Корейлік стартаптар қазақстандық нарыққа қызығушылық танытуда
Astana Hub халықаралық ІТ-стартаптар технопаркінде қазақстандық-корейлік стартаптар форумы өтті. Іс-шара аясында денсаулық, сауда, ауыл шаруашылық, қоғамдық тамақтану, экология және қоршаған ортаны қорғау, логистика және ритейл саласындағы ІТ-стартаптар таныстырылды.
Корея Республикасы Сыртқы істер министрлігінің өкілі Ан Со Мин форумның ашылу салтанатында сөз сөйлеп, екі ел арасындағы жемісті ынтымақтастыққа сенім білдірді.
«Осындай форумға қатысу мен үшін үлкен мәртебе. Бизнес-идеялары бар корей жастарының талпынысын көріп, риза болып отырмын. Сондай-ақ қазақстандық IT-мамандармен кездескеніме қуаныштымын», - деді ол және стартаптарға жаңа нарықтарды бағындыруда сәттілік тіледі.
Demo day форматында өткен форумда Қазақстан нарығына шығуға мүдделі Оңтүстік Кореяның 11 стартапы қатысты. Олар қазақстандық сарапшылар – Google for Startups компаниясының стартап трекері Татьяна Хасанова мен Бизнес бағдарламалар кеңсесінің директоры Әйгерім Жарқынға өз өнімдері жайлы айтып берді.
Бірнеше стартап жиналғандардың қызығушылығын тудырды: «КореяСота» - медициналық туризм алаңы (пластикалық хирургия); «On Air» - дубляждың алуан нұсқалары бар фильмдерді, соның ішінде жергілікті тілде дубляж жасалған фильмді көруге арналған алаң; «Жаным» - әйелдерге арналған корей қосымшасы.
«Біздің қолданбада денсаулықты басқару, көп мазмұнды деректер, өнімге шолу сияқты мүмкіндіктер бар», - деді Ка Ен, «Жаным» стартапының өкілі. Сондай-ақ мамандардың сұрақтарына жауап берген Ка Ён Қазақстан нарығына шығу жоспарымен бөлісті. «Алдымен Қазақстанның астанасында кәсіп ашуды, одан кейін басқа қалаларда жұмыс істеуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар кеше учаскелік дәрігермен кездестік, әңгіме барысында ол бізбен жұмыс істеуге ықылас білдірді», - деді ол.
Форумда қазақстандық стартаптар – Astana Hub резиденттері де жобаларын таныстырды: Macdent – онлайн стоматологиялық қызмет; Yessen.Co - деректерді талдау және деректерді визуализациялау, бизнес-процестерді оңтайландыруға маманданған жүйе; Wllf - лоу кодты оқыту студиясы; Egistik - жыл бойы фермерлерге көмектесетін ауыл шаруашылығын басқару жүйесі. Олар өз стартаптары туралы айтып, корейлік әріптестерімен тәжірибе алмасты.
Пікірлер 0
Кіру пікір қалдыру үшін