Astana Hub резиденті – CodiPlay стартабы 9 млн доллар инвестиция тартты
Білім беру саласындағы қазақстандық CodiPlay стартабы “Series A” қаржыландыру раунды шеңберінде 9 млн доллар инвестиция тартты. Аталған раундқа Сауд Арабиясы, БАӘ мен Катардан инвесторлар тобы қатысты. Инвесторлар қатарында Катар Ұлттық банкінің стратегия жөніндегі аға атқарушы вице-президенті, белгілі бизнес-періште Кристиан Эйхнер, сондай-ақ Global Capital тікелей инвестиция қоры бар. CodiPlay бұл қаржыландыру арқылы MENA өңірінде, атап айтқанда, БАӘ, Сауд Арабиясы мен Катарда өзінің көкжиегін кеңейте алады. Аталған елдер дамыған экономикасы және инфляция деңгейінің төмендігімен белгілі.
CodiPlay инновациялық технологиялар негізінде жалпы білім беретін мектептерге арналған инновациялық шешімдер ұсынады. MENA өңірінде жұмыс істеу арқылы компания алдағы екі жылда экожүйеге 3000 мектепті қосып, өз позициясын нығайтуды жоспарлап отыр. Бұл шаралар CodiPlay-ды білім беру саласында алдына зор мақсат қойған алғашқы қазақстандық жоба ретінде танытады.
«Біз инвесторлар тарапынан көрсетілген қолдауға дән ризамыз. Мұндай қолдау арқылы қарқынды дамып, MENA өңірінде шешімдерімізді сәтті енгізуге мүмкіндік алдық. Мектептегі заманауи білім беру қолжетімді әрі тиімді бола алады. Біз балалар жастайынан IT саласына құмар екенін көріп отырмыз. Олар методикамыздың арқасында бағдаршамды жобалай алады, шлагбаум жүйесі қалай құрылғанын біледі, сонымен қатар ақылды үйдің жүйесі қалай жұмыс істейтінін түсінеді. Осындай шешімдер арқылы оқушылардың мотивациясы өсіп, цифрлық дағдылармен қоса жалпы үлгерімі артып жатыр», – деді Жанәділ Талдыбаев, CodiPlay жобасының негізін қалаушы және бас директоры.
Сәтті тартылған инвестиция мен аясын кеңейту жоспары қазақстандық технологиялық жобаларға халықаралық аренада қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді. Сонымен қатар білім беру технологиялары саласындағы негізгі ойыншылардың бірі ретінде CodiPlay позициясын нығайтады.
Бұл платформа көмегімен мектептер оқушыларды цифрлық сауаттылыққа баулып жатыр. Астана, Алматы қалаларының мектептерімен қоса Түркістан облысы Келес ауданы, Ақтөбе облысы Хромтау ауданы және Қаскелеңдегі мектептер де заманауи методикамен цифрлық сауатын ашып жатыр. Балалар CodiPlay көмегімен «ақылды үйден» бастап дрондарға дейінгі IoT-гаджеттер негізінде құрылғыларды өз бетінше құрастыра алады. Мұндай құрылғылар түрлі командаларды орындайды. Өз қолымен ақылды құрылғыны жасап шығару бала бойында сыни пайымдау, шығармашылық икем және шешім қабылдау қабілеті жетіледі.
Негізі қаланған 2021 жылдан бері CodiPlay миллионға жуық баланы қамтып, әлемнің түкпір-түкпіріндегі 600-ден аса мектепте жұмыс істеп тұр. Олардың қатарында Оңтүстік Корея мен Ұлыбритания да бар. Компания Біріккен Ұлттар ұйымының цифрлық қоғамдық игілік ретінде бағасын алып, Финляндияның Білім беру альянсының фин сапа сертификатымен расталды. Бұл жетістіктер жоғары сапалы цифрлық оқу бағдарламалары әлемдік деңгейде сұранысқа ие болып келе жатқанын дәлелдей түседі.
Жоба туралы
CodiPlay – білім беру технологиялары саласындағы (EdTech) 2021 жылы құрылған қазақстандық стартап. Жоба жас буынды цифрлық дағдыларға үйретуге арналған қызықты әрі инновациялық шешімдерден тұрады. Қазіргі кезде CodiPlay жобасының құны 100 млн долларға бағаланып отыр. Бұл – Қазақстанда құрылған білім беру компаниялар арасында рекордтық көрсеткіш.
Пікірлер 0
Кіру пікір қалдыру үшін