Drone Tech Center ашылды: Қазақстандағы дрон индустриясының дамуындағы жаңа кезең

2024 жылғы 27 наурызда Astana Hub халықаралық технопаркі базасында Dron Tech Center ашылды. Орталықтың қызметі тәжірибе мен идеялар алмасу үшін бірегей кеңістік құруға, сондай-ақ дрон-технологиялар саласында инновациялық шешімдерді дамытуға бағытталған.


Astana Hub пен AARDVARK компаниясы серіктестігімен ұйымдастырылған іс-шараға үздік сарапшылар, бизнес және білім беру саласының, сондай-ақ Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің өкілдері жиналды. Шара аясында қонақтар Қазақстандағы дрон индустриясының даму перспективалары туралы ақпарат алып қана қоймай, сонымен қатар дронмен жұмыс істеудің практикалық аспектілерімен танысты, соның ішінде VR-көзілдіріктерін киіп виртуалды ұшуға және құрылғының өзін іс жүзінде қолданып көруге мүмкіндік алды.

«Елімізде 300-ден астам ұшқышсыз ұшу аппараты ресми тіркелген және әр түрлі мақсатта пайдаланылады. Astana Hub төріндегі Drone Tech Center басшылығымен осы құрылғыларды қолдана отырып, кең ауқымды инновациялық жобалардың іске асырылатынына сенімдіміз. Біздің мақсатымыз – қауымдастықтың өсуіне әкелетін және дрон индустриясының дамуына елеулі үлес қосатын инновациялық идеялар мен әзірлемелердің пайда болуын ынталандыру», - деді Astana Hub басқарушы директоры Таңат Өскембаев.

Drone Tech Center жұмысының негізгі бағыттарының бірі – мамандарды оқыту. Орталық осы салаға жаңадан аяқ басқан және тәжірибелі қатысушыларды оқытуға және кәсіби дамытуға бағытталған бірқатар бағдарламалар мен бастамаларды ұсынады.

«Дрон – болашақтың технологиясы және көптеген мәселелердің шешімі. Мен ұшқышсыз ұшу аппараттары саласында жақсы нәтиже көрсетіп жатқан әлем компанияларымен жұмыс істеп, олармен әңгіме алмастым. Қазақстанның да бұл бағытта табысқа жете алатынына сенімдімін. Бұған осы саланы дамытуға мүдделі кәсіпкерлер, стартаптар, студенттер, мектеп оқушылары мен энтузиастардың біртұтас қоғамдастығын құру көмектеседі. Бұл бізге тәжірибе алмасуға, сонымен қатар серпінді жобаларды бірлесіп жасауға мүмкіндік береді», - деп атап өтті AARDVARK бас директоры Дмитрий Иванов.

Сарапшылардың айтуынша, Қазақстанда 16-дан астам ұйым ұшқышсыз ұшатын аппараттарды әртүрлі салаларда, соның ішінде әскери, құқық қорғау, медицина және коммерциялық салаларда сәтті қолдануда. Олар өрт сөндіру, зардап шеккендерді іздестіру, барлау жұмыстарын жүргізу, оқ-дәрілер мен дәрі-дәрмек тасу, ауыл шаруашылығы өнеркәсібінде қоршаған ортаны зерттеу мен бақылау және осы сияқты басқа да салаларда қолданылады.

«Біріккен Ұлттар Ұйымының статистикасы бойынша Қазақстан бидай өндіруден 14-ші орында, егістік алқабы бойынша 5-ші орында және егін өнімі бойынша әлемдегі 124 елдің ішінде 104-ші орында. Бұл жағдайды «ақылды егіншілік» бағыты арқылы жақсартуға болады. Дрондар – бұл бүкіл әлемде осы саланы тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік беретін технологиялардың бірі. Олар жер бүріккіштерді алмастыра алады, егістіктерді пестицидтермен өңдейді, тыңайтқыштарды, тұқымдарды шашады, сонымен қатар зиянкестерді, ауруларды, арамшөптер мен өсімдіктердің вегетациясын анықтауға мүмкіндік беретін егістіктерді жасанды интеллект арқылы бақылай алады. Дрондардың құны трактормен бірдей, бірақ өнімділігі мен тиімділігі жағынан әлдеқайда қолайлы», - деді SkyWorker бас директоры Санжар Нұрғазинов.

Айта кетерлігі, Astana Hub халықаралық технопаркінде Drone Tech Center-ден бөлек, Game Dev Center – Қазақстандағы ойын экожүйесін дамытуға бағытталған технологиялық орталық сияқты бірқатар инновациялық орталықтар бар. Blockchain Сenter – блокчейн технологиясы мен академияны біріктіру миссиясы бар зерттеу зертханасы. Аппараттық жобаларды прототиптеу және әзірлеу үшін жағдай жасауға бағытталған Hardware Center. SpaceTech Center – ғарыштық технологиялар мен аэроғарыш өнеркәсібі саласындағы жобаларды әзірлеуші ​​стартаптарды қолдау орталығы. Defence Tech Center – қорғаныс және қауіпсіздік саласындағы озық технологияларды әзірлеу және енгізу орталығы. Сондай-ақ жасанды интеллект негізінде жобаларды әзірлеуге және масштабтауға бағытталған AI-Сenter ашу жоспарлануда.

Пікірлер 3

Кіру пікір қалдыру үшін

Классно!)

Жауап беру

Отличная новость. Замечательно. Будем взаимодействовать и сотрудничать

Жауап беру