Қазақстандық стартап IT-компаниядағы бағдарлама әзірлеушілерді оңай алмастыратын AI-бот жасап шығарды

18 жастағы Арсен Қылышбектің жасанды интеллектке негізделген жеке стартапы бар. WhoockAI — IT-компанияларға жас IT-әзірлеушілерді жасанды интеллектке алмастыруды ұсынады. Мұндай «электронды мамандар» арзан тұрады, кофе ішпейді, ал код жазғаны джундардан еш кем емес.


Astana Hub-пен бірлескен  «Қазақстандағы 100 стартаптың тарихы» жобасы үшін берген сұхбатында Арсен жасанды интеллекет күшіне неліктен сенетінін және инвесторларға идеяны ұсыну кезінде эйджизм қалай кедергі болатынын айтты.

Сайт жасаудан бастап, бірақ бағытты өзгерттік

— Биыл Астанадағы республикалық физика-математика мектебін бітірдім, әрі қарай оқымадым,  стартап пен қолымнан іс келетін салаға көбірек уақыт бөлемін деп шештім.

Жалпы кәсіпкерлікпен 14 жастан бері айналысамын. Бірінші жобам сайт жасайтын агенттік болды. WordPress-ті конструктор ретінде пайдаланып, интернет-дүкен, тендерге арналған сайт, т.б. күрделі жобаларды жасап жүрдік. Содан кейін білім беру стартапын қолға алдым, бірақ бұл ісім өнбеді, болмашы қателер көп болып, сол себепті жобаны үлкен нәрсеге айналдыра алмадым. Бірақ бұған еш өкінбеймін, себебі көп білім алдым, тәжірибе жинадым және көптеген адаммен таныстым.

Қазір Whoock-ты бірінші сыныптан бірге оқыған досым Ілияс Макировпен істеп жатырмыз. Ол төрт жылдан бері түрлі компанияларда бэкенд-әзірлеуші болып еңбек етіп жүр, мысалы, қазір Halyk Bank-те Middle+ бэкендер.

— Whoock-тің мәні не?

— Бастапқыда мәтіндік сұраныстар бойынша сайт конструкторын жасау идеясы болған. Бұған дейін веб-әзірлеуші болып жүріп, көптеген ноу-код шешімдер жасап көрдім, бірақ ешқайсысы ұнамады: кейбір плагиндерді php-ге қосып, деректер қорын қолмен өңдеуге  тура келді. Мен бағдарламалауды төртінші сыныптан бері үйреніп келемін және мұны істей аламын, бірақ техникалық тұрғыдан хабары жоқ адам болса, Тильдада да сайт жасай алмайды.

Иә, қазіргі сервистер сайт жасауды жеңілдетеді, дегенмен frontend, backend, деректер қоры дегендерді білмесе болмайды.

Whoock-тың мәні сол, кез келген адам сайт жасай алатындай no-code шешім құрау болатын. Дәл сол уақытта ChatGPT шықты, көбі жасанды интеллект кейбір нәрселерді жақсы, әрі жылдам жасай алатынын түсіне бастады. Сөйтіп, біз стартапқа AI енгіземіз деп шештік.

— Веб-әзірлеуді мүлдем түсінбейтін адам тек «әдемі сайт керек» деген сөйлеммен өзіне қажетті сайт жасай алатындай етуге бола ма?

— Болады, тек «әдемі» не екенін түсіну керек. Сол адамның, оның бизнесінің қажеттілігін зерттеу керек. Өйткені оның күрделі финтех бизнесі болса, қызғылт реңктегі және жеңіл стильді веб-сайтты әдемі деп санауы екіталай. Сондықтан біз ол адамнан алдымен бизнесін сипаттауды сұрадық,  үлкен сауалнама толтырттық, одан компанияның немен айналысатыны түсінікті болды. Соған қарап біз бірнеше нұсқаның ішінен біреуін таңдауды сұрап, содан кейін толық веб-сайт жасап бердік.

— Бұл сайттар толыққанды веб-ресурстарға қаншалықты ұқсайды? Қателер болды ма? Оларды толтырып,  дамытуға бола ма?

— SEO-ны оңтайландыру және өңдеуде кейбір қиындықтар болды. Мысалы, фон мен түсті өзгерту үшін қатарынан бес сұрау жіберсе, белгілі бір уақытта бәрі бұзылады. AI моделінде токендерге шектеу қойылғандықтан, сайт дамыған сайын кодтың өлшемі артады және модель енді оны толығымен өңдей алмайды.

Бірақ менің ойымша, егер сұраныстарды дұрыс өңдейтін жасанды интеллект дұрыс қосылған болса, мұның бәрінен өтуге болады.

Дегенмен, біз стартаптың бұл бағытын одан әрі дамытпаймыз деп шештік. Бірақ басқа себеппен: бета-тестілеуден кейін бұл бізге қажет емес екенін түсіндік. Шындығында, B2C-де жұмыс істеу өте қиын: үнемі бизнесі үшін веб-сайт жасағысы келетін жаңа клиенттерді іздеу керек. Одан да  жұмыс істеп тұрған бизнеске дайын AI шешімдерді ұсынайық дедік. Яғни, біз AI-мен жұмыс істеуден мықты екенімізді түсіндік және бұл дағдыны басқа компанияларға сатамыз деп шештік: атап айтқанда, әзірлеушілерге жұмсалатын ақшаны азайту үшін IT-бизнеске жасанды интеллект енгізуге көмектесе бастадық.

Сондықтан, Whoock-тың қазіргі негізгі идеясы – компаниялардың техникалық командаларындағы джундарды алмастырамыз. Яғни, олар біздің жасанды интеллектімізді бот ретінде қосады, оған тапсырма береді, ал жасанды интеллек адам сияқты код жазады. Болашақта бұл виртуалды джун поштадағы хабарламаларға жауап бере алатындай және командалық жиналыстарға қатыса алатындай функцияны кеңейтуді жоспарлап отырмыз.

AI джуны үшін $149

— Сіздің өнім кімге арналған?

— Бәрі қолданса болады: стартаптардың әзірлеушілерге арналған бюджеті жоқ, бірақ олар тез арада шешім құрастырып, гипотезаларды сынауы керек. IT-компанияларда бос жұмыс орындары бар, бұл қызметкерлерді біздің бот-әзірлеуші алмастыра алады. Тіпті ірі компаниялар веб-әзірлеушілерді жасанды интеллектпен алмастыру арқылы көп ақша үнемдей алады. Қазақстанда джундардың жалақысы айтарлықтай төмен, ал АҚШ-та тіпті жаңа бастаған IT-маманына көп ақша төлеу керек. Компанияның әзірлеушіге жұмсайтын шығыны тек жалақы ғана емес, сонымен қатар бонустар, салықтар, оқыту және т.б. Бір джунды жалдау үшін компания орташа есеппен 4 мың доллар жұмсайды дегенді естідім. Бұған компаниядағы джунды оқытып, тәрбиелейтін тәлімгердің және онбординг шығынын қосу керек. Бұл көп ақша, оған қоса бұл маман бұдан да қолайлы жағдай ұсынған басқа компанияға ауысып кетуі мүмкін.

— Джунның жалақысы мен сіздің AI ботыңыздың құнын салыстырып көрейікші?

— Біздің ботқа ай сайынғы жазылу үшін компания $149 төлейді. Қазақстандағы джундардың орташа жалақысы 400-500 доллар болса, АҚШ-та мыңдаған доллармен өлшенеді. Сөйте тұра, біздің AI әзірлеуші джунның жұмыс көлемін орындайды.

Болашақта динамикалық баға қойғымыз келеді: клиент белгіленген соманы емес, біздің өнімді нақты пайдаланған сомасын ғана төлейді.

— Сіздің бот компанияға қалай «жұмысқа орналасады»?

— Біз екі әзірлеу платформасымен жұмыс істейміз: GitHub және Jira. Компаниямен бірге ботты сол жерге қосамыз, содан кейін Jira-дағы менеджер боттың атын белгілеп, оған адамға сияқты тапсырма береді. Ал GitHub-тағы бот алынған нұсқауларға сәйкес код жазады.

— Қандай тапсырма?  Мысал келтіре аласыз ба?

— Компанияның коды GitHub-та сақталған веб-сайты бар делік. Jira-да менеджер: «фон түсін ақтан ашық сұрға өзгертіңіз» деп жаза алады. Қай кодты және қай файлды өзгерту керек екенін көрсетпей-ақ, жазады. Бот бұл сұрауды өңдейді және GitHub-та бөлек бөлімшеге қажетті кодты жазады. Содан кейін тимлид оны қарайды, егер бәрі дұрыс болса, жобаға қолданады.

— Junior-маманмен салыстырғанда кодтың сапасы қандай?

— Код джундардың жазғанынан әлдеқайда таза. Мықты джунның деңгейі дер едім.

— 149 долларға бұл электронды құрылғыны тәулік бойы пайдалануға бола ма? Немесе шектеу бар ма?

— Біздің боттар салаларға бөлінеді: фронтенд және бэкэнд, веб және мобильді әзірлеу. Яғни, бұл әр түрлі боттар, олардың әрқайсысы өз міндетін орындай алады.

Сондай-ақ, әр боттың аптасына 10 тапсырма шегі бар. Егер компанияға бұдан көп қажет болса, онда екінші, үшінші ботты сатып алып, қосады.

—  Бұл шектеудің себебі неде?

— Біріншіден, бұл IT-әзірлеуші аптасына орындай алатын тапсырмалардың орташа саны. Екіншіден, модельге жүктемені ескердік: біз ChatGPT пайдаланамыз және пайдаланылған әрбір мың токен үшін төлейміз. Оған қоса, біздің үлгілер мен серверлердің шығыны бар, баға мен шектеу осының негізінде қалыптасты.

Бірақ өнімділікке келетін болсақ, ол компаниядағы орташа джун жаза алатын күнделікті 100 жол кодты жазады.

— Компанияларға сіздің боттарды пайдаланудан гөрі ChatGPT-ті қосуға не кедергі?

— Жай ғана ChatGPT қосу жұмыс істемейді, өйткені оның өз шегі бар және ол кодтың үлкен репозиторийін өңдей алмайды. Біз алдымен ChatGPT арқылы өте оңай өңделуі үшін бұл деректерді өз алгоритмімізді пайдаланып қысамыз, өнім ішіндегі бүкіл репозиторийді өңдейміз. .js кеңейтімі бар 30 мың файл болса да, біз оларды оңай өңдей аламыз, оларға үлгі жасаймыз және бот қажетті кодты жаза алады – ол қандай тілдер мен технологияларды пайдалану керектігін және бұл өнім не туралы екенін білетін болады.

— Код жазатын бәсекелестеріңіз бар ма?

— Біз қолданатын ChatGPT кодты жақсы жазады, бірақ оған жоба мен компания туралы ақпарат беру керек. Copilot та кодты жақсы жазады, бірақ оны адам жазып бастап беруі керек. Жақында біздікіне ұқсайтын стартап туралы жаңалық шықты – олар да қызметкерлерді боттармен алмастырады екен. Дегенмен, олар әзірлеушіні емес, сату, колл- орталығы және маркетингтегі мамандарды алмастыруды ұсынады.

Жалпы, қазір дәл біз істеп жатқандағыдай стартапты көрген емеспін.

Орталық Азия АҚШ нарығы алдындағы сынақ алаңы іспеттес

— Стартапқа қазір бірінші кезекте не қажет?

— Қазір біз Орталық Азия нарығын сынақ алаңы ретінде қолданамыз. Бірақ мұнда өнімді сатып, өсу өте қиын, өйткені IT-әзірлеушілердің деңгейі жоғары, бірақ жалақысы аз. Компаниялар үшін тиын тұрады деп айта аламын, жақсы джун үшін айына 500 доллар төлеу не тәйірі?

Сондықтан бұл жерде біз жай ғана стартапымызды тексеріп, кері байланыс алып отырмыз. Ал мақсатымыз – АҚШ пен Шығыс Азия нарықтарына шығу, ол жақтарда әзірлеушілер қымбат және жұмысының сапасы жоғары емес.

Қазір АҚШ-та Astana Hub және Draper университетінің Кремний алқабындағы Hero Training  акселерация бағдарламасына қатысып жүрмін. Басты мақсатым – осында тәжірибе жинақтап, нетворкинг құру. Америка нарығына шығу үшін инвестиция тартқым келеді.

Айтпақшы, қазірдің өзінде екі қазақстандық бизнес-періштемен келіссөз жүргізіп жатырмыз: егер біз клиент тарту және MRR бойынша белгілі бір KPI-ді орындасақ, олар біздің стартапқа $100 мың инвестиция салуға дайын. Бірақ, бұл раундта бізге $200 мың қажет, ол үшін жаһандық қорларды көбірек тартсақ жақсы болар еді.

— $200 мың не үшін қажет?

— Әзірлеушілерге, біздің командаға және өнімді сату үшін керек. Басқаша айтқанда, АҚШ-қа барып, жергілікті нарыққа шығуға көмектесетін адамдарды табу үшін керек. Сондықтан біз инвестиция тартып жатырмыз.

— Орталық Азияның “сынақ алаңында” ақша таба алдыңыз ба?

— Қазір бізде бес клиент және $2000 құрайтын MRR бар. Бұлардың барлығы гипотезаларды жылдам тексеруді қажет ететін, бірақ әзірлеушілер үшін бюджеті жоқ ерте сатыдағы стартаптар. Біздің көмегімізбен олар өз өнімдерін жасай алады.

Және біз де өсіп келеміз: мен айтқанымдай, бізде клиенттер саны мен MRR бойынша әлеуетті инвесторлардың KPI көрсеткіштері бар, соларды орындауымыз керек. Бірақ бұл сандарды айта алмаймын.

18 жаста байсалды адам екеніңді қалай дәлелдеуге болады

— Мектепті жаңа бітіргеніңізді ескерсек, инвесторлармен қарым-қатынаста қиындықтар бар ма?

— Иә, жас ерекшелігіне байланысты мәселе бар. Әлемдегі стартап негізін қалаушының орташа жасына қарасақ, ол 40+ жасты құрайды, яғни ол ересек және жетілген адам болуы керек. Марк Цукерберг, Стив Джобс және басқаларын есепке алмағанда. Сондықтан инвесторлармен сөйлесу өте қиын, олар мені бала көреді.

Кез келген ересек адам инвесторды тек өзінің стартап идеясына сендіруі керек болса, мен алдымен байсалды адам екенімді сендіруім керек, содан кейін ғана идея туралы айта аламын.

Бұған қоса Қазақстанда мектептегі жалған стартаптар мәселесі бар. Америкалық университеттерге оқуға түсу үшін мектептен тыс іс-шаралардың мысалы ретінде жеке стартаптың болуы плюс саналады. Сондықтан мектеп оқушылары портфолиоға қосу үшін өсу әлеуеті жоқ стартаптарды ойлап шығарады. Бірақ сөйте тұра инвесторларға барып, танысуға тырысады. Солардың кесірінен маған да оқуға түскісі келіп, сол үшін Whoock-ты жасап шығарған мектеп оқушысы ретінде қарайды. Бірақ шын мәнінде олай емес, менің басқа ниетім бар.

— Қазақстандағы стартаптардың дамуына жасалып отырған жағдайды қалай бағалайсыз?

— Жалпы, бізде бұған ресурстар бар екеніне қуаныштымын. Оларды, әрине, Америкадағымен салыстыруға келмейді, бірақ сол бір Astana Hub-тың әртүрлі іс-шаралар өткізетіні, акселераторлар, инкубаторлар және венчурлық қорлар бар екені өте жақсы. Бұл ресурстар стартапты бастауға мүмкіндік береді. Бірақ өсу кезеңінде  біршама қиындық бар, тек қазақстандық венчурлық инвесторлар ғана емес, әлемдік қорлар да жобаларымызға қызығушылық танытса деймін. Бірақ алдағы 2-3 жылда жағдай жақсарып, қазақстандық стартаптардың жаһандық нарыққа жылдам шығу кейстері көбейеді деп ойлаймын.

Жасанды интеллект senior-әзірлеушілерді қашан алмастырады

— Нейрон желілердің айналасындағы хайп туралы не ойлайсыз? Дүрмек басылғанда не қалады?

— Бұл барлық технологияда болатын жайт: алдымен үлкен бум болады, оны әркім қолдана бастайды. Қазір де барлық компанияларда AI-ды өз саласында қолдану тренді бар. Сәнге айналған.

Қазіргі уақытта AI қолданылатын  түрлі құралдар бар, олар мүлдем түсініксіз нәрселерді жасап жатыр: керемет көрінетін шығар, бірақ ол не үшін және кімге керек екені белгісіз. Ал жағдай тұрақталған кезде, нарыққа шынымен қажет мықты өнімдер қалады.

Менің ойымша, алдағы бес жылдың ішінде көптеген салада адам еңбегін жасанды интеллект алмастырады. Әсіресе, әзірлеушілерді. Егер пайдаланушылардың ақымақ сұрақтарына байланысты ChatGPT математикалық сұрақтарға жауап беруде және кейбір басқа салаларда нәтиже шығаруда нашарлай бастаса, әзірлеуде керісінше, кодты бастапқыдағыдан да жақсы жаза бастады. Себебі оны тәжірибелі инженерлер қолданады, олар модельге көбірек байланыс құрып,  ақылды болуға мүмкіндік беретін нақты сұрақтар қояды. Егер осылай жалғаса берсе, бес жылдан кейін AI тіпті senior-әзірлеушілер мен тимлидтерді  алмастыруы мүмкін.

— Сіздің стартаптың көмегімен жоба менеджерлері нақты емес сұрақтарымен ChatGPT және әзірлеу саласының деградациясына әкеліп соқтырмай ма?

– Жоқ деп ойлаймын. Өйткені «фонды өзгерту» сияқты өте қарапайым сұраулар да модельге жаңа байланыстар орнатуға және дамуға көмектеседі.

— Whoock-ті техникалық дамыту бойынша қандай жоспарыңыз бар? Мүмкін сіз ChatGPT-ге тәуелді болмау үшін өзіңіздің жеке AI үлгісін жасағыңыз келетін шығар?

– Қызық сұрақ екен, біз ол туралы ойладық. Нәтижесінде жеке үлгі жазу өте қымбат және қиын екенін түсіндік. Стартап бағытын өзгерту керек: OpenAI-пен бәсекеге түсіп, модельді сату керек.

ChatGPT-ке тәуелді болудан еш қауіп жоқ деп шештік,  олар да бизнестің осы үлгіні қолданып,  ақша төлейтініне мүдделі.  Бұл әзірлеушіге үлгіні одан әрі дамытуға және үйретуге,  жаңа зерттеулер жүргізуге мүмкіндік береді.

— Whoock-ты дамытуға  көзқарасыңыз қандай: оны қымбат сату үшін жақсы стартап құру ма немесе оны жаһандық корпорацияға айналдыру ма?

— Қазір істеп жатқан ісіміз, әрине, үлкен компанияға айналуы мүмкін. Бірақ мен оның бір сәтте өте жақсы сатылғанын қалаймын. Ең жақсы нұсқалардың бірі, менің ойымша, Microsoft.  Өйткені біз OpenAI өнімін қолданамыз, Whoock-ті GitHub-қа қосамыз, бұдан өте жақсы экожүйе шығар еді.

Ал болашақта, әрине, мен одан да үлкен және ауқымды нәрсе жасағым келеді. Бірақ оның не болатынын әлі білмеймін.

 

Пікірлер 3

Кіру пікір қалдыру үшін

ИИ-стартап WhoockAI, основанный 18-летним Арсеном Кылышбеком, представляет уникальное и инновационное решение для ИТ-компаний, предлагая заменить начинающих разработчиков искусственным интеллектом.

Жауап беру

👍👍👍

Жауап беру