Higgsfield AI: Қазақстандық стартап – Astana Hub резиденті Google-дің үздік жобалары қатарында
Higgsfield AI – қазақстандық инженерлер жасаған жасанды интеллект саласындағы компаниялардың бірі.
Компания мақсаты – озық технологияларды әзірлеп, Қазақстанның жаһандық экономикадағы позицияларын нығайту.
«Командамызда 22 AI-инженер жұмыс істейді. Олар – Қазақстандағы жоғары оқу орындарының түлектері. Арасында 6 халықаралық физика және математика олимпиадаларының жеңімпаздары бар. Әдетте, осындай мамандар шетелге кетіп қалады, бірақ қазір олар еліміздің игілігі үшін еңбек етіп жатыр. Ауыз толтырып айтар жетістігіміз де көп. Біздің нейрожелілер 512 GPU NVIDIA суперкомпьютерінде 9 петабайт көлеміндегі деректер жиынтығы бойынша оқытылды. 9 ай ішінде екі өнімді іске қостық. Олар халықаралық деңгейде мойындалды. Бұл жетістіктер бізге Google нұсқасы бойынша әлемдегі үздік 25 стартап қатарына енуге мүмкіндік берді», – дейді Ерзат Дулат, Higgsfield компаниясының бас директоры.
Оның айтуынша, Higgsfield AI әзірлеген өнім мәтінді бейнеге айналдыруға қолайлы.
«Екі өнім әзірледік. Біріншісі – бейне және мәтіндер жасау процесін жеңілдететін мобильді контент студия болса, екіншісі – бизнестер мен білім беру саласына жаңа мүмкіндіктер ашатын контент генерациясының платформасы. Diffuse деп аталатын қосымша мәтінді бейнеге айналдыруға арналған арнайы модельге негізделген. Бұдан бөлек бейнелерді басынан бастап жасауға немесе селфи түсіріп, сол адам қатысатын бейнебаян құрастыруға мүмкіндік береді. Барлық дайындалған өнім команда тарапынан жүзеге асырылады, бұл Қазақстан ЖИ мектебінің әлеуетін көрсетеді», – дейді ол.
Қазіргі уақытта Higgsfield AI ұсынған өнімдерді 2 миллионнан астам адам пайдаланады. Компания AI-ұйымдарының топ-185 қатарына енген.
Дереккөз: baq.kz
Пікірлер 0
Кіру пікір қалдыру үшін