жетуге мүмкіндік береді",- деді цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.
«Біз Қазақстанның цифрлық технологияның жетекші ойыншысы болу мақсатын қолдаймыз, бұл білім деңгейін көтерусіз және бүкіл ел бойынша блокчейнді енгізбейінше мүмкін емес еді.  Binance білімге жоғары мән береді және Binance Academy блокчейн индустриясындағы ең ірі оқу орталықтарының бірі болып табылады.  Қазақстандағы мемлекеттік ұйымдармен серіктестігіміз барлығына қолжетімді және стандартталған блокчейн және криптографиялық білім беру жолындағы тағы бір қадам», - деді Binance Asia директоры Глеб Костарев.

Кездесуге Binance Academy серіктестерімен жұмыс жөніндегі топ жетекшісі Стивен Маккалистер, Блокчейн орталығының директоры Айдана Қасқырбек, сондай-ақ білім беру бағдарламалары енгізілетін бейінді жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты. 

"Binance – әлемдегі блокчейн-технология саласындағы көшбасшылардың бірі, ал Қазақстан цифрлық технологияларды дамыту және енгізу жолында белсенді бола отырып, бұл бағытта өз кадрларын даярлауға ұмтылып жатыр. Осы келісім Қазақстанға Binance білім базасында білім беру бағдарламаларын Орталық Азия өңірінде енгізуге басым құқық береді, бұл Astana Hub қатысушылары үшін үлкен артықшылық болып табылады. Оқыту Astana Hub-та орналасқан Блокчейн орталығының базасында өтетіндіктен, бұл студенттерге алған білімдерін тез арада енгізуге және тәжірибеде бекітуге қосымша мүмкіндік береді", - деп атап өтті Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев. 

Binance және Binance Academy білім беру бөлімшесі бірлесіп, блокчейн-инженерия және комплаенс бойынша білім беру материалдарын Блокчейн орталығына береді, сондай-ақ оқытушыларды оқыту мен тренингті ұйымдастыруда жәрдемдесуді жоспарлап отыр.

Бағдарламаны енгізу төрт кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде Binance Academy білім беру материалдары негізінде ЖОО оқытушылары үшін академиялық бағдарламалар бойынша оқыту бағдарламалары әзірленеді; екіншісінде – Binance Academy командасымен бірге академиялық бағдарламалар бойынша ЖОО оқытушыларын оқыту және тренинг өткізу (бірлескен вебинарлар мен дәрістер); үшіншісінде – оқуды өткен оқытушылармен және ЖОО басшылығымен бірлесіп, академиялық бағдарламаны әзірлеу. Бағдарлама 4-5 пәннен (курстардан) тұратын болады; төртінші кезеңде студенттер үшін ЖОО базасында мамандандыруды іске қосу басталады.

ЖОО оқытушыларын оқыту және тренинг өткізу 2023 жылы ақпан айында басталып, мамырға дейін жалғасады. Студенттерді оқыту 2023 жылдың қыркүйегінен басталады.

Келісімдерге қол қою 2022 жылғы 25 мамырда қол қойылған Қазақстан мен Binance арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум шеңберінде өтті. 

Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың мамыр айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Binance негізін қалаушы және бас директоры Чанпен Чжаоны қабылдады. Кездесу барысында Қазақстанның бейінді құрылымдары мен Binance арасындағы блокчейн-технологиялар саласындағы білім беру бағдарламалары аясындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды. 

Бұл жобаны табысты іске асыру үшін 2022 жылдың маусым айында ҚР ҰБ ТҚТДО және Astana Hub таратылған тізімдер технологиясында құрылған индустрияда және цифрлық жобаларда адами капиталды дамыту арқылы өңірдегі блокчейн-индустрияны қолдауға бағытталған Блокчейн орталығы жобалық кеңсесін қалыптастырды. Орталық білім беру бағдарламаларын ЖЖОКБҰ-ға енгізу стратегиясын құрды.

Пікірлер 0

Кіру пікір қалдыру үшін