Көршілерге арналған әлеуметтік желі. Қазақстандықтар үйдің кіреберісі мен ауласын тәртіпке келтіру үшін стартап ойлап тапты
Виталий Пустовойтенко білімі бойынша математик, IT-маманы емес, бірақ өмірі осы саламен тығыз байланысты. Ол 12 жыл бұрын әріптесімен бірге IT-жобаларды жүзеге асыру мақсатында команда құрған. Компания негізінен мемлекеттік және корпоратив сектормен жұмыс істеген, ал пандемия кезінде қоғамдық орындарға кіру үшін QR-коды бар Ashyq қосымшасын жасаған. Қазір Виталий стартаптарда бағын сынап жүр: көпқабатты үй тұрғындарына тұрғын үй кешенін басқаруға көмектесетін E-knot — онлайн-сервисі жобасына жетекшілік етеді. Digital Business-ке берген сұхбатында кейіпкеріміз E-knot қазақстандықтарға үй кіреберісін тәртіпке келтіруге және радиофобиямен күресуге қалай көмектесіп жатқанын, сонымен қатар стартаптың басқа нарықтағы болашағы туралы баяндады.
Digital Business редакциясы Astana Hub-пен бірлесіп «Қазақстанның 100 стартап-тарихы» жобасын іске қосты. Бұл – қазақстандық кәсіпкерлер мен Astana Hub бағдарламаларына қатысушы шетелдіктердің теңдессіз өнімдері мен сервистері жайлы жарқын оқиғалар. Біз аталған стартаптардың бірі міндетті түрде «unicorn» болып, Қазақстанды әлемдік IT-нарықта танымал етеді деп сенеміз. Сондай-ақ, түрлі кәсіпкер жігіттердің бір жерде жиналған тәжірибесі аудиторияны жаңа, батыл және креативті стартаптарға шабыттандырады деген үміттеміз.
Жоба үш тілде – қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде шығады және біздің кейіпкерлеріміз үшін толығымен тегін болады. Егер сіз де жобаның бір бөлігі болғыңыз келсе – бізге жазыңыз editor@digitalbusiness.kz.
Дауыс беру және сантехниктерді қадағалау
— Стартап идеясы қайдан пайда болды?
— 2012 жылы біз коммуналдық қызметтер коммерциялық есебінің автоматтандырылған жүйесін жобаладық. Есептегіштегі көрсеткіштерді қашықтан бір орталыққа жіберіп отыратын есеп құралын жасағымыз келді. Жай есеп жүргізіп қана қоймай, жалпы қала бойынша кім қанша тұтынатынын және шығын қайдан шығатынын көру үшін. Жоба мемлекеттік сараптамадан өтпеді, тіпті маған уәде етілген ақшаны төлемеді. Бірақ мәселе онда емес – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтағы жылдар бойы жинаған білімім зая кетті. Бұл саланы сол уақыттан бері жаныма жақын тартамын.
Кейінірек Астана әкімдігі е-КСК электронды жүйесін іске қосу бойынша байқау жариялады. Біз осы жобаны әзірлегенде оны стартап емес, мемлекеттік тапсырыстың аналогы ретінде бағаладық: біздің міндетіміз тек жасап шығару, басқалары қосымшаға кіріп, қолдануы тиіс болатын. Бірақ олай болмады, жоба жабылды. Есесіне, оның жалғасы іспетті E-knot пайда болды, біз саланың тереңіне бойлап, қандай мәселе барын, оны қалай шешу керек екенін түсіндік.
E-knot құрған кезде тұжырымдамасы басқа еді. Алайда пандемия басталып, мүлік иелері бірлестігіне көшу реформасын жүзеге асырдық, сондықтан идеясын сәл өзгертіп, тұрғындардың онлайн-жиналысына баса назар аудардық. Zoom мен қосымшаны біріктіріп, ковид кезінде жиналыс пен дауыс беру үшін адамдарды онлайнда жинамақ болдық.
Қазір біз өзімізді көршілердің әлеуметтік желісі ретінде санаймыз. E-knot қайсыбір сұрақты шешу үшін тұрғындарды аз уақыт ішінде жинауға көмектеседі. Бұл бірігу, ақпараттандыру, шешім қабылдау құралы.
Бізде мынадай кейстер бар: басқарушы компаниялар әрекет етпей жатқан жағдайда пәтер иелері бір-екі айдың ішінде үйді өз қолына алып, өздігінен ортақ мүлікті тиімді басқаруды бастап кетті. Сол кезде үйлердің жағдайы жақсарды, кіреберісі жөнделіп, ауласы қалпына келтірілді, жылу торабындағы құбырлар ауыстырылды, т.б. Қосымшада бейнебақылау камерасын монтаждау, кіреберісті сырлау, орындықтар қою және т.б. кез келген сұрақты тез арада талқылауға болады.
Біз шешіп жатқан екінші сұрақ – үйлерді басқару: диспетчерлендіру, өтініштермен жұмыс, мердігерлер жұмысын қадағалау, төлем қабылдау, түбіртек жеткізу және т.б. Мысалы, тұрғын пәтерде судың жоқтығын WhatsApp чатқа жазбай, қосымшада сантехникке өтініш қалдырады. Маман үйге барып, мәселені шешіп, фотоға түсіреді. Ал пәтер иесі тапсырма беруші ретінде оның жұмысы ұнағаны, не ұнамағаны жөнінде баға береді. Бұл жұмыс кестесіне де қатысты: сервис жалдаған мамандар шын мәнінде жылу тораптарына кіретінін, қысым датчигін, су кету, автоматиканы, т.б. тексеретінін бақылауды қамтамасыз етеді. Бұл құбыр жарылып, қымбат жабдықты су басқанда емес, мәселені бас кезінде шешуге мүмкіндік береді.
Біз үнемі жаңа қызмет түрін қосамыз. Қазір ауланы қауіпсіз ету қызметін жетілдіріп жатырмыз: шлагбаумды қосымшамен кіріктіріп, базардан немесе дүкеннен таксимен келе жатқанда ауланың қақпасын қосымшаға кіріп-ақ ашатындай етеміз.
Басқаша айтқанда, бұның бәрі адамдардың өзара іс-қимылын барынша азайтуға және басқарушы компаниялардағы күзет, консьерж, диспетчер штатын қысқартуға бағытталған.
Диванда отыратындарға сиқырлы түйме жоқ
— Сонда да: E-knot — бұл кімдерге арналған сервис? Жеке тұлға ретінде көршілерге ме? Әлде меншік иелері бірлестігі мен басқарушы компанияларға ма?
— Біздің модель күрделі — B2B2C. Егер үйдің кішігірім айқай-шуы болып, тұрғындардың бірі тәртіп орнатқысы келсе, B2C болады. Тұрғындар бірігіп, үйді басқаратын заңды тұлға құраса, B2B болады, біз олар үшін басқа тұрғындармен сөйлесуге арналған CRM іспетті боламыз. Немесе персоналдың тиімділігі, өтініштерді бақылау, т.б. осы секілді процестерді оңтайландырғысы келетін басқарушы компания да біздің клиент бола алады, бұл да B2B.
Бірақ кез келген жағдайда түпкілікті пайда алушы – бұл қызметтер үшін тікелей немесе жанама ақы төлейтін адам, яғни пәтер иесі. Себебі тұрғындар тарифтер бойынша үнемдеуді немесе тұрғын үй кешенінің жалпы жағдайының және қызмет көрсету сапасының жақсарғанын көреді.
— Мысалы, мен меншік иелері бірлестігі жоқ үйде тұрып жатырмын, бірақ оның құрылғанын қалаймын. Жай ғана сіздерге жүгінуім керек пе?
— Негізінде, иә. Жүгінесіз және біздің менеджермен сөйлесесіз. Ол сізге жалпы жиналысты бастау үшін қажетті тұрғындардың 10%-ын жинауға көмектеседі. Жиналысты онлайн немесе бұрынғыдай – аулада, паркингте, холлда өткізуге болады. Тәжірибе көрсеткендей, жиналысқа қажетті мөлшердегі меншік иелері келмейді, сондықтан хаттама толтырып, біз қосымшада мысалы, мүлік иелері бірлестігін құру үшін онлайн дауыс беру сервисін іске қосамыз. Біздің маркетинг өнімдері меншік иелерін «оятуға» көмектеседі: чатқа хабарлама кетеді, әр көршіге жеке жіберіледі, роботтар хабарласады, яғни осындай мазаны алатын маркетинг жұмыс істейді. Дауыс беру сәтті өтсе, бірлестікті заң тұрғысынан тіркеудің нұсқаулығын береміз.
— Әрі қарай МИБ (мүлік иелері бірлестігі) сіздердің клиентіңіз бола ма?
— Иә. Басында біз бастама көтерген жеке тұлғамен, кейін заңды тұлға – мүлік иелері бірлестігімен келісім-шарт жасаймыз.
— Яғни бәрібір бір немесе бірнеше тұрғын бастама көтеруі керек, сиқырлы түйме жоқ па?
— Әрине. Диванда отырып, сын айтатындарға біз көмектесе алмаймыз. Есесіне, үй мәселесін шешуге және ең бастысы, өзіне жауапкершілік алуға тырысатын лидерге көмегімізді аямаймыз.
Үйде бір жағдай болса, біз әдетте реніш көреміз – әне, әкімдік кінәлі. Шындығында, ол тұрғындардың меншігі екенін көбі түсіне бермейді. Пәтер сатып алған кезде оның иесі шатыры, ауласы, кіреберісінің бір бөлігін қоса алады және үйді басқару мен күтіп-ұстау шығындарын бірге көтеруі тиіс. Біздің адамдарда осындай жауапкершілік шегін түсінбейтін масылдық бар. Үш жылдан кейін біз ортақ мәселелерді шешу үшін тұрғындардың басын біріктіру – қиын шаруа екенін түсіндік. Бұл пәтерлер тегін таратылған кеңес кезінен созылып келе жатқан әдет шығар: пәтер иелерінде тұрғын үй мен оның кіреберісіндегі жағдайға қатысымыз жоқ, бұның бәрін әкімдік шешуі керек деген менталитет сақталған. Ұялы байланысқа қатысты мысалға ұқсас: бәрі интернет жоқ және бұған министр кінәлі деп әлеуметтік желіде шу шығарады, алайда, бәлкім солардың көршілері үйде базалық станция орнатуға қарсы болған шығар.
E-knot көмегімен біз үйлерде демократия ұяшықтарын құрып жатырмыз деуге болады. Дегенмен тұрғындар аса белсенді емес. МИБ құру үшін меншік иелерінің 50% -дан астамын жинау керек делік және олардың көпшілігі «иә» деп дауыс беруі керек.
Түптеп келгенде, біріншіден, көпшілігі диванда жатып сын айтып, қабылданған шешімге ешқандай жауапкершілік алмауды жөн санап, процесті елемегендей болады. Екіншіден, қосымшаны жүктеп алғандардың 20%-ы “қалыс қалдым” деп дауыс береді. Қазір уақыт өткен сайын қалыс қалғандардың пайызы орташа есеппен 16% болғанын байқадық.
Бұдан адамдар шешім қабылдауды, бір-бірімен сөйлесіп, келісуді үйреніп жатыр, яғни демократия көбейіп жатыр деген қорытынды жасап отырмыз. Және бізде тұрғындар мүлік құқығын тексеріп, дауыс санын есептеп, бір сағатта төрағаны таңдаған кейстер бар. Өте керемет.
— Радиофобия демекші: сіз E-knot мобильді интернет мәселесін шеше алады дедіңіз. Қалайша?
— Ashyq жүйесін жасаған кезде антиваксерлерге ұшырастық, тіпті олармен соттастық. Антиваксерлер мен радиофобтар бір-біріне ұқсас: шу шығарып, сөйтіп, белгілі бір шешімдерге әсер етуі мүмкін. Біздің халық мәселенің байыбына бармай, шулап жатқандарға қарайды ғой: егер он адам мәлімдеме жасаса, бүкіл үй қарсы деген қорытындыға келеді. Ал заң бойынша мобильді байланыс станциясын орнату үшін халықтың үштен екісінің дауысын жинаса жеткілікті.
Біз әкімдіктер мен байланыс операторларына дауыс беру платформасын тегін ұсындық. Яки мобильді оператор қол жинау үшін пәтер араламайды, қосымшаның көмегімен қол жинай алады. Егер тұрғындардың көпшілігі «қолдаймын» деп дауыс берсе, мүлік иелері бірлестігімен келісім-шарт жасап, база станциясын орнатуға болады.
Бүгінде біздің онлайн дауыс беру платформасы қаладағы екі тұрғын үй кешенінде қолданылды, тұрғындар байланыс операторларының антенналарын орнату туралы шешім қабылдауды шешті. Мобильді операторлардан бұдан басқа белсенділік байқалмайды. Дегенмен, үйіндегі интернеттің жақсы болғанын қалайтын тұрғындар да бастама көтере алады.
Смарт-инвестордан $250 мың керек
— Қазір сервисті дамытумен қанша адам айналысады?
— Командада сегіз адамбыз. Бұл екі топ: біреуі техникалық әзірлемелермен айналысады, екіншісі клиенттермен жұмыс істейді. Маман, әдеттегідей, жетіспейді. Бәрі қаржыға тіреледі.
Биыл біз тағылымдамаға байланысты жақсы кейс алдық: студенттерді жинап, командаларға бөлдік, олар біздің гипотеза бойынша екі өнім жасап шығарды, оларды жақын арада іске қосамыз. Олар үшін екі айға жалғасқан хакатон болды, біз ментор болдық. Енді осы жастарды жұмысқа алып жатырмыз. Сонымен қатар олар біздің жобаларда тағы бір жыл жұмыс істеп, сол бойынша диплом қорғауы үшін олардың университтегі дипломдық жұмыстарының тақырыбын ауыстыруға тырысып жатырмыз.
— E-knot үшін кім төлейді?
— Біздің е-КСК сервисі тегін болды, бірақ тегін дүниенің қадірі жоқ. Сондықтан, E-knot-пен аз да болса ақша, аламыз деп о баста бірден шештік. Және клиентке үздік қызмет көрсетеміз.
Сондықтан бізге әуелі бастамашы топ, кейін мүлік иелері бірлестігі (немесе басқарушы компания) төлейді.
— Бұл төлемдер жобаның шығыны өтеуге жете ме?
— Жоба аз-маз өтеледі. Бірақ оны масштабтауға қаржы әзірге жеткіліксіз. Біз өнімді жасауға қаржы тарттық, қазір даму үшін инвестор іздеп жатырмыз.
— Қанша инвестиция және не үшін керек?
— Қазір бізге жобаға 250 мың доллар салатын жақсы смарт-инвестор керек. Біріншіден, жақсы маркетинг жасап, бүкіл Қазақстандағы тұрғын үй кешендеріне кіру үшін. Екіншіден, жаңа сервисті жетілдіру үшін – біздің идеямыз көп. Және соңғысы, халықаралық нарыққа шығу үшін.
Бұған қоса, біз қазір сақтандыру компаниялары, медициналық орталықтар, мейрамханалар, дәмханалар, жеткізу қызметінен серіктестер іздеп жатырмыз. Себебі, бізде қосымша қызмет түрін сатуға болатын аудитория бар, біз олардың қандай тұтынушы екенін, жасы нешеде, қай жерде тұратынын анық білеміз.
— Қазір жобада қанша тұрғын кооперативі немесе жеке пайдаланушы бар?
— Негізінен, Астанадамыз, өйткені тұрғын үй коммуналдық шаруашылық саласындағы реформаның бас кезінде бастамашыл топпен жұмыс істедік. Қазір Алматыдағы үлкен тұрғын үй кешендері белсенді қосылып жатыр.
Басқа өңірлерде бенсенділік жоқ, себебі егер ескі бес қабатты үйде 40 тұрғын болса, оларға біздің қызметіміздің қажеті жоқ, олар бір-бірін таниды және проблемаларын өздері шеше алады.
Бізде барлығы 60 мыңнан астам пайдаланушы бар, 270-тен астам үй біздің дауыс беру сервисін пайдаланды, ал біздің сауалнама парағының негізінде 270-тен астам МИБ Әділет министрлігінде тіркелді.
Неге қазір АҚШ-қа барудың қажеті жоқ
— Жобаның Қазақстандағы болашағы қандай? Басқа елдерде ше?
— Қазақстанда біз негізінен Астана мен Алматыдағы ірі кешендердегі өсімге арқа сүйейміз. Шағын үйлерді жайырақ, 2 жылдан кейін қарастырмақшымыз.
Басқа елдерден бұрын Ресей Федерациясын қарастырғанбыз, қазір одан бас тарттық. Өзбекстан, Қырғызстанға назар аударамыз – ол жақтарда өлшемдер жүргіздік, қажеттілік бар және қалай жұмыс істейтінімізді түсінеміз. Болашақта Түркияға, Оңтүстік-Шығыс Азияға шығатын боламыз.
— Сіздердің жобаңыз оңай дамуы үшін Қазақстанда нені өзгертуге болар еді? Мысалы, стартаптарды дамытуға арналған инфрақұрылым немесе тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында?
— Стартаптар бойынша бәрі жақсы. Astana Hub — саланы жандандырып, жобаларға көмек көрсетіп жатқан үздік мемлекеттік жоба. Тек әрі қарай даму керек және тоқтамау керек.
Тұрғын үй қатынасы саласын айтсақ, мұнда шенеуніктердің мінез-құлқында проблема бар. Министрліктердің еншілес құрылымдары бар, олар да МИБ-ті цифрландырумен айналысқысы келеді. Оларға көмектесу үшін біз секілді жеке жобаларға үнемі түрлі кедергілер тудырады. Егер шенеуніктер біреудің мүддесін қорғауды қойып, салаға шынымен қолдау көрсетіп, жағдай жасаса, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын цифрландырудан табысқа жетеміз. Қазақстандық тәжірибе басқа елдерге үлгі болар еді.
— Сіздердің модельді басқа елдерге масштабтау қаншалықты оңай?
— Astana Hub-тың Scalerator бағдарламасында акселерациядан өткен кезде басқа нарыққа шығу жағынан жақсы білім алдық. Пилоттық жобаға Түркияны таңдадық, жергілікті заңнаманы қарай бастадық. Иә, біздікінен әлдеқайда өзгеше, бірақ біз проблемаларды және олардың шешімін таптық. Екі жобаны бастадық, алайда жер сілкінісінен кейін бәрін тоқтатып қойдық.
Сондай-ақ, Түркияда белгілі бір тауашаны байқадық: ол – шетелдіктер иелік ететін пәтерлері бар үйлер. Мұндай жағдайда басқарушы компаниялар тариф пен сервис тұрғысынан адал бола бермейді. Біздің E-knot осындай пәтер иелеріне түрлі елде отырып, қашықтан өз үйлерін басқару үшін бірігуге көмектесер еді. Осы шешімді жетілдіре бастадық. Келесі жылы оған ораламыз деген ойдамын.
— Демек, әр елдің ерекшелігіне байланысты сіздердің сервисті масштабтау қиын бола ма?
— Егер біз тұрғындарды біріктіріп, заңға сәйкес дауыс беруге көмектесу моделі туралы айтсақ, онда қазақстандық қосымшаны Түркияда сату мүмкін емес. Заңнамасы бөлек, тілдік кедергі бар, менталитет әртүрлі, т.б. Бұл осы салада жұмыс істейтін және саланың барлық ерекшелігін білетін жергілікті компаниямен бірлескен жоба болуы керек.
Егер басқарушы компаниялардың жұмысын (диспетчерлік, қызметкерлерді бақылау) автоматтандыру және цифрландыру туралы сөз болса, бұл жерде қосымшаның интерфейсі мен баптауынан басқа кедергі жоқ.
— Мысалы, АҚШ-қа кетіп, жобаны сол жақта дамыту туралы ойладыңыз ба? Яғни өз меншігінің құнын анық білетін халық тұратын елде, бәлкім, посткеңестік елдермен салыстырғанда жұмыс істеу оңайырақ болатын шығар…
— Әрине, бұл жерде нашар, сондықтан біз жақсы жерге кетеміз деуге болады. Дегенмен, бізде белгілі бір патриотизм және алдымен жобамызды осы жерде енгізуіміз керек, содан кейін ғана басқа нарықты бағындыруға болады деген түсінік бар.
Біз халқымыздың немқұрайлылығымен жұмыс істеуді үйрендік, адамдарды «оята» аламыз және бұдан табыс таба бастадық. Жоба аяғына тұруы үшін Қазақстан мен жақын маңдағы елдердің нарығы жетеді. Кейін АҚШ және басқа елдерге шығуға болады.
Иә, Қазақстанда қиындықтар көп, бірақ соларды еңсеріп қана біз мықтырақ және мейілінше тиімдірек боламыз.
Пікірлер 0
Кіру пікір қалдыру үшін