Метағаламдағы алғашқы конференция: Түркі мемлекеттерінің ұйымы Turkic Metaverse тұжырымдамасын талқылады
2024 жылғы 28 наурызда Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің цифрландыру орталығын құру аясында метағаламдағы алғашқы конференция өтті. Бұл бірегей іс-шараның мақсаты – Turkic Metaverse тұжырымдамасының қалыптасуы мен даму әлеуетін жұртшылыққа көрсету.
Метағалам цифрлық әлемде тараған ұжымдық виртуалды кеңістік және ол кәдімгі виртуалды әлемдерден әлдеқайда асып түседі. Біздің өмірімізде көрініс тапқан бұл тұжырымдама цифрлық әлеммен әрекеттесу жолдарын өзгертуге мүмкіндік береді.
«Turkic Metaverse жобасы түркітілдес елдердің мәдениетін, тарихын және сәулетін бейнелейтін виртуалды кеңістікті құруға бағытталған. Бұл қолданушыларға аймақтың бай мұрасымен танысуға және түркі мемлекеттері халықтары арасындағы тұтастық сезімін нығайтуға мүмкіндік береді», - деді Astana Hub басқарушы директоры Таңат Өскембаев.
Конференцияға Түркі мемлекеттері ұйымы хатшылығының және мүше елдер технопарктерінің, соның ішінде Astana Hub (Қазақстан), Bilkent Cyberpark (Түркия), High Technology Park (Қырғызстан) және Sabah Hub (Әзербайжан) өкілдері қатысты. Іс-шарада сонымен қатар панельдік сессия өтіп, ондағы спикерлер Turkic Metaverse жобасының әлеуетін және метағаламды диалог пен ынтымақтастық құру және білім алмасу алаңы ретінде пайдалану мүмкіндіктерін талқылады.
Шара қатысушылары стартаптар мен технопарктер ұсынған инновациялық шешімдермен танысып, олардың өкілдерімен тілдесуге мүмкіндік алды. Қонақтардың ерекше назарын алматылық 3D-суретші Фархад Нығматуллин жасаған киіз үй аударды, ол мәдени мұраны сақтау мен таратудағы метағаламның мүмкіндіктерін бейнелейді. Суретшілердің қолдауы және олардың өз жұмыстарымен бөлісуге деген қызығушылығы метағаламның өнер мен цифрлық инновацияларды біріктіруде тамаша платформа бола алатындығын дәлелдейді.
Turkic Metaverse жобасы пайдаланушыларға өзара қарым-қатынас орнату мен оқу тәжірибесін ұсынатын интерактивті 3D-ғалам – Vargates платформасында орналасқан. Vargates интерактивті 3D-ортада кездесуге, білім алмасуға және бірегей контент жасауға мүмкіндік береді.
«Біздің мақсатымыз – адамдарға интерактивті 3D-ортада өз білімдерімен бөлісуге мүмкіндік беретін ашық стандарттарға негізделген кеңістік құру», - деді DreamLight директоры Александр Мазуренко.
Vargates платформасын сілтеме арқылы орнатып, 1st OTS Conference локациясын таңдау арқылы оның орналасқан жерін, технопарктерді және стартаптарды көріп, олармен жақынырақ танысуға болады.
Пікірлер 2
Кіру пікір қалдыру үшін
Меруерт Берикбаева · Мамыр 20, 2024 15:46
🎉🎉🎉
Arman Zhalgasbayev · Мамыр 14, 2024 00:57
Cool 👍