«Адамдарға салауатты қартаю мүмкіндігін бергіміз келеді». Қазақстандықтар деменцияны ерте сатыда анықтауға көмектесетін цифрлық тест әзірлеп шығарды.

Көкшетаулық Юсуп Тумгоев саналы ғұмырында кәсіпкерлікпен айналысады. Университеттің екінші курсында досы екеуі студенттерге Еуропадан әкелінген шоколад сатты. Үшінші курста жігіттер жазылу арқылы жөргек жеткізу қызметін іске қосты. Бұдан кейін тазалық құралдары саласында мемлекеттік сатып алумен айналысып, бизнес-орталықта кофехана ашты. Бұл жобалар жақсы кіріс әкелді.



Алайда дәстүрлі бизнес кейіпкерімізді қанаттандырған жоқ. Ол шабыт іздеп IT-саласына бет бұрды және сан мәрте қателесіп, ақыр соңында myMind жобасын әзірлеп шығарды. Бұл Альцгеймер (деменция) ауруын ерте сатыда анықтайтын цифрлық тест. Digital Business пен Astana Hub-тың «Қазақстандағы 100 стартаптың тарихы» біріккен жобасы үшін Юсуп оны MedTech-ке не жетелеп әкелгенін, Алматы облысындағы ауруханада не үшін жарты жыл жатқанын және виртуал клиниканың тұжырымдамасын қалай жүзеге асырып жүргенін айтты.

«Ресми мәлімет бойынша, біздің елде 10 мың адамға Альцгеймер ауруы диагнозы қойылған. Алайда, біз нақты сан әлдеқайда көп екенін білеміз»

– Сіздің бірінші стартап – FoodTech саласындағы жоба. Сол туралы айтыңызшы.

– Студент кезімізде достарымызбен KFC-ге барғанды ұнататынбыз. Онда үнемі ұзын-сонар кезек, қызмет көрсетуі нашар болатын. Кассаны ұялы телефонға көшірсе, жақсы болар еді деп ойладық. Мысалы: QR сканерлейсің, мәзір шығады, тапсырыс бересің, төлейсің. Ол үшін тек СРМ R_Keeper-мен интеграция қажет еді.

Юсуп Тумгоев

KFC-дің касса қызметкерлерімен сөйлесіп, тағамдар желісінің қаржы картинасын толық құруға қажетті деректерді біліп алдық. Кезек кесірінен туатын шығындардың есептеп, бұл ақпаратты аймақтық директорға көрсеттік. Оған ойымыз ұнады да, ол Алматыдағы бас кеңседе кездесу ұйымдастырды.

KFC кейсі McDonald’s-тың Қазақстандағы операциялық директорымен байланысқа шығуға көмектесті. Олар да ерекше қызығушылық білдірді. Бірақ, шыны керек, әрі қарай іс өнбеді.

– Не кедергі болды?

– Коронавирус пандемиясы. Дәл 2020 жылдың наурыз айы болатын. Локдаун басталып, біз Алматыға ұша алмай қалдық. Мейрамхана бизнесі ол кезде тұралап қалды. KFC мен McDonald’s-пен келіссөздер созылып кетті. Идеяны жүзеге асыруды қоя тұрып, басқа салаға ауысамыз деп шештік.

– Медицинаға ма?

– Ең айқын нұсқа осы болды. Біз кейін келе инвесторымыз болған Сейітжан Сыпабеков (Galamat Group медицина холдингінің басшысы – Digital Business ескертпесі) кездестірдік. Сөйтіп Covid-19 үшін цифрлық тест әзірлеуді бастадық. Кейін рентген, компьютерлік және магнитті-резонансты томография суреттерін қашықтан оқитын inVisum платформасын құруды шештік. Біздің елде, мүмкін Алматы мен Астананы есептемегенде, рентген суретін қарап, пациенттерге ақпарат беретін мамандар тапшы.

Юсуп Тумгоев

Командада ешкімнің бұған тәжірибесі мен құзыреті болмағандықтан, платформаны әзірлеуді аутсорсқа – алматылық студияға тапсырдық. Олар бәрін қалай болса солай істеген. Жобаны тоқтатуға тура келді. Қазір мұның бәрі факап болғанын мойындаймын.

– Осындай сәтсіздікке ұрына отырып, тағы бір MedTech-стартапты іске қосуға қалай батылыңыз барды? Оның үстіне, сіздің салалық біліміңіз жоқ.

– Сәтсіздік – бизнесте қалыпты жағдай. Соның ішінде IT-де. Бастысы – қателерді шолып шығып, әрі қарай жылжу. Бұған қоса, инвестор тарапынан қолдау болды. Ол доктор Жібек Жолдасовамен бірге Альцгеймер ауруын анықтайтын цифрлық тест жасау идеясын ұсынды.

Оған негіз ретінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) мен Деменциямен күрес жөніндегі әлемдік қауымдастықтар халықаралық федерациясының (ADI) деректерін алып, Жібек Жолдасованың әдістемесін енгіздік. Ол Орталық Азиядағы осы саладағы үздік мамандардың бірі.

– Қазақстан үшін деменция проблемасы қаншалықты өзекті?

–  ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметі бойынша біздің елде кем дегенде 10 мың адамға Альцгеймер дерті диагнозы қойылған. Алайда, сарапшылар сырқаттар саны әлдеқайда көп екенін, шамамен 200 мың адам болатынын айтады.

Юсуп Тумгоев

Әлемдік статистикаға қарасақ, 65 жастан асқан әрбір жетінші адам деменциядан зардап шегіп жүр. Және бұл коронавирусқа дейінгі деректер. Ал, коронавирус когнитивті функцияға кері әсер ететіні белгілі, сондықтан статистика одан сайын нашарлады. Қазір тәуекел тобының жас шамасы 50-ге төмендеді.

Ерте анықталған жағдайда ғана, регрессияны бәсеңдету арқылы деменциямен күресуге болатынын түсіну маңызды. Бұл пациенттерге салауатты қартаюға мүмкіндік береді.

«Есікке бір аптаға барып, 5 айға қалдым. Бұл өмірімдегі ең қиын кезеңнің бірі болды»

– myMind дегеніміз не?

– Бұл үш блоктан құралған цифрлық тест. Біріншісі – аурудың таралу қаупі факторларын жинау. Екіншісі – когнитивті тапсырмалар (жадында сақтау, есептеу, логика және т.б.). Үшіншісі – деменция белгілерінің ауырлығын бағалайтын сұрақтар. Олар пациенттің немесе оның қамқоршысының жауаптарына қарай бейімделеді.

Тестті компьютерде немесе смартфонда өтуге болады. Өнімді жасауға Көкшетаудан мектеп кезіндегі досым Никита Новожилов көмектесті, ол кейін біздің техникалық директорымыз болды.

– Кез келген медициналық өнім сынақтар мен зерттеулерден өтуі тиіс. Бұл мәселе қалай шешілді?

– Бастапқыда алгоритмді таныстарымыз бен Instagram-парақшамызға жазылғандар арасында сынадық. Олардан қария туыстарының тесттен өтуін өтіндік. Жалпы алғанда 100 шақты тест өткіздік. Деменция анықталған алғашқы кейстер болды. Алайда, бұл алгоритмнің өзінен гөрі өнімнің UX/UI бөлігін жетілдіруге көмектесті.

Юсуп Тумгоев

Бұдан кейін Алматыда доктор Жібек Жолдасованың 98 пациентіне алғаш рет нағыз зерттеу жүргіздік. Деменцияны анықтаудың жетілдірілген алгоритміне негіз болған жақсы нәтижелер алдық. Сонымен қатар тестілеу логикасын жетілдірдік.

–  Бірақ шешімнің тиімділігін түсіну үшін ол аздық етеді ғой…

– Келісемін. Бірақ біздің жолымыз болды. Өнімді тексерген кезде Жәмиля Әбеуовамен таныстық. Ол Алматы облысының Есік қаласындағы Еңбекшіқазақ көпсалалы ауданаралық ауруханасының директоры. Емдеу орнына 50 жастан асқан 40 мыңнан астам тұрғын тіркелген, бұл бізге өнімді тестілеу үшін кең мүмкіндік берді.

Зерттеу жүргізу кезінде 2 мыңнан астам пациент біздің тесттен өтті. Олардың жартысын мен жеке қадағаладым. Бұған қоса, 150-ден астам медбикені myMind көмегімен когнитивті құлдырауды анықтауды үйреттік. Осы үшін Есікте жоспарлағанымдай бір апта емес, 5 айдай болдым. Бірден айтайын, бұл өмірімдегі ең қиын кезең болды.

– Неліктен?

– Біріншіден, тұрмыстағы қиындықтар. Есікте жалға алатын пәтер жоқтың қасы. Қонақ үй жарамады. Медицина қызметкерлеріне арналған жатақханаға орналастым. Жағдайы адам тұрғысыз: 4 қабырғасы, орындығы, үстел, керует, матрасы бар. Кейде жуынудың өзі қиямет еді. Жігерленіп, бәрін жеңемін деп шештім. Алайда, қосымша Astana Hub пен Google for Startups-тың Silkway Accelerator бағдарламасына қатыстым, зерттеулерді қадағаладым, жобаның техникалық түзетулеріне қатыстым. Мұның бәрін қатар алып жүру қиын. Моральды тұрғыдан қысым болды. Жалпы айтқанда, күйзелістің не екенін білдім.

Юсуп Тумгоев

Екіншіден, орта медицина қызметкерлерімен жұмыс істеу оңай болмады. Олардың жүктемесі ауыр, сондықтан жаңадан бірдеңе оқуға уақыты да, ниеті де болған жоқ еді. Үлкен қарсылыққа тап болдық. Өнімді барынша жеңілдетіп қана бұл қиындықты жеңдік. Түндердің бірінде техникалық директорға хабарласып, «Никита, бәрін алып таста! Экранда тек «тест өту», «әрекет ету» және «нәтижені көру» түймелерін қалдыр» дедім.

Есіктегі аурухана басшылығы мен командамның зор қолдауы арқасында бәрінен өттік.

– Қиналғаныңыз ақталды ма?

– Тесттен өту уақытын әжептәуір қысқарттық. Өнімнің бірінші нұсқасында орташа есеппен 45 минут талап етілетін, екіншісінде – 10-15 минут жеткілікті. Қосымша сұрақтарды алып тастап, алгоритмді қажетті нәрсені сұрайтындай етіп бейімдедік.

Қазір үшінші итерациямен жұмыс істеп жатырмыз. 5 минуттық скрининг-тест әзірлеуді аяқтап қалдық. Ол уақыт пен ресурстарды айтарлықтай қысқартуға көмектеседі. Статистикаға сәйкес, респонденттердің шамамен 14%-ы ғана толық тестілеуге жатады.

«Біз өнімді қарапайым терапевт те деменцияны анықтай алатындай етіп жасаймыз»

– Сіз myMind-ты болашақта виртуал клиникаға айналдырғым келеді дедіңіз. Қалайша?

– Біз өнімді тіпті қарапайым терапевт деменцияны анықтап, науқастармен жұмыс істей алатындай етіп жасаймыз.

Біріншіден, жүйедегі тест те, оның нұсқаулығы да түсінікті. Көп жағдайда пациент медицина қызметкерлерінің көмегінсіз тесттен өте алады.

Юсуп Тумгоев

Екіншіден, платформада пациенттерді тестілеудің қадам бойынша нұсқаулығы мен реті көрсетілген. Дәрігер немесе медбикеге тек рет-ретімен бірнеше түймені басып, тест нәтижесін түсіндіру қалады.

Үшіншіден, жүйе ақпараттың қайдан алынғанын көрсететін «ақылды» кеңестер мен түсініктеме береді. Тестілеу кезінде де, оның нәтижесін түсіндіргенде де.

Төртіншіден, жүйе ауру тарихын толтыру және басқа медициналық құжаттаманы жүргізу бойынша жұмысты өзі істейді. Мысалы, қажет болса, анализдер жазып береді.

Сайып келгенде, біз аурудың диагнозын әр кезеңде сүйемелдейтін боламыз. Дәрігер тек танысып, диагнозды, сондай-ақ ұсынылған емдеуді түзетуі керек. Осылайша, дәстүрлі қабылдау 60-90 минутқа жалғасса, бұл ретте бір пациентке маман 20 минут жұмсайды.

– Софт, тіпті жасанды интеллект негізінде де, жеке тәсілді қажет ететін емді тағайындай ала ма?

– Деменция дәстүрлі жағдайда пациентпен сұхбат және когнитивті тестілеу өткізу жолымен анықталады. Когнитивті ауытқулар бар ма және ауру қандай сатыда екенін түсіну үшін түрлі сұрақтар мен тапсырмалар беріледі. Екі кезеңді де myMind-қа жүктедік.

Пациенттен ақпарат алған жүйе тарихи деректер пен кіріктірілген алгоритмдерді (олар дәлелді медицинаға негізделген) пайдаланып, емдеу нұсқаларын ұсынады. Сонымен бірге, пациенттің жағдайы мен деменцияның белгілі бір дәрежесіне байланысты анықталған белгілердің ауырлығына түсінік береді.

Юсуп Тумгоев

Қалай болғанда да, соңғы шешімді дәрігер қабылдайды. Виртуал клиника тек кеңес беріп, ақпараттық платформа ретінде қызмет етеді.

– Ал, егер пациенттің цифрлық тестті өз бетімен өтетін жағдайы болмаса?

– Әдетте, мұндай адамдарға туыстары күтім жасайды. Олар үнемі пациенттің жанында болып, онымен қашан қандай жағдай болатынын жақсы біледі, сондықтан тест сұрақтарына жауап бере алады. Шын мәнінде, бұл тәсіл деменцияны диагностикалаудың дәстүрлі әдістерінде де қолданылады.

Есіктегі «пилот» кезінде науқастардың тестке қалай реакция беретінін қарадық. Кері байланысты ескеріп, барынша жеңілдеттік. Енді науқастарды скринингтен өткізудің жылдам алгоритмі мен дәрігерге арналған тестілеудің қадамдық алгоритмін жүзеге асыру қалды. Сол бағытта әрекеттеніп жатырмыз.

«Түпкі мақсатымыз – жобаны АҚШ-та іске асыру»

– Есіктегі ауруханадан басқа, myMind тағы қай жерлерде қолданылады?

– Есіктегі сәтті тәжірибеден кейін бізге Жамбыл облысындағы клиникадан хабарласты. Одан кейін Ақтөбеден қызығушылық білдіргендер болды. Солардың есебінен ақша тауып жатырмыз – бір тест өткені үшін белгіленген сома аламыз.

myMind

Біз ұзақ уақыт бойы кері байланыстың көмегімен өнімді жетілдірдік, соншалықты ақша таппадық. Медицинада бұл цикл ұзағырақ.

Дегенмен, Денсаулық сақтау вице-министрімен кездестік. Ол Қазақстан бойынша тәуекел тобындағы адамдарды скринингтен өткізу үшін біздің шешімді іске асыруды ұсынды. Ондай жүктемеге жүйе де, команда да дайын болмаған соң, бұл жұмысты кейінге қалдырдық. Қазір біртіндеп шетел нарығын тестілеп, өнімді толық монетизациялауды бастағалы жатырмыз.

– Қазақстанда B2G-мен жұмыс істеу қиын емес пе?

– Олай демес едім. Қалай болғанда да, біздің тестті бүкіл ел бойынша жаппай енгізу үшін дәлелді негізі бар ғылыми зерттеу жұмысын әзірлеу керек. Сонда ғана Денсаулық сақтау министрлігі деңгейінде келіссөздер жүргізуге болады.

Қазақстанда B2G-сегментімен жұмыстың екі нұсқасын көріп отырмын. Біріншісі – Денсаулық сақтау министрлігінің көмегімен барлық клиникаға жасы 50-ден асқандардың скринингі аясында myMind қолдануды міндеттеу. Екіншісі – әр өңірдегі денсаулық сақтау басқармалары арқылы кіру. Біз қазір сол тәсілді байқап көріп жатырмыз. Алғашқы нәтижесі де бар.

Юсуп Тумгоев

Жалпы, жеке де, мемлекеттік те клиникаларға баруға дайынбыз. Жобамыз толық дайын болған кезде Қазақстан мен одан тыс жерде масштабталатын боламыз.

– myMind-ты тағы қай жерлерде іске асыруды жоспарлап отырсыз?

– Масштабтау нарығын таңдау жағынан Astana Hub пен Google for Startups-тың Silkway Accelerator бағдарламасы көп көмектесті. Онда мен де, командам да жобаны іске асыру географиясының шекарасы туралы түсінігімізді едәуір кеңейттік.

Акселератор кезінде Сауд Арабиясынан Cloud Solutions компаниясымен сөйлестік. Олар MENA-дағы ең ірі клиникалар желісі – Dr. Sulaiman Al Habib Hospital-ға техникалық қолдау көрсетеді. Оларға біздің шешім ұнады. Олар оны өзінің медициналық ақпараттық жүйесіне енгізуге дайын.

– Сауд Арабиясы мен MENA-ның өзге елдеріне шығу үшін сертификат немесе лицензия алу керек шығар. Бұл бағытта іс қалай өніп жатыр?

– Басқаша әрекет етіп, бағытымызды сәл өзгертеміз деп шештік.

Юсуп Тумгоев

Қазір алгоритм мен оның дәлелділігін емес, цифрлық платформа мен дәлелденген когнитивті тесттер негізінде деменцияны анықтаудың сараптамасын сатып жатырмыз. Когнитивті құлдырауды анықтау жалпыға танылған Монреаль когнитивті бағалау шкаласына негізделеді. Науқастың симптоматикасын жинау myMind-та қалады, ол кейін дәрігерге пациент туралы дәлелді ресурстарға түсініктемелер мен сілтемелерді қоса толық картинаны береді. Біз диагнозды растау үшін ғана дәрігерге пациентпен минимал байланыс жасауды қалдыра отырып, диагноз қоюды оффлайннан онлайнға көшіріп жатырмыз. Ол үшін көптеген рұқсат қағаздың қажеті жоқ.

Біздің түпкі мақсатымыз – АҚШ нарығына шығу. Бірақ, бәрі де әлі өзгеруі мүмкін. Не дегенмен стартаппыз ғой.

Дереккөз: https://digitalbusiness.kz/kk/2023-08-18/adamdargha-salawatty-qartayu-muemkindigin-bergimiz-keledi-qazaqstandyqtar-demenciyany-erte-satyda-anyqtawgha-koemektesetin-cifrlyq-test-aezirlep-shyghardy

 

Пікірлер 0

Кіру пікір қалдыру үшін