Виртуал 3D-пәтерлер Қазақстанда кімге керек? qMeta стартапы пәтердің виртуал-үлгісін жасау арқылы ақша табуды ойлап тапты

Қолмен ұстап, көзбен көрмеген нәрсені қалай сатып аласың? Ол қымбат дүние болса ше? Мысалы, құрылысы әлі басталмаған тұрғын үй кешеніндегі пәтер. Мәди Медет командасымен бірге Қазақстанда құрылыс компаниялары үшін көппәтерлі үйлердің шынайы 3D-моделін құрастыратын qMeta стартапын әзірлеп жатыр. Тұрғын үй кешенінің орнында тек іргетас шұңқыры болса да, оның болашақ тұрғындары VR-көзілдіріктің көмегімен үй мен пәтерлерді аралап шыға алады. Құрылыс компанияларына мұндай технологиялар не үшін қажет және модельдеуді қалай автоматтандыру керек екенін qMeta негізін қалаушы Digital Business пен Astana Hub-тың бірлескен «Қазақстанның 100 стартап тарихы» жобасында айтты.


Мектептерге VR қажет болмады

— Мен мобильді қосымша әзірлеушімін, қазір жеке мектепте информатикадан сабақ беремін және Расул Әбуов пен Айсұлтан Бақтығалимен бірге qMeta стартапын жасап жатырмыз. Екеуі де менің оқушыларым, бұған дейін мектепте ғылыми жобалармен айналыстық.

VR-технологияларды қолдану идеясы пандемия кезінде туды, ол кезде бәрі онлайн болып, тіпті мұғалімдер Microsoft Teams-тің видеоқоңыраулары көмегімен сабақ өткізетін.

Жігіттермен отырып бұл салада не істесек екен деп ойландық. Сөйтіп, неге физика мен химия пәндерін VR-көзілдірік қолданып өткізбеске деген ой келді. Жай видеоқоңыраудан осы қызық емес пе?

MVP құрап шықтық, стартаптарға арналған бірнеше конкурсқа қатыстық, жобаны монеталағымыз келді. Өнімді мектеп директорларына сатуды жоспарладық. Бірақ ойымыз жүзеге аспады.

— Виртуал шындық тақырыбы білім саласында неге қолдау таппады?

— Жоғарыға дейін барып, министрліктегілермен де сөйлестік. Алайда VR-ды мектептердің мемлекеттік құрылымына енгізу үшін білім беру жүйесін түбегейлі өзгерту керек, сатып алу жүйесі арқылы мектептерге VR-көзілдірік алдырту керек, арнайы сынып болуы керек және сол сияқты т.б. Олар бізге жеке сектордан бастауды кеңес етті.

Жеке мектептерге идеямыз ұнады, бірақ олар тегін пайдалансақ деді, бұл бізге қызық емес. Олар сондай-ақ оқытудың тиімділігіне күдіктенді, VR-көзілдірікті қолданып сынақ ретінде сабақ өткізсек те, олар бұл технологияға сенімсіздік танытты. Бәлкім бұған мектеп директорларының білім берудің ескі әдістеріне үйреніп қалғаны және инновацияны қабылдай алмағаны себеп болған шығар.

Біз басқа сала іздеуді жалғастырдық. Сөйтіп, бір күні жаттығу залынан шығып, киім ауыстыру бөлмесінде отырғанымда кездейсоқ бір кісімен сөйлесіп бастадым. Ол құрылыс компаниясының директоры екен. VR туралы идеямды қысқаша айтып бердім, содан кейін біз командамен бірге тағы бір кездесіп, жобаны көрсеттік. VR-көзілдірікпен тұрғын үй кешеніне виртуалды тур жасаймыз деп келістік, бірден MVP құрап шықтық.

Үй әлі салынбаса да, пәтерге кіруге болады

— Қазір qMeta не істей алады?

— Портфолиомызда Ақтаудағы құрылыс компанияларының тұрғын үй кешендерінде жүзеге асырылған екі кейс бар. Құрастырылған үлгілер үйдің ауласын аралап, кіреберіске, лифтке кіріп, қажет қабатқа көтеріліп, жөндеу жасалған пәтерді қарап, тіпті терезеден көрінетін көріністі бағалауға мүмкіндік береді. VR- көзілдірікте мұның бәрі шынайы өмірдегідей көрінеді. Яғни біз сатып алушылар компьютерлік суретті шынайы көріністен ажырата алмайтындай жағдай жасадық.

Екінші технология – бұл VR-көзілдірік емес, үлкен сенсор экран арқылы жасалатын 3D-турлар. Онда да тұрғын үй кешенінің үш өлшемді үлгісін жан-жақтан қарап, әр қабат пен әр пәтердің жоспарын көруге болады. Экранға қосылған CRM-жүйе қай пәтерлер сатылғанын, қайсысы резервте тұрғанын және қайсысын сатып алуға болатынын көрсетеді.

Яғни, біз әлі шынайы өмірде жоқ пәтерде тұрып көруге мүмкіндік береміз. Әдетте, құрылыс компаниялары үйлерді іргетастың шұңқыры қазылып жатқан сатыда, құрылыс әлі басталмаған кезде сата бастайды. Сонда бүгінгі күні адамдар сатып алу туралы шешімді  қалай қабылдайды? Сату бөліміндегілер көп болса пәтер жобасының суреттерін немесе рендер көрсетеді. Ал виртуал шындықтың көмегімен адам өзін болашақ пәтерінде жүргендей сезіне алады, кіріп, қандай жөндеу жасайтынын, жиһазды қайда орналастыратынын елестете алады. Сөйтіп пәтерді сатып аламын деп тез шешім қабылдайды.

Шынында да солай. Мысалы, халықаралық тәжірибе көрсеткендей, құрылыстың бастапқы сатысында тұрғын үйлердегі сатылым виртуал шындықтың көмегімен екі есе өседі. Құрылыс компаниясының кеңсесіне келіп, 3D-көзілдірік таққан әрбір үшінші клиент пәтер сатып алады. Біздің Orda Palace пен Samal Avenue тұрғын үй кешендеріндегі тәжірибеміз осының айғағы. Клиенттер кеңседе ұзағырақ болып, қосымша сұрақ қояды, қызығушылық танытады, үлкен әсер алады. Серіктестерімізден осындай фидбек алдық.

Өзім де жақында Алматыда пәтер іздедім. Құрылыс компанияларын араладым. Бәрі де пәтерлер жоспарының қағаздағы 2D-нұсқасын көрсетті және саусақпен түсіндірді. Үйлер салынып бітпеген, сондықтан олар мені қызықтыра алмады. Ақырында екінші деңгейлі нарықтан дайын пәтерді сатып алдым. Егер маған болашақ пәтерімді көрсеткенде, бұл нұсқаны қарастырар едім. Оған қоса заманауи технологияларды пайдаланатын құрылыс компаниясынан жақсы әсер алып шығар едім.

— Виртуал 3D-турларды қалай дайындайсыздар?

— Құрылыс компаниясы біздің тізімдегі: архитектуралық сызбалар, өлшемдер, фронтальды  бөліктер, макеттер, қасбеттер, текстура мен материалдардың сипаттамасы және т.б. бойынша деректер ұсынады.

Біз бұнын бәрін есептеп, 3D-үлгіні жасаушылармен және бағдарламашылармен сөйлесіп, қанша уақытта жасайтынымызды талқылаймыз. Компанияға коммерциялық ұсыныс дайындаймыз. Егер бәрі жақсы болса, дронмен 360 градус түсірілім жасаймыз. Содан кейін, сызбаларға сүйене отырып, ойын қозғалтқыштарының көмегімен тұрғын үй кешенін толығымен имитациялаймыз, оны CRM-ге қосамыз және т.б. Нәтижесінде, біздің үлгіде пәтердің нақты өлшемі мен жоспары шығады.

Тони Старктың жобасы сияқты

— Тұрғын үй кешенінің үлгісін жасауға қанша уақыт кетеді?

— Жақында 15 үйден құралған тұрғын үй кешенін цифрландыру жайында келіссөз жүргіздік. Біздің есеп бойынша, 9 үйді цифрға көшіру үшін 4-5 ай қажет. Кешен шағын болса, 3-4 ай.

Бірақ бәрі үйдегі пәтер жоспарының санына, қасбеті мен тұрған жеріне байланысты. Мысалы, Алматыдағы нысанның үлгісін жасау керек болса, 3D-турда айналадағы таулардың сұлулығын, көрші тұрған саябақтарды, сауда орталықтарын, басқа да инфрақұрылымды көрсету үшін қосымша уақыт керек.

— Сіздің процестеріңізде не автоматтандырылған? Егер құрылыс компаниялары сізге дәл қазір топ-тобымен жүгінсе, оларды он жыл бойы күттіріп қоя алмайсыз ғой…

— Логика тұрғысынан бәрі автоматтандырылған, біз нақты жоба үшін нөлден бірдеңе ойлап таппаймыз, тек дайын логика мен қозғалтқыштарды аламыз. Ал үлгілерді жеке-жеке жасау керек, мұнда адам еңбегі қажет.

Алматының дайын үлгісін алып, тұрғын үй кешендерін қосуға да болады, қазір жаңа құралдар пайда болып жатыр, біз мұның бәрін бақылап, қолданамыз.

Жалпы, автоматтандыру мәселесі өте қиын. Біз барлық аспектілерді автоматтандыруға тырысамыз. Болашақта осымен көбірек айналысқым келеді. Бірақ бүгінде технология Тони Старктың голографиялық жобалау жүйесімен бірдей деңгейге әлі жеткен жоқ.

Егер бірдеңе пайда болса, мысалы, кішкене бөліктерді дәл және жылдам модельдеуге арналған құрал шықса, онда, әрине, біз оны қолданамыз.

— Сіздерді B2C сегменті қызықтыра ма? Мысалы, пәтерін сатқысы келетіндер үшін 3D-тур жасауға болады.

— Онша қызықтырмайды. Себебі біз қазір жоқ нәрсенің үлгісін жасап жатырмыз. Пәтерді сатып алмастан бұрын өзіңді виртуал пәтерде елестетіп көруге мүмкіндік береміз. Дайын пәтерде ештеңені елестетудің қажеті жоқ, ол бар дүние. Сондықтан оның фотосын жасаса, жеткілікті. Оны модельдеу артық және тиімсіз.

— Құрылыс компанияларының мұндай турларды жасатуға шамасы жете ме? Өйткені, біз $15 мыңнан астам сомалар туралы айтып отырмыз.

— Орта санаттағы тұрғын үй кешендерінде мұндай технологияларды пайдалану тиімсіз шығар. Біздің модельдеуіміз премиум-классқа бағытталған компанияларға көбірек қажет, бұл сегментте біздің өнімді бір пәтер сату арқылы өтеуге болады.

Жалпы, қазір барлығы пәтер сатып алатын 2021-2022 жылдармен салыстырғанда, клиенттер үшін бәсекелестік айтарлықтай өсті. Ал компаниялар қалайда ерекшеленуі керек. Солардың бірі – заманауи технологияларды пайдалану.

— Сіздердің бәсекелестеріңіз бар ма?

— Қазақстанда виртуалды және толықтырылған шындық саласындағы жасақтамамен айналысатын Singularity Lab компаниясы бар. Бірақ олар аутсорсер ретінде жұмыс істейтін сияқты, тапсырыс бойынша мобильді қосымшалардан бастап ойын қосымшаларына дейін жасайды. Ресейде біз сияқты технологияларды қолданатын үлкен компания бар. Бірақ ауқымдылығына байланысты олардың бағасы 5-6 есе қымбат.

Кейбір құрылыс компаниялары VR-ды өздері қолдануға тырысады, бірақ сапасы өте төмен: ғимараттар Minecraft-тағы кірпіштер жиынтығына ұқсайды, көлеңкесіз, эффектісіз және жарықсыз.

Тиімділікті дәлелдеу үшін «нөлге» жұмыс істеу

— Стартаптың экономикасы туралы айтсаңыз: жобаға қанша инвестиция салынды және қазір ол өзін ақтап жатыр ма?

— Біз бастапқы сатыдамыз, сондықтан инвестиция тартқан жоқпыз. Компьютерді өз ақшамызға сатып алдық, бірінші тапсырысты орындау үшін алдын ала төлемсіз 1 миллион теңгедей жұмсадық.

Стартап коммерциялық жоба ретінде жұмыс істегеніне жарты жылдай болды және осы уақыт ішінде екі жобаны жүзеге асырдық,  әзірше «нөлге», тапқан пайдамызды қосқан жоқпыз. Жыл соңына дейін өзімізді орнықтыру, жақсы кейстерді жинау және құрылыс компанияларына өнімнің тиімді жұмыс істейтінін дәлелдеу үшін тағы бірнеше жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Содан кейін ғана даму үшін инвестор іздейміз. Сондықтан қазір төмен баға ұсынып жүрміз.

— Айтпақшы, компаниялар жаңа технологияларға қалай қарайды?

— Жобаны Ақтауда бастадық, он компанияның екеуі ғана қызығушылық танытты. Көбі VR-көзілдіріктеріне күмәнмен қарайды: ересек сатып алушыларға мұны қалай түсіндіреміз дейді.

Бірақ біз сонда да компанияларға барып жүрміз, қосымша презентация жасаймыз, өнімді және коммуникацияны жақсартып,  тиімділігімізді дәлелдеуге тырысып жатырмыз.

Жалпы, алдағы бір-екі жылдың ішінде премиум санаттағы тұрғын үйлер салатын қазақстандық ірі компаниялардың нарығын толығымен жаулап алуды жоспарлап отырмыз. Нарықта осындай 20-25 құрылыс компаниясы ​​бар, көпшілігіне барып келдік: кейбірінің жаңа технологиялар мен тәжірибеге ашық екенін байқадық.

— Сіздерге инвестиция қажет пе? Не үшін?

– Иә, қажет. Ең алдымен, тез өсу үшін. Біз қазір күшімізді бағалау үшін әдейі үлкен көлемдегі жұмысты алмай жүрміз. Бірақ бір уақытта 5-6 тапсырыс келсе, бізге кеңсе керек болады, қазір қашықтан, әрқайсымыз үйімізден жұмыс істеп жатырмыз. Болашақта кеңсе ашып, құрал-жабдықтар сатып алып, көбірек жұмысшы жинап, жас, әрі болашағы зор қыз-жігіттерді іздеу керек. Қазақстандағы гейм-дев саласы Ресеймен және басқа шет елдермен салыстырғанда мүшкіл күйде екенін байқадық. Сондықтан жасақтама әзірлеушілерді Ресей Федерациясынан жұмысқа тартуға мәжбүрміз, бірақ болашақта жергілікті жігіттерді жинап, оларды нөлден бастап оқытқымыз келеді.

Сонымен қатар, бізде мүлдем басқа салада жаңа идеялар бар. Мысалы, біз қазір VR және 3D-мен байланысты автосалондарға арналған өнім әзірлеп жатырмыз. Бұл да инвестицияны қажет етеді.

Ең жоғары нүктені табу мотивациясы

— Басқа елдерге шығу туралы не айтасыз?

— Әзірге алдағы бір-екі жылда қазақстандық нарықты нысанаға алып отырмыз. Басқа елдер туралы толық түсінігіміз жоқ, бірақ, әрине, Қазақстан аумағынан шығып, БАӘ, Грузияға баратын боламыз. Барлық жерде тұрғын үй кешендері салынып жатыр, құрылыс компаниялары арасында бәсекелестік үлкен. Бұл жаңа технологияларға сұраныс бар, баға мен сапа жағынан тиімдірек боламыз деген сөз.

— Қазақстанда қаласыздар ма?

— Тапсырыс көлеміне байланысты. Тапсырыс көп болса, әрине, жергілікті кеңсе ашу керек. Ал көлемі мардымсыз болса, барлығын Қазақстанда жасап, қызметкерлерді келіссөздер жүргізу, аумақты тексеру және түсірілім жасау үшін іссапарға жіберуге болады.

— Болашақ стартапыңызды қалай елестетесіз?

— Философиялық сұрақ, өйткені бәрі өзгеруі мүмкін: бүгін мен сізге бір нәрсені айтамын, ал жарты жылдан кейін біз мүлде басқа бағытта дамуымыз мүмкін.

Мен үшін де, команда үшін де қай нүктеге жете алатынымыз қызық. Бізде ешқандай шектеу жоқ, мақсатымыз – ірі корпорацияға, атақты брендке айналу және бүкіл әлемге жұмыс істеу.

Әрқайсымызда қаржылық мотивация бар екені анық, бірақ біз көп компания ішінен ерекшеленгіміз келеді, үлкен істер атқарғымыз келеді, әлеуметтік жобаларды жүзеге асырғымыз келеді. Негізі, біз содан бастадық та – VR технологияларын пайдалана отырып білім беруді жақсартқымыз келді. Қоғамға пайдалы болу үшін жұмыс істеу мотивациясы әлі де бар.

Қазір кез келген стартап сияқты біз де уақытымызды, ұйқымызды, ақшамызды құрбан етіп, қиындықтарды бастан өткеріп жатырмыз. Бірақ бәрімізді біріктіретін бір мақсат – мықты жоба жасау және маңызды нәрсеге қол жеткізу.

https://digitalbusiness.kz/kk/2023-11-13/virtual-3d-pterler-azastanda-kmge-kerek-qmeta-startapi-pterd-virtual-lgsn-zhasau-arili-asha-tabudi-oylap-tapti/

 

 

 

Пікірлер 0

Кіру пікір қалдыру үшін