Қазақстандықтар АҚШ-та чат-ботты іске қосып, AI-ді қолданатын ең табысты 10 қосымшаның қатарына енді. Олар бұған қалай қол жеткізді?

GoatChat.ai әдеттегі стартап емес. Ол көзге көрінетін мәселені шешпейді, бірақ алғашқы айдан-ақ әртүрлі елде App Store-дан ең көп жүктелген қосымшалардың қатарында болып, табыс әкеле бастады. GoatChat қосымшасы Chat GPT-ге ұқсас үлкен тілдік модельдер (LLM) негізінде жұмыс істейді. Бұл цифрлық көшірме, сурет, әңгіме және т.б. шығаруға мүмкіндік береді.


АҚШ-та компания ашпастан бұрын стартаптың негізін қалаушылар IT-аутсорста табысқа жеткен. Олардың жаһандық нарықтағы алғашқы жобасы – ADAPT маркетплейстер конструкторы болды, содан кейін олар AI саласындағы research-компанияға айналды. Оның негізін қалаушы Ербол Көпжасар Digital Business және Astana Hub бірлескен «Қазақстанның 100 стартап тарихы» жобасы үшін GoatChat не істей алатынын, 12 адамнан тұратын стартап Алқаптың технологиялық алпауыттарымен қалай бәсекелесе алатынын және AI индустриясы қайда бағыт алғанын айтып берді.

«50-60 түрлі модельді сынақтан өткіздік, қазір соның он шақтысын қолданамыз»

– Ербол, стартап саласына қалай келдіңіз?

– 16 жасымда Ұлыбританияға (Newcastle University) оқуға түстім. Оқу үлгерімім жоғары болып, үшінші курсқа дейін тегін оқыдым. Университетті бітірерге жақын бір мессенджерде әзірлеуші болып жұмыс істедім, сонда да Қазақстанға қайтамын деп шештім.

Әуелі nFactorial мектебінде тәлімгер болдым. Содан кейін мемлекеттік сектор қалай жұмыс істейтінін түсіну үшін Астана халықаралық қаржы орталығына жұмысқа тұрдым. Ол кезде де бағдарлама әзірлеуге тапсырыс түсіп жатты, бірақ кодты өзім жазғым келмеді. Сондықтан басқараларға тапсырма беріп отыратын проджект-менеджер болдым. Етік сататын дүкеннен бастап ғаламторда тапсырыс беруші туралы шығатын ақпаратты қадағалауға арналған Python-ботқа дейін неше түрлі жоба болды.

Ербол Копжасар

Кейін бизнес-серіктесім Бақытжан Доспен таныстым. Екеуіміз Anytime сатып алған, қымбат көліктерді жалға алуға арналған Delimobil компаниясына мобильді қосымша жасау үшін бір жылға Мәскеуге кеттік. Әдетте софт жазғанда өмірлік жағдайларға сирек кездесесің, ал онда бізге көлік тұрағына ақы төлеуден бастап, тас жолда ұшып келе жатқан спорткардың қозғалтқышын тоқтатуға дейінгі тапсырмаларды шешуге тура келді. Қазақстанға оралған соң, өз жобамызбен айналысатын болдық.

– Жыл басында сіз тең құрылтайшымен бірге ADAPT стартапында жұмыс істедіңіз, тіпті оған $500 мың инвестиция тарттыңыз. Енді оған не болды?

– Оның дамуы терең жүйе интеграциясы бар жеке нарықтарға көбірек назар аударуды және тек соған бағытталуды талап етті, бұл біздің масштабталуға басымдық беріп отырған жоспарымызбен сәйкеспеді. Сондай-ақ бұл бизнесте клиенттерді тартудың құны айтарлықтай жоғары, тіпті біз АҚШ-та ғана емес, бұл көрсеткіші төмен Бразилияда да жұмыс істегенімізді ескерсек, біз үшін қымбатқа түсті. Жазылымды сатып алған пайдаланушылар үшін бұл қызмет әлі де қолжетімді, бірақ қолданбаны жүктеп алу мүмкіндігін шектедік.

Сонымен қатар, AI-ға сұраныстың күрт өсіп жатқанын көргенде, енді қай бағытта дамитынымызға ешкім күмән келтірмеді. Технологиялық серпіліс болды. Адамдар техникалық шектеулерге қарамастан, пайдаланушының жаңа тәжірибесі үшін бірден ақша төлей бастады.

– Енді стартап туралы айтайық. Неден басталды?

Ербол Копжасар

– Чат идеясы Бақытжан екеуіміз кезекті брейншторм жасап отырған кезде туды. Біздің командамыз да, жүзеге асырып жатқан идеяларымыз да «жынды». Технология жағынан да, өнім тұрғысынан да. Goat – бұл greatest of all time (барлық уақыттағы ең ұлы) сөз тіркесінің аббревиатурасы.

Адам нейрожелімен сөйлесе алса, неге Эйнштейнмен сөйлеспеске деп ойладық. Кез келген танымал тұлғаның атынан сөйлесіп, тілдік модельді үйретіп алуға болады. Адамдар оған төлеуге дайын екенін білгенде таңданысымызды жасыра алмадық. Одан әрі дамиық деп функционалды кеңейттік.

– Қосымшада қандай қызметтер бар?

– Қазір Goat Chat-та үш негізгі бөлім бар. Біріншісі – файл жүктеуге болатын онлайн-көмекші. Оған web-браузер қостық. Ғаламтордағы кез келген бетті ашып, біздің көмекшіміз ондағы ақпаратты қорытып, соның мазмұны негізінде сізбен сөйлесе алады. Бұл жағдайда тілдік модель Chat GPT-дің соңғы нұсқасындағы деректер қорына емес, ұсынылған ақпаратқа сүйенеді. Осы принциппен PDF-файл жүктеуге болады. Бір ерекшелігі, бұл модель негізінен ағылшын тілінде оқытылғандықтан, орыс тілінде әзірше жақсы жұмыс істемейді.

Ербол Копжасар

Екіншісі – explore. Бұл бөлімде қолданушы нарықта бар AI чат-боттарды пайдалана алады. Олардың көмегімен сурет, кескін, әңгіме болсын, түрлі визуал және мәтіндік контент жасайды.

Видеоны әзір жасай алмайды. Бұл өте қымбат. Қазақстандағы өндірістік видеокарталардың ең көп саны бізде болса да, жабдығымыз бұған жетпейді. Олардың есептеу қуатын тілдік модельдерді оқытуға немесе контент жасау үшін пайдалануға болады. Қазір бәрі AI деп аталады, бірақ негізі сурет пен видео генерациясының технологиясы әртүрлі.

Үшіншісі – цифрлық көшірме немесе кез келген кейіпкерді жасап шығару. Жеке чат-ботқа қажетті ақпаратты жүктесе жеткілікті, ол түрлі сұрақтарға жауап бере алады. Мысалы, қаржы сауаттылығы. Бұған қоса, онымен басқа адамдар да сөйлесе алады. Қажет болса, авторлық чат-ботты жетілдіруге болады. Бір қызығы, бот-көшірмемен сөйлескен кезде адамдар онлайн-көмекшімен салыстырғанда ботпен жиі амандасып, алғыс айтады.

Тегін нұсқасында 9 хабарлама жіберіп, 5 суретке дейін генерация жасауға болады. Ақылы нұсқасында шектеу жоқ және функциясы көп. Оған қоса, Chat GPT 4 негізінде үйретілген модельмен сөйлесуге болады. Жалпы алғанда 50-60 модельді сынақтан өткіздік, қазір соның он шақтысын пайдаланып жүрміз. Олардың бірнешеуі – өзіміздікі. Сөйте тұра, қолданушылардың 95%-ы екеуін – чат-бот пен көмекшіні пайдаланады.

«App Store-да 5 миллион рет жүктелгенбіз»

– Жазылым үлгісі қаншалықты тиімді екен?

Ербол Копжасар

– Біз табысты компаниямыз. Қосымша App Store-да қаңтардан бері бар. Наурызда Techcrunch бізді ең табысты 10 AI-стартап рейтингісіне қосты. Қазір App Store-да 5 млн-ға жақын жүктелім бар, жазылу құны елге байланысты. Мысалы, АҚШ-та апталық жазылым құны – $9,99, ай сайынғысы – $24,99, ал жылдық жазылымы – $99,99. Сөйте тұра, біз қолданушы қосымшада не үшін көбірек кідіретінін түсіну үшін AB-тест өткізіп, бағаны өзгертіп тұрамыз.

Жалпы, бағаны белгілеу – App Store-да өте маңызды жайт. Адамға әуелі апталық жазылымды көрсету керек пе, әлде бірден айлық жазылымды ұсынған дұрыс бола ма? Осындай сұрақтар өте көп және бәрін сынап көру керек. Бір жақсысы, гипотезамызды тексере алатын аудиториямыз бар.

– Қай жазылым түрін жиі сатып алады және қосымшада қалатын қолданушылар қаншалықты көп?

– Апталық жазылымды жиі алады деп ойлаймын. Сөйте тұра, белсенді аудиториямыз – айына шамамен 1 миллион адам. Ақпанның соңында тұрақты сатылым жасай бастадық. Күтпеген жерден Франция, Германия, Оңтүстік Корея, Польша және басқа елдердің App Store-нда үздік ондыққа кірген алғашқы қазақстандық қосымша біз болдық. Ол үшін бір реттік жүктеп алу көрсеткішінің жоғары болғаны емес, күнделікті жүктелім санының көп болғаны қажет.

Ербол Копжасар

Тағы бір маңызды көрсеткіш – қосымшаны қолдану жиілігі. Көптеген қосымшаның проблемасы – оларды адамдар әлеуметтік желіден өтіп жүктеп алады, бірақ бірден ашпайды, ұмытып кетеді.

– Компанияңыздың қазіргі құны қанша?

– Санынан шатасамын деп қорқамын, бірақ анығы соңғы екі жылда біз $1,2 млн инвестиция тарттық. Бұл 500 Startups, MOST VC және Мұрат Әбдірахмановтың қаражатын қоса алғандағы есеп. Қазір жаңа раундқа дайындалып жатырмыз және $30 млн-нан көп инвестиция тартқымыз келеді.

«Алқапта тек іргелі компаниялар бәсекелесе алады»

– Сіздің ойыңызша, қолданушылар үшін қосымшаның пайдасы қандай?

– Біреулер үшін қажетті ақпаратты тез алу мүмкіндігі. Мысалы, мысықты қалай жуындыру керек немесе сіздің қолыңыздан бәрі келетінін есту үшін. Қыркүйектің соңында студенттер арасында белсенділік жоғары болды. Чатты сондай-ақ имейлдер үшін жиі қолданады. Ал TikTok-қа жарнама берген кезде, ерлер аудиториясына арналған бейнероликте GoatChat жігітке бір хабарламаның көмегімен сүйіктісін қайтаруға қалай көмектескенін көрсетті.

Ербол Копжасар

Бәрін істеуге болатын сервисті елестетіп көріңізші. Модельді үздіксіз дамытып отырса, жаңа қолданушылық тәжірибе туады. Ал, research-бағытты дамытатын болсақ, үлкен үлес қосар едік.

– Зерттеу саласы сіздер үшін неге маңызды? Қосымша онсыз да табыс әкеліп жатыр ғой.

– Негізі, GoatСhat-тың аналогтары жетіп артылады, олардың көбінде бұрыннан жеке тілдік модельдері бар. Кремний алқабында тек іргелі компаниялар бәсекелес бола алады. Сондықтан да біз жабдықтар мен мамандарға көп ақша құйып жатырмыз. Қазақстанда біз тек үш AI-зерттеушіні таптық.

Қазір компанияда әзірлеушілер мен өнім командасынан бөлек, 5 зерттеуші жұмыс істейді. AI-зерттеу саласы қарқынды дамып жатыр. Күн сайын әрбірі теориялық тұрғыда қайсыбір саланы өзгерте алатын 7-8 ғылыми мақала жарияланып жатыр. Біз бір ғылыми мақала жарияладық, тағы бірнешеуін дайындап жатырмыз.

– Қай тақырыпқа зерттеу жүргізіп жатырсыздар?

– Бірінші мақаламыз зорлық-зомбылық секілді тыйым салынған тақырыптардың жауабын цензурадан өткізу жайын қозғайды. Мысал ретінде GOAT 7-ні алып, шектеулер жалпы кез келген жауап сапасының нашарлауына әкелетінін дәлелдедік. GPT 4-тен басқа барлық тіл үлгілері осы мәселеге тап болып жатыр. Оның іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін және қалай оқытылғанын ешкім білмейді.

Ербол Копжасар

Тілдік модельдерге қатысты шешілмеген тағы екі мәселе бар. Біріншісі – «галлюцинация» немесе жалған ақпарат беру. Екіншісі – мазмұнның ұзақтығы. Чатпен сөйлесу кезінде сізде хабарламадағы сөз санында немесе сессия санында шектеу бар. Әзірге тіл үлгілерінің шегі 32 мың токен немесе 16 мың сөз. Әзірлеушілер «Соғыс және Бейбітшілік 2» романын жақсы сапада жазуға қабілетті үлгіні әлі жасай алған жоқ.

Біз қазір де кітап жазып жатырмыз. Жаңа тілдік моделіміз 5 минутта 128 беттік оқиғаны құрап береді. Болашақта оның көмегімен кино сценарийін жазғымыз келеді. Тестілік нұсқаны қазірдің өзінде 10 мың адам жүктеп алды. Сюжет не туралы, басты кейіпкер кім екенін жазса жеткілікті, тілдік модель бәрін өзі жазып береді.

«Қарапайым және құрылымдалған деректерді жинау мүмкін емес салаларда өзгеріс көп уақытты алады»

– Нейрожелі ақыр соңында киносценаристер мен басқа да мамандарды жұмыссыз қалдыра ма?

– Бұл бүкіл AI индустриясының үлкен қаупі. Open AI өз әзірлемелерінің қауіпсіздігі үшін шамамен 10 миллион доллар бөлді. Бірақ бұл сома компанияның аппараттық құралдарға қанша жұмсайтынымен салыстырғанда көк тиын.

Қарапайым және құрылымдалған деректерді жинау мүмкін емес салаларда өзгеріс көп уақытты алады. AI оптимистер нейрожелі адамды толық ауыстырмайды, тек көмекші құрал болады деп есептейді. Алайда мен олармен келіспеймін. McDonald’s автоматты кассаларды орнатқан бойда компания кассир қызметкерлерінің санын қысқартты. Капитал әрқашан еңбек тиімділігін арттыруға ұмтылады. Тиісінше, сіздің құзыретіңізді ешқандай тілдік немесе басқа үлгі жасай алмайтын салаларды іздеу керек.

Ербол Копжасар

Мысалы, Калифорниядағы Cruise компаниясы жүргізушісі жоқ такси қызметін ұсынып жатыр. Әзілдейтін шама жоқ. Адамдар ереуілге шығып жатыр. Бұл дүниедегі экономикасы ең дамыған елдегі жағдай. Мұның бәрі оптимизм тудырмайды, бірақ менің ойымша, бара-бара жаңа мамандықтар пайда болатын сияқты. Мысалы, сценарий авторлары жазудан гөрі сценарийді өңдеп, идея ойлап табумен айналысады.

– Компанияны дамыту жоспарыңызбен бөлісіңізші?

– Біздің зерттеулеріміз бен үлгілерімізді басқа адамдар пайдаланғанын қалаймыз. Дәл сол OpenAI – ең алдымен өз зерттеулерінен ақша табудың жолын тапқан зерттеу компаниясы. Біз жаңа b2c өнімдерін шығаруды немесе жаңа технологияларды пайдалана отырып, қолда бар өнімдерді жаңартуды жалғастырамыз.

Сондай-ақ жақын арада команданы Сан-Францискоға толығымен көшіруді жоспарлап отырмыз. Бақытжан және команданың кейбір мүшелері сонда көшіп кетті. АҚШ-та үш жыл бұрын тіркелдік, өйткені біз о баста мың есе өсуге болатын нарықта дамығымыз келді. Айтпақшы, бізге Goat.ai доменін жүз мың долларға сатып алу ұсынылды. Бұл біздің өміріміздегі ең тиімді инвестиция болады деп ойламадық.

«Базалық консалтинг, соның ішінде үстірт сұрақтар AI-ға көшеді»

– Нарықта неше түрлі LLM бар. Қай тілдік модель үздік екенін қалай түсінуге болады?

Ербол Копжасар

– Бұл сұрақты ML инженеріне қойдым. Оpen-source қауымдастығы мыңдаған сұрақты қамтитын тестті пайдаланып модельдерді сынақтан өткізеді. Оның нәтижесі модель ақпараттың логикалық тізбегін қаншалықты жақсы құрайтынын көрсетеді. Chat GPT-дің бағасы шамамен 70 ұпай, ал Lama 2-де 68 ұпай. Екіншісі, айтпақшы, опенсорстыкі және оны әрі қарай оқытуға болады, AI энтузиастары бір-бірімен бәсекелесіп, сонымен айналысып жатыр. Біз де бұл ойынды ойнадық. Біздің Goat-7B жақсы рейтингке ие болды және ±10 мың рет жүктелді.

– Тақырыпты жалғастырсақ, АI-саласының дамуына қатысты болжамыңызбен бөліссеңіз?

– Ең алдымен, бұл кадр бойынша бейнегенерация. Модельдер бейнелерді бұрмалаусыз жасай алатын болса, ақпаратқа сенім болмайды. Елестетіп көріңізші, үш жылдан кейін алаяқтар сіздің анаңыздан нейрожелінің көмегімен жасалған бейне хабарлама жібереді. Негізгі deepfake технологиялары шамамен 5 жыл бұрын пайда болды, бірақ олар бейнелер арасындағы ұқсастық 95%-ға жеткенше жетіле береді. Бір жақсысы сол логиканы пайдаланып анимация жасауға болады.

Сондай-ақ, барлық негізгі консалтинг, соның ішінде, кейбір үстірт сұрақтар AI-ға көшеді. Мазмұнды шектеу мәселесі шешілсе, бағдарламашылар кодтауды азайтады. Қазірдің өзінде біз джундарды жұмысқа алмаймыз, өйткені әзірлеушілердің орнына код жазатын плагиндер бар. Бірақ бәрібір оны тексеріп, қатесі болса жөндеу керек.

Ербол Копжасар

Self-play пайда болған кезде бәрі міндетті түрде өзгереді. Біз қазір нейрожеліні үйретіп жатырмыз, енді бұл тапсырма үшін бөлек үлгілер пайда болуы мүмкін. Қарапайым сөзбен айтқанда бағдарламаны басқа бағдарлама оқытады және сынақтан өткізеді. Апта сайын осы тақырып бойынша жаңа мақалалар шығып жатыр, бірақ әзірге бәрі сәтсіз.

– AI саласын реттеу туралы не айтасыз? Әзірлеушілерді жасанды интеллектің дамуын бәсеңдетуге шақырып жатыр.

– АҚШ-та AI-ді қалай реттеуді капитал шешеді. Мысалы, Warner Bros. копирайтерлерінің құқығын қорғағысы келіп, сенаторлардың біріне $10 млн төлейді, ал ол қажетті заңды қорғап береді. Заң – бұл шантаж, ал егер AI компаниялар қолдайтын демократтар билікте болса, тиісті заңнама болады.

– Жақында Қазақстанда да жасанды интеллект технологияларын дамытудың маңыздылығы туралы айтыла бастады. Бұл қаншалықты болатын нәрсе деп ойлайсыз?

Ербол Копжасар

– Ол үшін Тайваньға барып, ең болмағанда университеттерге NVIDIA DGX H100 100 видеокартасын қойып беруді сұрау керек. Бір данасы $300 000 тұрады. Зерттеу жүргізу үшін оның 64 данасы керек. Қажетті жабдықты сатып алған күннің өзінде провайдер кезекке тұруды немесе көп ақша төлеуді сұрайды. Қазір мұндай ресурсқа иелік ету – саяси және элиталық мәселе.

 

Пікірлер 1

Кіру пікір қалдыру үшін

👍👍👍

Жауап беру