Digital Bridge 2022 форумында әлемге әйгілі кәсіпкерлер не деді?
28-29 қыркүйекте Астанада өткен цифрлық технологиялар мен бизнес саласындағы Digital Bridge 2022 халықаралық форумына 25 мыңға жуық адам, соның ішінде әлемдік деңгейдегі ірі компаниялардың басшылары мен ең мықты халықаралық сарапшылар қатысты.
Форумда Samsung Electronics, Huawei Eurasia, EPAM, Kaspi.kz, Urent, inDriver, TikTok, GSV Holdings, Reinvention Academy, Freedom Holding Corp, G42 және басқа да ірі компаниялардың негізін қалаушылары мен басшылары сөз сөйледі.
Мысалы, спикерлердің ішінде компаниясының негізін 22 жасында қалаған, URENT бас директоры Омар Әл Аши болды. Бүгінгі таңда URENT - Біріккен Араб Әмірліктеріндегі ең жылдам дамып келе жатқан стартаптардың бірі. Әлемдегі алғашқы Peer-to-Peer көлік құралдарын ортақ пайдалану платформасы ретінде қызмет етеді, ол кәсіпорындар мен лицензияланған жеке тұлғаларға бес санатқа дейін көлік құралдарын (автомобильдер, яхталар, мотоциклдер, жүргізуші қызметтері) жалға ұсынады.
«Стартап жасаған кезде көп нәрсеге мән беру қажет, соның ішінде кеңістікті цифрландыру барысындағы маңызды мәселе – стартапты жасау емес, мықты команда құру. Біз бизнесті емес, тиісті адамдардан тұратын команданы құрамыз. Яғни цифрлық бизнесте басшы деген жоқ, команданы мақсатқа жеткізетін көшбасшы болу керек», - деді Омар Әл Аши Digital Bridge-2022 форумында.
Кремний алқабында орналасқан GSV Holdings инвестициялық платформаның негізін қалаушы және бас директоры, Facebook, Twitter, Dropbox, Snap, Lyft және Spotify сияқты компанияларға қаржы құйып жатқан Майкл Мо да ІТ-сала мен бизнестегі тәжірибесімен бөлісті. «Біздің басты жетістігіміз - білім технологиялары саласы, біз қолданыстағы 51 жаңашылдықтың 17-сіне инвестиция салған болатынбыз. Сондай-ақ ASU GSB Summit атты Аризона штатындағы университетпен бірге жыл сайын Сан-Диегода әлемнің білім саласындағы 5 мың көшбасшысы бас қосатын конференция өткіземіз, 10 мың адам қатысатын виртуалды буткемп-стартаптар ұйымдастырамыз. Және осының бәрі тегін», - деді ол.
Қызықты меймандардың ішінде Ұлыбритания нарығының көшбасшысы болу үшін бағдарламалық өнімдер компаниясын құрып, содан кейін оны АҚШ нарығының көшбасшысына өткізген Алан Эль-Кади да болды. Қазір ол Mercy Corp және Google-мен бірге негізін қалаған Gaza Sky Geeks директоры болып жұмыс істейді.
«Мен Қазақстанға ғана емес, жалпы Орталық Азияға алғашқы рет келіп тұрмын. Менің технологиялық саладағы тәжірибем 30 жылға жуықтады. Gaza Sky Geeks жобасы – бұл Палестинаның Газа секторындағы коммерциялық емес бастама. Біздің жоба екі нәрсені тоғыстырады: жақсы интернет пен білімді жастар. Оларды техникалық дағдыларға үйретеміз – кодтау, бұлттық есептеу, деректерді талдау, деректер дизайны, аударма және интернет арқылы ақша табуға көмектесетін басқа да мүмкіндіктер»,- деді Алан Эль-Кади.
Айта кету керек, шетелдік спикерлерден басқа форумда халықаралық деңгейде аты шыққан отандық сарапшылар да сөз сөйледі, соның ішінде: Еуропа және Еуразияның ең жылдам дамып жатқан ІТ-қаржылық ұйымы - Kaspi.kz технологиялық компаниясының негізін тең қалаушы және басшысы Михаил Ломтадзе; Reinvention Academy негізін қалаушы, ғалым, басқарушы, бизнес-консультант, сериялық кәсіпкер, Ted-спикер және кітаптардың авторы Надя Жексембаева; «WikiBilim» қоғамдық қорының және Bilim Media Group электронды білім беру компаниясының негізін қалаушы және жетекшісі, қазақ тіліндегі Уикипедия қауымдастығын дамытуға және насихаттауға қосқан үлесі үшін «Википедия» әлемдік интернет энциклопедиясының негізін қалаушы Джимми Уэльстің жеке сыйлығымен марапатталып, Жыл уикипедияшысы атанған Рауан Кенжеханұлы.
Форум аясында түрлі елдің цифрландыру, ІТ-коммуникация мен инновация саласына жауап беретін мемлекеттік органдарының басшылары өз елдеріндегі цифрлық трансформация және GovTech жайлы тәжірибесімен бөлісті. Digital Bridge 2022 форумының басты ұйымдастырушысы – Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің басшысы Бағдат Мусин Қазақстан атынан негізгі Keynote speech ұсынды.
300-ден астам спикер - мықты дипломаттар, халықаралық компаниялардың басшылары, әйгілі сарапшылар мен мемлекеттік органдардың өкілдері жылдың басты ІТ-оқиғасы Digital Bridge-2022 аясында заманауи үрдістер мен ІТ, инновация, бизнестің маңызды мәселелері туралы талқылады.
Еске сала кетсек, Digital Bridge халықаралық форумы Астана қаласында 2018 жылдан бері өткізіліп келеді. Биыл «Орталық Еуразия жаңа технологиялық платформа ретінде қалыптасуда» тақырыбындағы форумның бағдарламасы аясында 45 панельдік сессия, технопарктер көрмесі, ІT-стартаптар аллеясы, IT-мектептер көрмесі, IT-вакансиялар жәрмеңкесі, Astana Hub Battle жарысы өтті.
Ұйымдастырушылар - ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Астана қаласы әкімдігі мен Astana hub IT-стартаптар халықаралық технопаркі.
Форумның бас демеушісі – Kaspi.kz. Демеушілер мен серіктестер - Казахтелеком, Freedom bank, Tengizchevroil, My Car, Tech culture, Huawei, G42, Halyk Bank, Bigroup, Prime source, Glovo, SF, Leica, BI Group, OneWeb, Citix, Global nomads.
Пікірлер 0
Кіру пікір қалдыру үшін