Қырғызстан және Қазақстан: заманауи технологияларды енгізу мен инновациялық даму саласындағы серіктестік

Астанада өткен «Қырғызстан – Қазақстан» бизнес форумы аясында қырғыз делегациясы Орталық Азияның ең ірі технопаркі Astana Hub қызметімен танысты. Тараптар технопарк резиденттерімен серіктестік орнату және қырғыз өнімдерінің Қазақстан нарығындағы экспортын ұлғайту мәселесін талқылады.


Делегация құрамында мемлекеттік сектор, IT-компаниялар, агроөнеркәсіптік және ауыл шаруашылығы кәсіпорындары, сондай-ақ азық-түлік, тігін өнімдері мен құрылыс материалдарын өндіруші ұйымдардың өкілдері болды. Олар қазақстандық кәсіпкерлермен кездесулер өткізіп, жаңа технологияларды енгізу және инновацияларды дамыту саласында тәжірибе алмасты.

«IT-қауымдастықтың дамуы үшін Astana Hub-та барлық жағдай жасалған. Мұндағы коворкингтер заманға сай жабдықталған екен. Сондай-ақ акселерациялық және инкубациялық бағдарламаларын ерекше атап өткім келеді. Бұл IT немесе креативті экономика бағытындағы стартаптарға өз дағдыларын шыңдап, венчурлық қаржыландыруға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Маған Alem бағдарламасы айрықша әсер қалдырды, себебі осы бастаманың арнайы білімі жоқ әзірлеушілерге де берері мол. Бұл академиялық бағдарлама кез келген адамға, тіпті IT бойынша білімі болмаса да, осы саланы игеруге жағдай жасайды. Бұдан бөлек технопарк қатысушылары қырғыз өндірушілерімен ынтымақтастық орнатуға ниет білдірді. Бұл ұсыныстарды міндетті түрде пысықтаймыз, өйткені біз үшін отандық өнімнің экспортын кеңейту маңызды, деді Урмат Такиров, Қырғыз Республикасы Экономика және коммерция министрлігі жанындағы «Қырғыз Экспорт» ММ директоры.

Сонымен бірге делегаттар қазақстандық IT-компаниялардың таныстырылымына қатысып, Arbuz.kz жетекші онлайн-супермаркеті мен Clever Market маркетплейсінің жұмыс барысымен танысты. Олар бизнес-процестерді автоматтандыруға арналған CRM, WMS пен ERP негізгі бағдарламалық шешімдерді енгізу және бөлшек саудадағы табысты тәжірибелерін баяндады. Бұдан бөлек инфрақұрылымдарының ерекшеліктеріне тоқталып, өнімдерін шетел нарығына шығару мәселелерін атап өтті.

«ҚР Цифрлық даму министрлігінің қолдауымен еліміздің ғана емес, шетел стартаптарына да жан-жақты қолдау көрсетеміз. Бүгінгі таңда Astana Hub-та 1 460 IT-компания тіркелген, соның ішінде 403-і шетелдік қатысуымен, оның 9-ы Қырғыз Республикасынан. Олардың барлығына жүйелі қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда, бизнесті дамытуға арналған бағдарламалар, салық пен визаға қатысты арнайы мүмкіндіктер, ақпараттық сүйемелдеу мен оқыту және  материалдық инфрақұрылым ұсынылады. NBfit, Codify, Smart Technologies және Mystory сияқты қырғыз стартаптары біздің технопарктегі акселератордан сәтті өтіп, бүгінде жобаларын халықаралық нарыққа шығаруда. Оларға тілектеспіз және әр жетістігін қуана қабылдаймыз. Біздің елдер арасындағы ынтымақтастықты дамыту және нығайту өте маңызды, өйткені жаһандық нарықта біз біртұтас команда – Орталық Азия өкілдеріміз», деді Мағжан Мәдиев, Astana Hub бас директоры.

Еске салсақ, 17 сәуірде Астанада өткен «Қырғызстан Қазақстан» бизнес форумы Қырғыз Республикасы президенті Садыр Жапаровтың 18-19 сәуір аралығындағы Қазақстанға ресми сапарына орай ұйымдастырылды. Осы форум мен Astana Hub-тағы кездесуден бөлек, бұл күндері бірқатар іс-шаралар қарастырылған, соның ішінде ақсақалдар мен шығармашыл зиялы қауым дөңгелек үстелі, қырғыз-қазақ жастар форумы мен «Қырғызстан мен Қазақстанның өзекті мәселелерін шешудегі ғылымды дамыту перспективалары» атты ғалымдар форумын өткізу көзделген.

Пікірлер 3

Кіру пікір қалдыру үшін

Впечатляет!

Жауап беру

Есть контакты с кем можно обсудить со стороны Кыргызстана?

Жауап беру