Жүкті әйелдерге арналған қазақстандық жоба: On Moms стартабының негізін қалаушысымен сұхбат
Қазақ тілін мен контентін дамытуға бағытталған Qaz Startup Battle ІТ-стартаптарының бірінші байқауында қазақ тіліндегі жетекші сарапшылардың көмегімен жасалынған босануға дайындыққа арналған On Moms стартабы үшінші орынға ие болды. Жобаның негізін қалаушысы Сәбира Күлшімбаева – медицина ғылымдарының докторы, акушер-гинеколог, психолог, жүкті әйелдерге арналған On-moms академиясының меңгерушісі, сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласының №2 көпсалалы қалалық ауруханада босануға дайындық бойынша жаттықтырушы.
Ол сұхбатта болашақ аналарға арналған жобаны жасауға не түрткі болғаны, стартаптың қалай дамып жатқаны және қазақ тілін мен контентін дамытуға бағытталған Qaz Startup Battle IT-стартаптарының тұңғыш байқауы туралы айтып берді.
- Сізге On Moms жобасын жасау идеясы қалай келді? Сіздің жобаңыз қандай проблеманы шешеді?
- Бұл идея маған Жезқазған қаласында тұрып жатқан жүкті әйелден хат келгеннен кейін келді: ол екінші баласын босанудан қатты қорықты, өйткені оның тұңғышы әйел толғақ кезінде дәрігерлерді тыңдамай, қатты күшенгенде шаршағаннан нәрестесі тұншығып қайтыс болды. Ол қазақ тіліндегі босану курстары болмағандықтан дұрыс дайындала алмаған.
Ал мұндай жағдайлар көп, өйткені бізде халықтың 62 пайызы – қазақтілді, жүкті әйелдер ауылдық жерде босанады, шұғыл сараптамалық көмек алуға мүмкіндіктері жоқ, облыстық ауруханаға жетуге көп уақыт кетеді, қаражаттары қалаға келіп тууға жеткіліксіз, климаттық жағдайлар (көктайғақ немесе қырық градустық ыстық) кедергі келтіреді, бұл болашақ ананың денсаулығына да зиян тигізеді.
Біз бұл мәселені Оңтүстік Қазақстан облыстарында тереңірек зерттей бастадық, өйткені бұл аймақта бала туу көрсеткіші жоғары. Дәл сол кезде біз мына жағдайға тап болдық: елді мекендердің көптеген тұрғындары орыс тілін түсінбейді екен.
- Жобаны әзірлеу барысында тағы қандай қиындықтарға тап болдыңыз?
- Шетелде босануға дайындық мәдениеті міндетті, АҚШ-та және Еуропаның көптеген елдерінде босануға дайындыққа үлкен көңіл бөлінеді, біздің елде бұл мәдениет әлі дамымаған - бұл бірінші нәрсе. Әр адам өз денсаулығына және болашақ балаларының денсаулығына жауапты болуы тиіс.
Екіншісі – азаматтардың ІТ-сауаттылығының жеткіліксіз деңгейі. Біздің ақпаратымыз бойынша, көптеген адамдар веб-сайтты қалай пайдалану керектігін немесе WhatsApp ботын басқаруды білмейді. Біз осыны ескеріп, бейне курстарды Қазақстанның кез келген жерінен босанатын әйелдерге ыңғайлы әрі қолжетімді етуді шештік. Бейне оқулықтарда біз оларға босану қорқынышын қалай жеңуге болатынын, босану кезінде қалай дұрыс тыныс алу керектігін және босанғаннан кейін психикалық денсаулықты қалай сақтау керектігін айтамыз. Біз үшін қазақ тілінде мамандардың жүйеленген және сенімді ақпараты арқылы әйелдердің сауаттылығын арттыру маңызды.
Тағы бір қиындық, біздің мобильді қосымшамызды босанатын қазақтілді әйелдердің бәрі біле қоймайды. Біз бүкіл Қазақстан бойынша осындай маңызды жаңалықтар туралы көбірек айтылуын қалаймыз.
- Сіздің жобаңыз іске асырудың қай кезеңінде және оны дамыту бойынша қандай жоспарларыңыз бар?
- Біздің жоба MVP сатысында, яғни біз минималды өміршең өнімді жасап, сатылымдарды енгізіп жатырмыз.
Қазір мобильді қосымшаны жүйелеу үшін инвесторлар іздестіріп жатырмыз. Қазақ тілі мен контентін дамытуға бағытталған IT-стартаптарға арналған Qaz Startup Battle байқауында үшінші орынға Astana Hub халықаралық IT стартаптар технопаркінің 500 000 теңге гранты бізге көп көмегін тигізетінін атап өткім келеді.
Кейін бізге қосымшаны жылдам масштабтау үшін инвестиция қажет болады. Мен Huggies, Johnson & Johnson және т.б. сияқты балалар мен аналарға қажетті өнімдерді шығаратын ірі серіктестермен ынтымақтастық орнату керек екенін түсінемін. Оған қоса, біз Қазақстан және ТМД компанияларымен жұмыс істеуді жоспарлап отырмыз.
Біз сондай-ақ start-time.kz краудфандин платформасында қосымшаны жүзеге асыру үшін ақша жинаймыз және адамдарды дені сау ұлт болашағына үлес қосуға шақырамыз.
- On Moms жобасы IT-стартаптарға арналған Qaz Startup Battle байқауының жеңімпаздарының бірі болды. Оқиға туралы не айта аласыз?
- Біз жарыс туралы Назарбаев Университетінің акселераторы арқылы біліп, бірден қатысуға өтінім бердік. Шынымды айтсам, байқаудың қазылар алқасының барлығы ер адамдар болғандықтан, жеңеміз деп ойламадық. Дегенмен, IT саласындағы өз саласының мамандары ретінде ғана емес, сонымен қатар бала денсаулығының маңыздылығын түсінетін қамқор серіктестер ретінде жүкті әйелдерге көмек көрсетудің өзектілігін атап, мемлекеттік қызметкерлер мен бизнесмендердің жобаға қызығушылық танытқаны бізді таң қалдырды! Көп рақмет.
Пікірлер 0
Кіру пікір қалдыру үшін