Николя Садирак: Білім беру жүйесі адамдарды ЖИ еңсере алмайтын міндеттерге дайындауы керек

ESCAP UN конференциясы шеңберінде өткен Kazakhstan Tech Solution Day іс-шарасында 01 Edu мен 01 Talent жобаларының тең құрылтайшысы Николя Садирак жасанды интеллект дәуірінде оқыту әдістерін қайта қарау қажетін баяндады. Сондай-ақ Дельфин Кеппенс және ChatGPT-мен бірлесіп жазылған «Жасанды интеллект серфингіне дайындық» атты кітабының тұсауын кесті. Мұнда білім беруде адам мен ЖИ арасындағы тепе-теңдік мәселесі зерттелген.


Astana Hub қолдауымен қазақ және орыс тілдеріне аударылған кітап қатысушылардың үлкен қызығушылығын тудырды, автор шамамен 1000 данаға қолтаңбасын қойды.

Сонымен қатар Николя Садирак панельдік сессияға қатысып, жасанды интеллекттің (ЖИ) қарқынды даму жағдайында дәстүрлі оқыту тәсілдерін қайта қарау қажетін айтып берді.

«Біз технологиялар өте тез өзгеріп жатқан дәуірде өмір сүріп жатырмыз. ЖИ бұрынғыдан да жылдам дамып келеді», – деді Николя Садирак. Ол дәстүрлі білім беру жүйесі жаңа нарық талаптарына бейімделе алмай жатқанына және бұл ақпараттық технологиялар мен ЖИ саласында мамандар тапшылығын тудыратынына тоқталды. «IT-мамандарды оқытумен соңғы 25 жыл бойы айналысып келемін. Бұрын  компаниялардың қажеттіліктерін түсіну үшін өндірістік зерттеулер жүргізетінбіз, содан кейін сол талаптарға сай инженерлерді дайындауға тырысатынбыз. Бұл процесс әдетте үш жылдан бес жылға дейін созылатын. Қазір бұл мүмкін емес, өйткені сұраныс жылдам өзгеріп отырады, бүгін қажет дүние екі жылдан кейін маңызын жоғалтады. Сондықтан оқытуға деген көзқарасымызды түбегейлі қайта қарауымыз керек», – деді ол.

Спикер әлем бойынша 200 000-нан астам IT-талантты оқыту тәжірибесімен бөлісіп, дәстүрлі білім беру жүйесінде еленбеген адамдар көп жағдайда жоғары әлеует көрсететінін баса айтты.

«IT және ЖИ саласындағы табысты мансапқа қажет дағдылар академиялық қызметке қажет дағдылармен ұштаспайды. Мысалы, мектебімізде бұрын көшеде су сатқан студенттер бар. Қазір олар Google-дің киберқауіпсіздік бөлімінде жұмыс істейді. Стандартты білім беру жүйесі мойындамаған осы адамдарда үлкен талант бар. Менің ойымша, ең маңызды міндеттердің бірі – бұл жандарды білім беру үдерісіне қайтару, өйткені олар бізге керек», – деп мәлімдеді Н. Садирак.

Еске салсақ, 2024 жылдың 3-5 қыркүйегінде Қазақстан астанасында Цифрлық инклюзия және трансформация жөніндегі Азия-Тынық мұхиты министрлік конференциясы өтті, оған 30 елден 400-ден астам делегат қатысты. БҰҰ АТМЭӘК пен ҚР ЦДИАӨМ ұйымдастырған конференция цифрландыру және тұрақты даму мәселелерін талқылауға арналған басты алаңға айналды.

 

Пікірлер 6

Кіру пікір қалдыру үшін