Кез келген қазақстандық азамат кітаптың кейіпкері бола алады. Кітапты жасанды интеллект жазады
Mystory стартапы биыл Astana Hub Battle-да Best AI Startup аталымында 25 мың доллар жеңіп алды. Жігіттер жасанды интеллектің көмегімен қағаз кітап басып шығару идеясын ойлап тапты, онда кез келген адам оқиғаның басты кейіпкері бола алады! Мысалы, сіздің балаңыз, әйеліңіз, досыңыз немесе әріптесіңіз.
Digital Business Astana Hub-пен бірлескен «Қазақстанның 100 стартап тарихы» жобасы аясында Mystory негізін қалаушы Айтемір Мудиновпен әңгімелесті, ол әрбір адамға арналған жеке кітаптар кімге қажет екенін, суперқаһармандар балаларды тіс тазалауға қалай үйрететінін және жасанды интеллект адамның шығармашылық қабілетін 100% алмастыра ала ма деген сұрақтарға жауап берді.
«Жасанды интеллекті қолданып бір нәрсе жасағымыз келді»
— Командамыз халықаралық десе болады, жобаны әр түрлі елден, соның ішінде ТМД елдерінен жиналған жігіттер жасап жатыр. Оны серіктесім Нұрислам Әшірматов екеуіміз бастаған едік.
Нұрислам 8 жыл Қытайда тұрған, үздік университеттердің бірін тәмәмдап, стартап құрған, өзінің маркетинг агенттігі болған.
Негізі Mystory жобасы Қырғызстанда мамыр айының соңында басталды, бірақ ірірек, әрі жетілген нарыққа назар аударамыз деп шештік. Қырғыз-қазақ экономикасының берік интеграциясы мен бауырластық қарым-қатынастың арқасында Қазақстан нарығын таңдау біз үшін айқын болды.
— Неліктен кітапты таңдадыңыздар?
— Біз жасанды интеллектпен жұмыс істегіміз келді, соған құмар болдық. Генератив жүйелер танымал бола бастағанда, GPT үшінші нұсқасы шыққан бойда бұл тақырыпты зерттей бастадық және ол бізге ұнады. Бірдеңе істегіміз келді.
Біз жекелендіруге кірістік. Әуелі онлайн-киім өлшеу бөлмесін жасауға тырыстық, бірақ оны әзірлеу қымбатқа түсетін болды. Нақты бір өнімге байланбай-ақ жоба жасай алатынымызды түсіндік. Бізге керегі кітап деп ойладық. Мазмұнды жекелендірудің жаңа бағыты.
Бастапқыда софтсыз, қарапайым данасын жасадық. Өнімге сұраныс бар екенін көрген соң, кітап жасау процесін оңтайландыру үшін өзіміздің бағдарламалық жасақтамамызды жаза бастадық.
Біздің жекелендірілген кітаптарымыздың басты ерекшелігі — бас кейіпкері адамның өзі мен туыстары. Ол бала болсын, ересек болсын, кітаптан өзін таниды. Осыған байланысты адам кітаптағы хикаяға қызығушылық танытып, қатысуға асығады, бұл мазмұнды көбірек тұтынуға әсер етеді.
Біздегі хикаяның бәрі нөлден бастап жазылады. Кітапқа тапсырыс берген адам кез келген суперқаһарманды, танымал фильмнің (мысалы, «Титаник» ) сюжетін таңдай алады. Немесе мүлдем бірегей хикая ойлап табуға болады.
Өрмекші адам жақсы әдеттерге үйретеді
— Жекелендірілген кітаптарға кім тапсырыс береді?
— Тапсырыс саны жағынан шамамен бірдей екі сегмент бар — B2C және B2B. Біріншісі, негізінен ата-аналар, олар өзінің баласы сүйікті кейіпкерлерімен бірге әлемді қалай құтқарғаны және қандай мейірімді іс жасағаны туралы кітап жазуды сұрайды. Біз мұндай хикаяларға пайдалы элементтер қосамыз, мысалы өрмекші адам сюжетте ойыншықтарыңды жинап жүрсең, мықты боласың дейді. Мұны өрмекші адам айтқандықтан, балалар шынында да ойыншықтарын жинай бастайды. Ата-аналар бұған аң-таң. Кітап балаға жеке арналғандықтан қатты әсер етеді.
Ғашықтар кітап арқылы үйленуге ұсыныс білдірген кезде немесе үйлену тойына сыйлық ретінде love story кітабына тапсырыс береді. Мысалы, кітаптың сюжеті «маған тұрмысқа шығасың ба?» деп аяқталады. Және бойжеткен «иә» немесе «жоқ» деп жаза алатындай бос жолақ қалдырамыз. Қызық дерек – біздің кітаптарда «иә» деген сөз жиі жазылады. Ойлап қарасақ, талай жұпты үйлендірген екенбіз.
B2B сегментінде қызметкерлерге, серіктестерге, клиенттерге және әріптестердің туған күніне сыйлау үшін компаниялар біздің кітапқа тапсырыс береді. Кем дегенде 10-20 кітап алып кетеді. Корпоративтік сегментте де біздің жекелендірілген кітаптарымызды қолдануға болатын идеялар бар. Негізінен кітап компаниямен байланысты сыйлықтар ретінде беріледі: яғни оқиға кітап сыйланған адамға да, компанияға да байланысты. Ол бұл кітапты ешқашан лақтырмайды, керісінше сөреге ең көрінетін жерге қояды, өйткені мұқабасында оның суреті бар. Мысал келтірейін: кітаптың кейіпкері уақыт машинасының көмегімен орта ғасырға тап болды. Кенет оның ұялы телефонына біреу қоңырау шалады. Ол орта ғасырда телефон арқылы хабарласа алатынына таң қалады, сөйтсе мұнда да activ байланысы бар екен. Кез келген компанияның өнімі мен брендін сюжетке қалай қосуға болатыны туралы көптеген әртүрлі хикаяны ойдан шығаруға болады.
— Бұл аудиторияның қайсысы сіздер үшін перспективті?
— Меніңше, балалар. Себебі, бұл үлкен нарық. Және бос, әрі қызық нарық.
Бұған қоса, ата-аналар балаларының психологиялық денсаулығына қатты мән береді, сондықтан дамудағы басты бағытымыз – ертегі терапиясы. Психологтар қатысатын кітап жасауды жоспарлап отырмыз. Мысалы, ұлдар мен қыздарды жаман әдеттерден арылтып, жаңа пайдалы әдеттерді сіңірту үшін.
Екінші жағынан, B2B сегменті де біз үшін қызық, әсіресе, компаниялар корпоративтік іс-шаралар мен мерейтойларға көп тапсырыс бергені біз үшін табыс әкеледі.
Кейде нейрожүйенің жазғаны сандырақ
—Mystory қалай жұмыс істейді? Мысалы, мен кітапқа тапсырыс бергім келсе, не істеуім керек?
— Сайтқа кіресіз немесе WhatsApp-қа жазасыз, өтінім толтырасыз, сізбен менеджеріміз байланысып, кітапқа қалай тапсырыс беруді түсіндіреді. Егер бәрі көңіліңізден шықса, хикая қандай болуы керек, қандай стильде, кейіпкерлері кім және т.б. шарттар жазылған сауалнама толтырасыз. «Титаник» керек пе, хикаяның соңында қасқыр-адам пайда болғанын қалайсыз ба, ешқандай шектеу жоқ. Сондай-ақ кітаптың кейіпкері болатын адамның фотосуреттерін ұсыну қажет.
Бәрін келісіп, кітапты жеткізетін мерзімді белгілейміз. Дайын болған кезде электронды нұсқасын көрсетеміз, өзгерту қажет болса, өзгертеміз. Кейін кітапты типографияға жібереміз. Қазір, айтпақшы, екі апталық кезек бар, күтуге тура келеді.
— «Қара жәшікте» не бар: кітаптар қалай жасалады?
Хикаяны ойлап табу үшін біз бірнеше жасанды интеллект үлгісін пайдаланамыз, оларға деректерді енгізіп, үйреттік. Бұл: мәтін үшін ChatGPT және кескін үшін Stable Diffusion. Кітаптар қызық болуы үшін оны өзіміз түзетеміз.
— Софт дайын кітап жасап шығара ма?
— Жоқ, бәрі соншалықты оңай емес: кейде жасанды интеллектің жазғаны жарамайды, сандырақ. Әсіресе, ең басында қиын болды, мәтіннің 80%-ын қайта жазуға тура келді. Бірақ біз оған жақсы сюжеттер мен стильдің мысалдарын беріп, үйрендік, қазір мәтін әлдеқайда жақсы. Яғни, біз барлығын мүмкіндігінше автоматтандыру үшін бағдарламалық құралды масштабтауға дайындадық.
Жалпы, біз қашанда шығармашылықты қолдаймыз және тек адам ғана шығармашылық өнім шығара алады деп есептейміз. Сондықтан біз технология мен креативті біріктіруге тырысамыз.
— Өз нейрожүйеңізді құрып, оқыту жоспарда бар ма?
— Мұның мәні бар, бірақ қымбат. Өте қымбат. Сондықтан әзірге емес.
Жапон комикстері және жұлдыздар бейнеленген мерч
— Стартап әрі қарай қалай дамиды? Astana Hub Battle кезінде сіз қағазға басылып шығарылған кітап емес, цифрлық мазмұнды көбірек жасауды жоспарлап отырғаныңызды айттыңыз.
— Қазір біз жеке манга – жапон комикстерін жасау үшін R&D жұмыстарын бастадық.
Жалпы, жекелендірілген мазмұнды көп арнаға шығару үшін бірнеше даму бағытымыз бар. Мысалы, ертегі терапиясын балаларға арналған мобильді қосымшаға көшіру керек, жеке комикстерді бөлек жасаймыз және т.б.
Блогерлермен, актерлермен және басқа да танымал адамдармен жұмыс істеуді бастау туралы идея бар: мысалы, олардың суреті бар мерч жасап, сату. Мысалы, кумиріңіз бар кітапқа тапсырыс беріп, кітапта онымен бірге саяхаттайсыз, шытырман оқиғаларды бастан кешіресіз. Қазір танымал тұлғалармен келіссөздер жүргізіп жатырмыз, әзірге келісімшартқа қол қойылған жоқ.
— Бұл контент қалай таратылады?
— Мобильді қосымшаларға жазылу арқылы: сіз қосымшаны пайдалану мүмкіндігін сатып аласыз, сіздің балаңызға жаңа ертегілер, ал сізге манганың жаңа сандары келеді.
Біздің қызметіміз өзгеретін сияқты көрінуі мүмкін, бірақ шын мәнінде жекелендіруді жасайтын бағдарламалық жасақтама балалар кітаптарын да, комикстерді де жасай алады.
Дамуға $100 мың инвестиция тарттық
— Mystory-дің қазіргі табысы қандай?
— Басынан бастап стартапты өз қаражатымызбен қолдап жүрміз. Бірақ, қыркүйекте алғашқы пайдамызға қол жеткіздік, айына 10 мың доллар табыс таптық.
Бұдан кейін тезірек өсу үшін команданы кеңейтіп, қосымша мамандар мен менеджерлер алдық. Шығын көбейіп кеткендіктен, жоба тағы да өзін ақтамай жатыр. Алайда біз жақын елдердің нарығына шығып, Қазақстандағы жарнама бюджетін ұлғайтып, қайтадан жобаны өзін ақтайтындай деңгейге жеткізуді жоспарлап отырмыз.
— Қазір тек Қазақстанда жұмыс істеп жатырсыздар ма?
— Иә, қазір сатылымның бәрі дерлік Қазақстанда, аздап Қырғызстаннан тапсырыс түседі. Көршілес Өзбекстан мен Тәжікстанға шығайын деп жүрміз. Келесі қадам Түркия болатын шығар.
Толық өсу үшін АҚШ нарығына шығу керек. Алғашқы сынақтар жасап көріп жатырмыз. Бірақ, бұл қиын нарық, бәсекелестік зор, ұқсас жекелендірілген өнім нарығы ғана емес, жалпы сыйлықтар нарығымен бәсекеге түсесің. Өнімге америкалық тұтынушылардың назарын аударту қиын.
— Қазақстаннан шықпай басқа елдерге жұмыс істей аласыздар ма?
— Иә, әбден мүмкін. Бірақ, кітап басу үшін жергілікті баспаханалармен келісе алсақ, ыңғайлы болар еді.
— Astana Hub Battle-да жеңіп алған $25 мыңды қалай жұмсайсыздар? Инвестиция керек пе?
— Ақшаны өнім әзірлеуге жұмсаймыз.
Жақында 1 жарым миллион долларға бағалана отырып, Aviata.kz бұрынғы тең құрылтайшысы Евгений Матвеевтен $100 мың тарттық. Сондықтан, дәл қазір инвестиция іздеп жүрген жоқпыз, қайта жобаны тезірек өсіруге күш салып жатырмыз.
20 жылдан кейін жасанды интеллект көбінің орнын басады
— Жақын уақыттағы нейрожүйенің дамуы туралы не ойлайсыз? Адам шығармашылығына орын бола ма, әлде бәрін жасанды интеллект жасай ма?
— Мен бұл тұрғыда оптимистпін. Сондықтан айтарым, қазір жасанды интеллект толықтай адамды алмастыра алмайды. Оған адам жасайтын кейбір әрекетті орындау үшін тағы да 15 жыл қажет шығар. Бірақ ойлы және көркем дүние жасап шығару үшін оған деректердің үлкен қоры қажет. Меніңше, суретшілер жасанды интеллектпен жұмыс істей бастайтын сияқты, ол шығармашылықпен тез және сапалы айналысуға көмектеседі.
Ал менің стартаптағы серіктесім — пессимист. Оның айтуынша, 20 жылдан кейін мен де, басқа да көп адамның қажеті болмайды.
— Стартап 5-10 жылдан қандай болады?
— Бір мезетте терапия болатын жеке ойын-сауық және білім беру мазмұнын жасағымыз келеді. Қазір ол – кітаптар, кейін комикс пен манга, болашақта мультфильмдер мен фильмдер.
Бізге бала кезімізде кітаптар, комикстер мен мультфильмдер қиындықтардан өтуге көмектесті. Біздің өнім балалар мен ересектерге қиын сәттерді жеңуге, жан жарасын жазуға және жай ғана бақытты болуға көмектесетініне сенеміз.
Пікірлер 2
Кіру пікір қалдыру үшін
Kirill Grinenko · Ақп. 23, 2024 14:42
👍👍👍
Ilias Zholaman · Қар. 26, 2023 15:00
Все пошел писать книгу)