Цифрлық экономикадағы әйелдердің болашағы Digital Bridge 2023 форумында талқыланды

Digital Bridge 2023 халықаралық IT форумында әйелдерге кәсіпкерлікке белсенді қатысуға және шағын және орта бизнесті электронды саудаға енгізуге жаңа мүмкіндіктер беретін инклюзивті экономиканы құрудың маңыздылығы талқыланды. Бұған интернет-технологияларды пайдалана отырып, халықтың табысын арттыруға бағытталған ынталандыру шаралары кешенін енгізу арқылы қол жеткізуге болады.


Әйелдердің табысын арттыру мақсатында Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мен Astana Hub халықаралық технопаркі жұмыссыз әйелдер мен декреттік демалыстағы аналардың цифрлық құзыреттілігін арттыру мақсатында IT-Aiel бағдарламасын жүзеге асырды. Бағдарлама әйелдерді бағдарламалау бойынша оқытуды және фриланс-платформаларда өз қызметтерін сату мүмкіндіктерін қамтиды.

«Бұл бағдарлама әйелдердің кәсіби деңгейін көтеруге көмектесіп қана қоймай, олардың мансаптық өсуіне жол ашады. IT-Aiel Қазақстандағы ақпараттық технологиялар мен цифрлық экономика саласындағы әйелдердің үлесін арттыруға бағытталған маңызды қадам болды. Бағдарламаға еліміздің түкпір-түкпірінен 2600-ден астам әйел қатысты, бұл цифрлық дағдыларды жетілдіруге қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді», - деп атап өтті Astana Hub басқарушы директоры Алина Әбдірахманова Digital Bridge 2023 алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ әйелдердің экономикалық перспективалары мен еңбек нарығындағы жағдайын жақсарта отырып, олардың цифрлық технологияларға қолжетімділігін кеңейтуге  мүмкіндік беретін TechnoWomen Startup акселерация бағдарламасын әзірлеу және енгізу жоспарланып отыр. TechnoWomen коммерциялық емес ұйымының негізінде бастамашыл жұмыс тобы құрылды, ол Digital Bridge 2023 форумы аясында ШОБ субъектілерін Qazaq e-com электронды коммерциясына тарту бағдарламасын ұсынады.

«Бұл бағдарлама тауарларды сертификаттау ашықтығын арттыру, салықтық әкімшілендіруді жеңілдету, сондай-ақ микро және шағын кәсіпкерлердің цифрлық құзыреттілігін арттыру бойынша шаралар кешенін қамтиды. Сонымен қатар, TechnoWomen әкімдіктерге, аймақтық және халықаралық бизнес қауымдастықтарына әйелдер жасаған 20 IT жобаны таныстырды. Қазіргі уақытта қауымдастықтың Орталық Азия елдерінде Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстанның озық ойлы әйелдерін біріктіретін серіктестік желісі бар», - деді TechnoWomen президенті Азиза Шөжеева.

Қазақстандық маркетплейстерді құру және дамыту, электронды чектерге көшу және фулфилмент орталықтары желісін кеңейту, сондай-ақ логистиканы дамыту осы секторға инвестицияның артуына ықпал етеді. «Қазпошта» АҚ басқарма төрайымы Әсел Жанасованың айтуынша, ауыл тұрғындары үшін цифрлық қызметтерді дамыту және цифрлық экономикаға қол жеткізуде қолдау көрсету өте маңызды. Сондықтан компания электрондық коммерцияның интеграцияланған қаржылық-логистикалық операторы болуға ұмтылады және өз өнімдерін маркетплейстер арқылы сататын қолөнершілерге жеңілдікті тарифтер ұсынуға дайын.

Ұсынылған бастамаларды жүзеге асыру үшін мемлекеттің, үкіметтік емес ұйымдардың және бизнестің бірлескен күш-жігері қажет. Экономика мен қоғамның цифрлық трансформациясы бойынша жұмыс енді ғана басталып жатыр, әйелдер оқуды жалғастырып, цифрлық дағдыларын дамытып,  оны цифрлық экономикаға белсенді түрде енгізуі керек дейді дөңгелек үстелге қатысушылар.

Еске салайық, 12-13 қазанда Қазақстанның астанасында Орталық Азиядағы ең ірі   IT-форум - Digital Bridge 2023 өтіп жатыр. Форумның басты тақырыбы - Artificial and Human Intelligence: The right balance.

Форумның екі күндік бағдарламасы ауқымды шараларды қамтиды: ҚР Мемлекет басшысының қатысуымен өтетін пленарлық отырыс және one-to-one кездесулер, шетелдік спикерлермен 30-дан астам панельдік сессия, келісімдерге қол қою, Google for Startups іс-шаралары, Digital Bridge Awards марапаттау рәсімі, стартаптар Аллеясы, Astana Hub Battle ірі стартаптар додасы, сонымен қатар корпорациялар, робототехника, IT-мектептер, VC Zone, аймақтық IT-хабтар көрмесі және ірі IT-компаниялардың вакансиялар жәрмеңкесі өтіп жатыр.

Digital Bridge ұйымдастырушылары – Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Астана қаласының әкімдігі және Astana Hub халықаралық технопаркі. Бас демеуші - Kaspi.kz. 

 

 

Пікірлер 3

Кіру пікір қалдыру үшін

Это важно для развития цифровой экономики

Жауап беру

уаааау крутоо

Жауап беру