IT-Aiel бағдарламасының алғашқы түлектеріне сертификат табыс етілді
Astana Hub Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиямен, EPAM және Techno Womanмен бірлесіп IT-Aiel оқу бағдарламасын табысты жүзеге асырып жатыр. Бұл бағдарламаның мақсаты Қазақстанның 17 өңірінен 2 мыңнан астам жұмыссыз әйелді ақпараттық технология мамандықтарына оқыту, бұл олардың алғашқы жобаларын жасауға мүмкіндік берді. Бүгін оқу бітірген 50 әйелге сертификат табысталды.
Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрі Қаныш Төлеушин түрлі сала мамандарын ақпараттық технологиялар саласындағы мамандықтарды игеруге тартудың маңыздылығына тоқталды. "Біздің әлеуетіміз орасан зор екенін көріп отырмыз. Әр түрлі саланың азаматтары ақпараттық технологиялар саласындағы мамандықтарды өмірінің ажырамас бөлігіне айналдырған кезде біздің әлеуетіміз толық ашылады. Бүгін сіздер алғашқы қадам жасадыңыздар. Сіздерден үлгі алып, ертең он мыңдаған отандасымыз IT- саласына бер тұрады», - деді вице-министр.
Бүгінгі таңда 122 бағдарлама қатысушысы оқуды аяқтап, электронды сертификат алды. Қалғаны оқуды жалғастырып жатыр. 10 аймақтан 50 әйел веб-сайт немесе қосымша сияқты өздерінің IT өнімдерін жасап, финалдық кезеңнен өтіп, сертификат табыс ету рәсіміне қатысуға мүмкіндік алды.
«Біз бұл жобаны қолға алған кезде оның ауқымы мен нәтижесі осыншалықты болады деп ойламадық. Сіздер нағыз бүгінгі күннің батырларысыздар. Сіздер шынымен көп адамның қолынан келмейтін нәрсені істедіңіздер. Мүлдем жаңа салаға аяқ бастыңыздар. Күрделі, әрі бәсекеге қабілетті салаға кіруден қорықпадыңыздар. Менің ойымша, бұл бағдарлама жыл сайын өтетін болса, сіздер өз үлгіңізбен, еңбегіңізбен талай әйелге жол аштыңыздар. Бәлкім, бұл сіздердің жетістігіңізге, әлемге танымал болатын өнім жасауға, үлкен табысқа қарай жасалған алғашқы үлкен қадамыңыз», - деді Astana Hub басқарушы директоры, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Алина Әбдірахманова.
Бүгін бес әйел қатысушылардың кәсіби дағдыларын дамытуға және елдегі әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға айтулы үлес қосатын жобаларын таныстырды. Мысалы, ақтөбелік Дайана Ахметбаева Welcome иммигранттарды әлеуметтік интеграциялау қызметін ұсынды. Диана Сәулебаева ішкі туризмді дамытуға үлес қоса алатын сайт жасады. Самал Қасенова балалы отбасыларға арналған өзара көмек қызметі – MomSharing жобасын таныстырды. Ал атыраулық Көркем Қасенова авиациялық оқу орталығының сайтын жасады. Әлия Оразымбетова балалардың қаржылық, цифрлық және компьютерлік сауаттылығы бойынша бизнес-жоба дайындап, интерактивті оқыту орталығын ашуды жоспарлап отыр.
IT-Aiel бағдарламасына No Code School, Freelance School және компьютерлік сауаттылық негіздері сияқты курстарды оқу ниеті бар 18 жастан асқан 2675 жұмыссыз әйел өтініш білдірді. Бағдарламада вебинарлар, шеберлік сабақтары, тікелей эфирлер, сұрақ-жауап сессиялары және т.б. болды. Өтініштердің ең көбі Астана қаласы мен Ақмола облысынан (847), Алматы қаласы мен Алматы облысынан (468), Орал қаласы мен Батыс Қазақстан облысынан (275), Атырау қаласы мен Атырау облысынан (179) және Ақтөбе қаласы мен Ақтөбе облысынан (120) түскен. Қатысушылардың орташа жасы -32.
Пікірлер 1
Кіру пікір қалдыру үшін
Shyngys True · Қаз. 30, 2023 17:15
Это замечательные новости о достижениях первых выпускниц программы IT-Aiel, которые успешно завершили свое обучение и получили сертификаты.