Мағжан Мадиев Astana Hub қызметінің нәтижесін Мемлекет басшысына таныстырды

27 қазанда Digital Bridge халықаралық форумын бастау аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның ең табысты технологиялық стартаптарымен және Astana Hub қызметінің нәтижелерімен танысты.


Форумның ашылу салтанатына Премьер-министр Асқар Мамин, Президент Әкімшілігінің Басшысы Ерлан Қошанов, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, сондай-ақ басқа да министрліктердің өкілдері, банктер мен ұлттық компаниялардың басшылары да қатысты.

Кездесу барысында Сергек, Cerebra, Roqed Science, Med365, ОКО, Bilimland, Connected Home, Good Places отандық ІТ-компаниялары өздерінің цифрлық шешімдерін ұсынды.

Президент мемлекеттік және квазимемлекеттік секторлардың сұранысын қанағаттандыруға ғана емес, қазақстандық IT-өнімдерді халықаралық нарықтарға шығаруға да назар аудару маңызды екенін атап өтті. "IT-шешімдердің экспорты отандық экономиканы әртараптандырудың маңызды бағыттарының бірі бола алады және болуға тиіс. Біз алғашқы қадамдарды жасадық. Бүгін көрмеде біз бәсекеге қабілетті IT-өнімдерді, сондай-ақ мықты жас IT-командаларды көрдік. Оларға жан-жақты көмек көрсету керек", - деді Мемлекет басшысы.

Astana Hub IT-стартаптар халықаралық технопаркі қызметінің нәтижелерін бас директор Мағжан Мәдиев ұсынды.

Қазіргі уақытта Astana Hub резиденттері 558 IT-компания болып табылады, оның 54-і шетелдік компаниялар. Үш жыл ішінде стартаптар 166 млрд теңге табыс тауып, 48,4 млрд теңге инвестиция, гранттар мен қарыздар (орысша: займ) тартты. Салық жеңілдіктерінің арқасында IT-компаниялар 14,9 млрд теңгені үнемдеді.

Жыл соңына дейін Astana Hub көмегімен Қазақстанның тағы 90 IT-компаниясы халықаралық нарықтарға шығарылады, ал 2021 жылдың қорытындысы бойынша технопарк резиденттерінің IT-қызметтері экспортының жалпы көлемі 50 млрд теңгені құрайды (2020 жылы – 14,3 млрд теңге).

Astana Hub IT-кәсіпкерлікті дәріптеу, таланттарды тарту, сондай-ақ оларды одан әрі оқыту және IT-стартаптарды қолдау бойынша үлкен жұмыс жүргізілуде. 3 жыл ішінде БАҚ-та және әлеуметтік желілерде IT–технопарктің аудиториясының саны 21 млн қолданушыдан асты, 55 000 тыңдаушы үшін 1000-нан астам іс-шара өткізілді, IT-дегі бизнес негіздерін 10 000-нан астам адам меңгерді, инкубация аясында 849 стартап, акселерация аясында 232 стартап шығарылды.

Презентацияның бір бөлімі IT-мамандарды даярлауға арналды. 2021 жылдың қыркүйегінде Astana Hub бүкіл ел бойынша жеке IT – мектептерді қаржыландыру мақсатында - Tech Orda бағдарламасын іске қосты. Бағдарлама шеңберінде ағымдағы жылдың соңына дейін бүкіл ел бойынша 100 студент мемлекет есебінен құны 600 мың теңге болатын IT-мамандықтары бойынша оқыту курстарынан өте алады. Келесі жылы квоталар саны 2000-ға дейін ұлғайтылады, ал 2025 жылға қарай бағдарламаның арқасында 20 000 IT-маман дайындау жоспарлануда.

"Дамыған елдерде адам капиталының үлес салмағы олардың ұлттық байлығының 80%-ын құрайды. Яғни, технологиялық таланттарды "жаңа мұнай" деп атап, Astana Hub IT-таланттарды "барлайды" және "өндіреді" деп айтуға болады. IT-мамандардың сыни жиынтығының артуының арқасында қазақстандық IT-өнімдері экспортының өсуін және жалпы саланың дамуын қамтамасыз етуге болады", – деп атап өтті Мағжан Мәдиев.

Astana Hub технопаркінің бас директоры алдағы 5 жылда технопарк IT-қызметтердің экспортын $500 млн-ге дейін арттыру, салаға инвестициялардың 500 млрд теңгеге дейін өсуі үшін белсенді жұмыс жалғастыратынын, сондай-ақ бүкіл Қазақстан бойынша жоғары білікті IT-мамандарды даярлауға ықпал ететінін атап өтті.

Естеріңізге сала кетейік, Digital Bridge халықаралық технологиялық форумы "Қазақтелеком" АҚ, BTS Digital, "Теңізшевройл" ЖШС және "Транстелеком" АҚ компанияларының қолдауымен өтуде.

Пікірлер 0

Кіру пікір қалдыру үшін