Алты жылдық қарқынды даму: Astana Hub-тың жетістіктері мен перспективасы
Орталық Азиядағы ең ірі халықаралық технопарк Astana Hub алты жыл бойы өңірде IT-индустрия мен инновацияларды дамытуға зор серпін беріп келеді. 2018 жылдың 6 қарашасында ресми түрде іске қосылған сәттен бастап технопарк экожүйені дамытып, стартаптарды қолдауға белсене кірісті, мақсат - экономикалық өсім мен елдің технологиялық дамуына жағдай жасау. Мемлекет басшысы мен Қазақстан Үкіметінің, соның ішінде ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің, сондай-ақ стратегиялық серіктестердің қолдауының арқасында Astana Hub технологиялық бизнес үшін экожүйе құруда елеулі жетістіктерге қол жеткізді.
Экожүйе және инфрақұрылым: 2018 жылдан бері технопарк қатысушыларының саны 185-тен 1 571 компанияға дейін өсті, соның ішінде 430-дан астамы шетелдік қатысумен. Осы уақыт ішінде технопарк қатысушылары 28 мыңнан астам жұмыс орнын қамтамасыз етті. Astana Hub стартаптарға салық жеңілдіктерін, арнайы еңбек және визалық режимін, сондай-ақ кеңсе және баспана ұсынып, Қазақстандағы IT-қоғамдастықтың белсенді дамуына ықпал етеді. Технопарк инфрақұрылым базасында Playrix, TikTok, inDrive, EPAM, Glovo, DAMUMED, Presight.ai және басқа да ірі халықаралық компаниялардың кеңселері орналасқан.
Табыс пен экспорттың өсуі: Технопарк іске қосылғаннан бері оның резиденттерінің жалпы табысы $1,9 миллиардты құрады: 2019 жылы $35 миллион болса, 2023 жылы $875 миллионға жетті, ал 2024 жылы бұл көрсеткіш $1,147 миллионды құрайды деген болжам бар. Astana Hub қатысушыларының қызметтер экспорты да қарқынды өсуде: соңғы төрт жылда табыс $630 миллионды құрады, ал 2024 жылдың нәтижесін ескерсек, қатысушылардың бес жылға шаққандағы ортақ IT экспорты $1 миллиардтан асуы тиіс.
Инвестиция тарту: Алты жыл ішінде Astana Hub стартаптары $665,5 миллион көлемінде инвестиция тартып, Қазақстанның IT-экожүйесін айтарлықтай нығайтуға және жобаларды халықаралық деңгейге шығаруға мүмкіндік берді. Халықаралық нарыққа сәтті шығып, жылдам дамып жатқан перспективті стартаптар арасында CerebraAI, CodiPlay, Parqour, ApartX, Kwaka, Biometric, Beksar, Alaqan, Zypl.ai, ZebraEye, Arlan Biotech және басқалары бар.
Стартаптарды қолдау бойынша негізгі бағдарламалар: Astana Hub стартаптарға Scalerator, Techpreneurs, Startup Garage және Global Outsourcer бағдарламалары арқылы дамудың барлық кезеңдерінде қолдау көрсетеді. Негізгі акселераторлар қатарында Silkway Accelerator бар, ол Google for Startups-пен бірлесіп әзірленген және стартаптарға халықаралық нарыққа шығуға көмектеседі. Орталық Еуразия стартаптарынан түскен 1300-ден астам өтінімнің ішінен үздік шыққан 62 жоба бағдарламаны сәтті аяқтады. Олардың жалпы капитализациясы $430 миллионға жетіп, БАӘ, Түркия және АҚШ нарықтарынан $27 миллион инвестиция тартты. Сондай-ақ Draper University және Дүниежүзілік банктің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан Hero Training бағдарламасы аясында 37 стартап Кремний алқабында ауқымды акселерациядан өтуге мүмкіндік алды. Соның ішінде CITIX жобасына әлемге танымал венчурлық инвестор Тим Дрейпер $1 миллион инвестиция құйған болатын.
Кадрлық әлеуетті дамыту: IT-білім берудегі жетекші бастамаға айналған Tech Orda бағдарламасы іске қосылған сәттен бастап 9 мыңнан астам қазақстандық IT-мамандығы бойынша тегін білім алу мүмкіндігіне ие болды, ал 2025 жылға қарай 20 мың адамды оқыту жоспарланған. Бұл жоба аясында әр студентке мемлекеттен 600 000 теңгеге дейін ваучер бөлінеді. Сондай-ақ Astana Hub технопаркі Alem School, No Code/Low Code School, Startup School, Beta Career, Freelance School, IT-Aiel және басқа да білім беру бағдарламаларын ұсынады. 2024 жылдың шілде айында пилоттық режимде елдің 180 мектебі үшін бағдарламалаудың негізгі білімдерін оқытуға арналған онлайн-платформа іске қосылды, онда 120 тренер 10-11 сыныптың 19 мыңнан астам оқушысын No Code, Low Code және Startup Academy бағдарламалары бойынша оқытады.
Өңірлік даму: Astana Hub өңірлік IT-хабтарды белсенді дамытып, Қазақстанда жергілікті IT-қоғамдастықтарды қалыптастыруға және тұрақты IT-таланттар легін қамтамасыз етуге ықпал етеді. Елдің 17 өңірінде IT-хабтар жұмыс істеп тұр, ал жылдың соңына қарай он сегізіншісі ашылады. Бұл орталықтар ұлттық технологиялық экожүйенің маңызды бөлігі ретінде цифрлық құзыреттерді және жергілікті қауымдастықтарды дамытады. 2023 жылдан бастап өңірлік хабтарда 1 600-ден астам іс-шара, соның ішінде 7 халықаралық форум өткізілді, 48 мыңнан астам адам қатысты, 440 стартап құрылды, бұл IT-білім беруді дамытуға және жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал етеді.
Жасанды интеллект бастамалары: Жасанды интеллектті (ЖИ) дамыту — Astana Hub-тың басым бағыттарының бірі, сондықтан Қазақстанда ЖИ-ды насихаттау мен дамытуға бағытталған ауқымды AI Movement бағдарламасы іске қосылды. Бағдарлама аясында Tomorrow School елдегі алғашқы жасанды интеллект мектебі ашылды, сондай-ақ Decentrathon атты ең ірі хакатон, AI People Bootcamp, «ЖИ негіздері: ChatGPT» онлайн-курсы және аймақтардағы Roadshow сияқты бастамалар жүзеге асырылды. Бұл жобалар талантты мамандарды тартып, ЖИ саласындағы білім алуды дамытып, 2025 жылы ашылатын Ұлттық жасанды интеллект орталығының негізін қалауға жағдай жасайды.
Алдағы мақсат-міндеттер: Astana Hub стартаптарды қолдау және Қазақстан экономикасын цифрландыру үшін экожүйені белсенді дамытуды жалғастыра отырып, ауқымды мақсаттарға жетуді көздейді: 2026 жылға қарай IT-қызметтердің жылдық экспортын $1 миллиардқа жеткізу және 2027 жылға қарай қазақстандық "юникорнды" қалыптастыру.
Пікірлер 6
Кіру пікір қалдыру үшін
Оксана Жаксынбекова · Қар. 21, 2024 11:32
👍
Александр Цой · Қар. 20, 2024 15:55
👍
Abylay Allamurat · Қар. 16, 2024 02:06
👍🏻
Sharimov Rassul · Қар. 15, 2024 10:04
👍
Нурлан Жунусов · Қар. 6, 2024 23:06
Круто! Молодцы! Пусть это будет только начало!
Сания Уразбекова · Қар. 6, 2024 11:28
Я очень надеюсь что это только начало большого пути. 🤲