Ірі әлемдік инвесторлар Астанада Digital Bridge форумы аясында бас қосады
12-13 қазанда Қазақстанның астанасында Орталық Азиядағы ең ірі IT- форум - Digital Bridge 2023 өтеді. Форумның басты тақырыбы - Artificial and Human Intelligence: The Right Balance.
Бұл халықаралық форумға дәстүрлі түрде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, әлемдік компаниялардың жетекшілері, IT-инновация саласындағы үздік халықаралық және отандық сарапшылар, өңірдің түкпір-түкпірінен венчурлық инвесторлар қатысады. Digital Bridge - 2023 алаңында 20 000+ қатысушы, 300+ IT компания, 100+ инвестор мен бизнес-періштелер, 250+ спикер және әлемнің 15+ елінен 100+ стартап бас қосады.
Осы форум қарсаңында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің ақпараттық технологиялар саласын дамыту департаменті директоры Ерсұлтан Ерманов пен Astana Hub басқарушы директоры Алина Абдрахманованың қатысуымен ҚР Президенті жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» орталығында баспасөз конференциясы өтті.
Ерсұлтан Ерманов Digital Bridge-дің инновациялар мен технологиялар саласындағы ынтымақтастықты дамыту үшін бірегей мүмкіндіктер ұсынатынын айтты.
«Бұл іс-шараға қатысушылар халықаралық серіктестіктерді құруға, тәжірибе мен білім алмасуға, сондай-ақ әлеуетті инвесторлар мен қаржы институттарының алдында өздерінің инновациялық жобаларын ұсынуға мүмкіндік алады. Бұл ауқымды жиын сонымен қатар, соңғы технологиялық трендтер мен саланың дамуы туралы хабардар болуға мүмкіндік береді. Форумның бір мақсаты - іскерлік ынтымақтастық аясын кеңейту және құнды бизнес-әріптестікті орнату», - деді ол.
Бұған дейін сөйлеген сөздерінің бірінде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин жасанды интеллект заманауи қоғамда маңызды рөл атқаратынын, сондықтан Digital Bridge 2023 технология мен адам әлеуеті арасындағы тепе-теңдікті қалай табуға болатынын талқылайтын тамаша алаңға айналатынын атап өткен еді.
«Бұл форум сала мамандары мен сарапшыларына өз білімдерімен бөлісуге мүмкіндік береді. Осы арқылы адамзатқа жасанды интеллект қызмет ететін болашақты бірлесіп құруға жол ашады. Қазақстан осы бағытта инновациялық өсудің жоғары әлеуетіне ие болып отыр. Қазіргі таңда елімізде ғалымдар мен жас таланттардың шоғырлануы үшін қолайлы жағдай жасалуда. Біздің азаматтарымыздың әртүрлі салаларда әзірлеген жасанды интеллект өнімдері бар, олар қазірдің өзінде әлем назарын аударып отыр. Біз мұны сөзсіз, мақтан тұтамыз. Жасанды интеллект экономиканы, өнеркәсіпті, ғылым мен техниканы дамытуда зор әлеуетке ие», - деді Бағдат Мусин.
Форумның екі күндік бағдарламасы ауқымды шараларды қамтиды. Олар: ҚР Мемлекет басшысының қатысуымен өтетін пленарлық отырыс және one-to-one кездесулер, халықаралық спикерлермен 30+ панельдік сессия, келісімдерге қол қою, Hub Battle үздік IT-стартап үшін дода, Google for Startups іс-шаралары, Digital Bridge Awards – үздік стартаптарға, инновациялық жобаларға және кәсіпкерлерге берілетін халықаралық сыйлық, 100 қазақстандық және шетелдік технологиялық стартаптар өздерінің инновациялық шешімдерін ұсынатын Стартаптар аллеясы.
«Бірегей іс-шаралардың бірі - "Meet the Drapers" стартаптар туралы реалити-шоудың түсірілімі. Биыл олар алғаш рет Орталық Еуразиядан жобалар іздеп жатыр. Финалға өткен стартапқа 1 миллион доллар ұтып алу мүмкіндігі беріледі. Сонымен қатар форум аясында 15 ел өкілдерінің басын қосатын Google for Startups серіктестерінің саммиті өтеді. Еске сала кетейін, Қазақстан Орталық Азиядағы Google for Startups-пен серіктестік орнатқан бірінші және жалғыз ел. Осы ынтымақтастықтың арқасында Silkway Accelerator іске қосылып, жалпы құны 400 миллион долларды құрайтын 37 стартап акселератордан өтті», - деді Astana Hub басқарушы директоры Алина Әбдірахманова.
Форумның бес жыл қатарынан IT-қауымдастықтың айрықша назарын аударып, қалың жұртшылықтың қызығушылығын тудырған ең қызықты оқиғасы – Astana Hub Battle – үздік IT стартаптардың ең ірі додасы. Жеңімпаздар бес номинация бойынша марапатталады - Best Social Impact, The Most Innovative, Exponential Growth, Best AI Startup және Most Investable Startup. Ал жүлде қоры $125 мыңға дейін артады, әр номинация бойынша $25 мың.
Astana Hub Battle экожүйенің жаңа қатысушыларын анықтап, отандық стартап мәдениетін насихаттауға және технологиялық кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған. Батлға қатысу үшін стартаптарда MVP немесе PMF сатысында ауқымды жоба болуы керек. Бұған дейін байқауда Kwaaka, NBfit, UvU, Parqour, EasyTap, Kid Security сияқты стартаптар жеңіске жеткен еді.
Алдын ала байқаудан кейін іріктеуден өткен бәсекеге қабілетті 100 жоба қазылар алқасының назарына ұсынылады. Олар форумның бірінші күні жартылай финалда жобаларын бір минуттың ішінде таныстыру мүмкіндігіне ие болады. Бұл сынақтан өткен 10 стартап финалда үздік атағы үшін бақ сынасады.
Форумның хедлайнерлері – IT әлемінің әлемге әйгілі тұлғалары форум басталар шақта жарияланады. Сонымен қатар дәстүрлі түрде бірқатар көрмелер – корпорациялар, робототехника, IT-мектептер, VC, аймақтық IT хабтар көрмесі және ірі IT-компаниялардың вакансиялар жәрмеңкесі өтеді.
Digital Bridge халықаралық IT- форумы 2018 жылдан бері Астанада жыл сайын өткізіліп келеді. Digital Bridge ұйымдастырушысы – Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Астана қаласының әкімдігі және Astana Hub халықаралық технопаркі.
Пікірлер 3
Кіру пікір қалдыру үшін
Нұрболат Елеш · Қаз. 17, 2023 02:09
Топ
Нұрболат Елеш · Қаз. 17, 2023 02:09
Алга цифровой Казахстан
Shyngys True · Қаз. 13, 2023 00:30
Digital Bridge 2023 обещает стать важным событие