ҚР Қорғаныс министрлігі Astana Hub базасында Defence Tech Center ашты
Бүгін қорғаныс және қауіпсіздік саласындағы озық технологияларды іздеуге, әзірлеуге және енгізуге бағытталған Defence Tech Center ресми түрде ашылды. Орталық ғылыми және инновациялық стартап-қоғамдастықтың күш-жігерін Қазақстан Республикасының қорғаныс кешенімен біріктіреді. Мақсат - елдің қорғаныс қуаты мен технологиялық әлеуетін нығайту үшін оңтайлы шешімдерді қамтамасыз ету.
«Мұндай орталықтар әлемнің көптеген елінде бар екенін білесіздер. Осындай орталықтардың арқасында революциялық шешімдер пайда болды. Жасыратыны жоқ, интернет, GPS жүйелері, тіпті пернетақта тінтуірі қорғаныс секторының арқасында пайда болып, содан кейін ғана азаматтық секторға көшті. Astana Hub қабырғасында, атап айтқанда, Defence Tech Center-де оқиғалардың барысын өзгертетін, еліміздің қорғаныс қабілетін арттыратын және жалпы Қазақстандағы инновациялардың дамуын арттыратын мықты революциялық шешімдер пайда болатынына сенімдімін», - деп атап өтті Дархан Ахмедиев, ҚР қорғаныс министрінің орынбасары.
Сондай-ақ аталмыш шара аясында Defence Tech Battle өтті, онда Astana Hub қатысушылары - қорғаныс саласындағы озық технологиялары бар стартаптар сайысқа түсті. Жалпы жүлде қоры $15 000 құраған стартаптар шайқасында бәсекеге қабілетті 9 стартап іріктелді.
Сараптамалық қазылар алқасының құрамында ҚР ЦДИАӨМ бірінші вице-министрі Қаныш Төлеушин, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев, ҚР ҚМ әскери білім және ғылым департаментінің бастығы Жұмабек Ахметов, "Қазақстан ГАЖ орталығы" АҚ Басқарма төрағасы Әния Байкенова, "Қазақстан инжиниринг" АҚ Басқарма төрағасы Теміржан Әбдірахманов және Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев болды.
Defence Tech Battle қорытындысы бойынша үш номинация бойынша үздіктер анықталды:
- «Қорғаныс саласындағы үздік инновациялық технология» аталымында тактикалық дағдылар мен қару-жарақты басқаруды үйрететін үш өлшемді симуляторды ұсынған "Геотактика" стартапы жеңді.
- «Қауіпсіздік пен қорғанысқа арналған үздік шешім» аталымында дрондардың рұқсат етілмеген әрекеттерінен қорғауға арналған жүйесі бар Beren стартапы үздік атанды.
- «Қорғаныстағы революциялық шешім» аталымында әскери қызметшілерді техниканы басқаруға және командалық шайқастарды жүргізуге үйрететін нақты дрондарды басқарудың онлайн симуляторын таныстырған Game of Drones стартапы үздік деп танылды.
Бұл аталымдардың әр жеңімпазы $5 000 көлемінде сыйақы алды. Баттлға сонымен қатар SmartView (Smart Military Monitoring System), «Ұшқышсыз авиация мен дрондарға арналған спутниктік технологиялар», «УМКА 3D принтері», «Камикадзе дроны», «Дрондардың спутниктік сигналдарын басу және ауыстыру жүйесі», «Қаруды басқарудың автоматтандырылған жүйелері» сияқты стартаптар қатысты.
«Біздің технопарк экожүйе мен IT-индустрияның өзегі ретінде жан-жақты қолдау көрсетуге дайын. Қазір көптеген қызықты және инновациялық шешімдер әзірленіп жатқанын білеміз, бірақ көбі сұранысы төмен салаларға бағытталған. Сондықтан, бұл орайда, стартаптар мен жас инноваторларға айтарым – қорғаныс саласына назар аударсаңыздар екен. Бұл бағытта үлкен мүмкіндіктер бар, сұраныс зор, инновациялық шешімдер іздестіріп жатыр. IT-мамандар мен инноваторларды осы салаға шақырамыз, келіңіздер, ұсыныңыздар. Қорғаныс министрлігінің бастамасымен және Цифрландыру министрлігінің қолдауымен іске қосылған Defence Tech Center мақсаты да осы. Енді барлығы жүйелі түрде дами түседі», - деп атап өтті Мағжан Мәдиев, Astana Hub бас директоры.
Айта кетсек, Astana Hub халықаралық технопаркінде Defence Tech орталығынан басқа бірқатар инновациялық орталықтар бар, мысалы, Blockchain Center - FinTech индустриясын, цифрлық активтерді және орталықтандырылмаған қаржыны дамыту орталығы; SpaceTech Center – ғарыштық технологиялар мен аэроғарыш өнеркәсібі саласындағы жобаларды әзірлеуші стартаптарды қолдау орталығы; 5G орталығы – 5G технологиясының артықшылықтары негізінде жаңа цифрлық өнімдерді жасау және сынау орталығы; GameDev орталығы – ойынды құрастыру және әзірлеу саласындағы жаңа технологияларды, аппараттық және бағдарламалық қамтамасыз етуді зерттеу және олардың негізінде тиімді білім беру бағдарламаларын құру; OTS цифрлық орталығы – Түркі мемлекеттері ұйымы елдерінің инновациялық экожүйесіне қатысушылар үшін «бір терезе» режимінде қызмет көрсетуге арналған цифрлық хаб; AI-Center жасанды интеллект негізіндегі жобаларды әзірлеуге және масштабтауға бағытталған.
Пікірлер 0
Кіру пікір қалдыру үшін