Олардың арманындағы стартап. Қазақстандық екі бойжеткен басшыларға арналған күнделікті қайталанатын жұмысты істейтін ЖИ-көмекшіні жасап жатыр

Мектеп бітірген соң Аружан Меде Барселонада қаржыгер мамандығын оқыған және Hilton of Spain қонақ үйлер желісінде 3,5 жыл жұмыс істеген. Алайда коронавирус пандемиясы кесірінен Қазақстанға оралды. Өз елінде BTS Education компаниясына жұмысқа тұрды. Шамамен сол уақытта ұжымға Малайзияда оқыған, туризм саласында 3 жыл тәжірибесі бар Динара Халитова қосылды.


IT-саласында өздерін сынап көрген екі қыз 2022 жылдың желтоқсанында IMPRO стартапын бастады. Бұл – белгілі бір компанияның талабы бойынша IT-мамандарды даярлайтын білім беру жобасы. Қазір Динара мен Аружан жасанды интеллект негізінде виртуалды көмекші жасап шығарумен айналысып жатыр, ол басшыларды операциялық жұмыстың көп бөлігінен босата алады. Digital Business пен Astana Hub бірлескен «Қазақстанның 100 стартап тарихы» жобасына берген сұхбатында қыздар IT-салаға қалай келгенін, ірі брендтермен қалай серіктес болғанын және ЖИ-көмекшіні қашан іске қосатынын айтты

«Екеумізде де кәсіпкерлік тәжірибе болмаса да, стартап құруды бастаймыз деп шештік»

– Аружан, айтыңызшы, Қазақстанға оралғаннан кейін не себепті қонақ үй саласынан IT-ге ауыстыңыз?

Аружан: – Барселонадан келген кезде еліміздегі барлық дерлік ірі қонақ үйлер желісіне түйіндеме жібердім. Бәрінен шақырту алдым. Алайда сол мезетте BTS Education компаниясының Business Development бөлімінен жұмыс ұсынды. Олар түрлі компаниялар үшін IT-мамандар дайындаумен айналысатын. Оған қоса, Mastercard пен ҚР Сауда және интеграция министрлігімен бірлесіп шағын және орта бизнеске арналған электронды коммерция мектебін іске қостық. Оның басты мақсаты – кәсіпкерлердің e-commerce дағдыларын жетілдіруге көмектесу.

Аружан Меде

Аружан Меде

BTS Education миссиясы көңілімнен шықты. Оның үстіне Hilton-да жұмыс істеген кезімде Mercedes, Aston Martin, Netflix, Disney секілді корпоративті клиенттермен өзара әрекетке жауап беретін едім. Ірі корпорациялармен жұмыс істеудегі азды-көпті тәжірибемді жаңа салада байқап көргім келді. Соның сәті түсті. Алғашқы жылы 3 мың кәсіпкер мен 5 мыңнан астам студентті digital-мамандықтарға оқыттық.

– Динара, ал сізді IT-саласына не айдап әкелді?

Динара: – Малайзияда MBA бітірген соң Қазақстанның топ-3 туристік компаниясы қатарына кіретін ірі туроператорға жұмысқа кірдім. Үш жылдай түрлі позицияда қызмет еттім: әуелі sales-менеджер, сосын product development-менеджер болдым. Қазақстанның БАӘ, Жапония және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерімен серіктестігі мен жобаларға жауапты болдым.

Динара Халитова

Динара Халитова

Коронавирус келіп, туризм саласы тұралап қалды. Жаңа сала іздеп, BTS Education компаниясына project-менеджер болып келдім. Білім беру жобаларымен айналыстым. Финтех-компанияларға Java, iOS, Android әзірлеушілер, DevOps пен Data-инженерлер, сондай-ақ product-менеджерлер дайындадық. Оларды оқытатын тәлімгерлерді іріктеу үшін мамандармен 300-ге жуық сұхбат жүргізген шығармын. Олардың бірқатары сол кезде Meta немесе Amazon секілді алпауыт корпорацияларда жұмыс істеді.

– BTS Education-де жұмыс істеп жүрген кезде жеке бизнес ашуға ниетіңіз пайда болды ма?

Аружан: – Дәл солай. Екеумізде де кәсіпкерлік тәжірибе болмаса да, стартап құруды бастаймыз деп шештік. Динарамен жақсы жұмыс істеп кеттік, білім беру қызметі нарығының операциялық жүйесіне еніп, жақсы нетворкинг алдық.

Мысалы, Қазақстандағы бірнеше ірі компаниямен байланыс орнаттық. Кеңселеріне барып, олардың «бас ауруын» зерттедік. Соған қарап, оқу бағдарламасын жасақтадық, дәріс оқитындарды іздедік және тапсырыс берушілерге қажетті бірден жұмысқа кірісіп кететін мамандарды дайындадық.

Динара Халитова и Аружан Меде

Бүкіл процеспен Динара екеуіміз айналысқандықтан, осы үлгіні жеке стартапта қолданып көреміз деп шештік. Сөйтіп IMPRO пайда болды. Бізбен жұмыс істеген серіктестердің бәрі жұмысты бізбен жалғастыруды қалады.

– BTS Education басшылығы бұл шешімге қандай реакция білдірді?

Аружан: – Біз стартап бастауды ойластырып жүргенде компания стратегиясын түпкілікті өзгертіп жатты. Корпоративтік клиенттерге арналған коммерциялық негіздегі жобалар олардың жоспарына кірген жоқ.

«Тоқсан сайынғы кіріс шамамен $30 мың болды»

– Сіздер кімді оқыттыңыздар?

Динара: – BTS Education туралы айтсақ, негізінен жұмысқа тұруы үшін тәжірибесі мен белгілі бір дағдысы жетпейтін жас мамандарды оқыттық. Басым бөлігі – қазақстандық жоғары оқу орындары IT-факультеттерінің 3-4 курс студенттері және джуниорлар.

Мәселе неде? Компанияларға техникалық тұрғыдан мықты мамандар қажет. Нарықта, джундарды айтсақ, өте аз. Жұмыс беруші жаңадан келген адамды қажет технология стекінде жұмыс істеуге дайындау үшін көп уақыт жұмсауы керек. Әрқайсысының техникалық тұрғыдан бейімделуге ресурсы бола бермейді.

Динара Халитова

Корпорациялардан нақты қандай мамандар қажет екенін және оқыту бағдарламасында не нәрсеге баса мән беру керектігін сұрап білдік. Содан кейін soft және hard дағдылар бойынша бірнеше іріктеу кезеңін өткізіп, ақылды жігіттерді таңдап алдық. 3 айдың ішінде оларды компаниялар жаңа қызметкерлерді бейімдеуге көп уақыт жұмсамайтындай етіп дайындадық.

Оған қоса бар қызметкерлердің біліктілігін арттырумен айналыстық. Өйткені, біздің тәлімгерлер – халықаралық компанияларда тәжірибесі бар мидл+ және сеньор деңгейіндегі мамандар болатын.

Аружан: – IMPRO-ны айтсақ, бәрі компаниялардың сұранысына байланысты болды. Мысалы, стартаптағы алғашқы кейсіміз – ForteBank компаниясының түрлі командасынан 30 қызметкер өнімді басқаруды оқыды. Яғни, продуктоунерлерді оқытуға баса көңіл бөлдік.

– Бастапқыда ForteBank-тен басқа тағы кім клиент болды?

Аружан: – Біз басынан-ақ Mastercard-пен сенімді қарым-қатынас орнаттық. Олармен электронды коммерция бойынша бірнеше білім беру жобасын жүзеге асырған соң, олар біздің серіктес болды.

Аружан Меде

Қазір Mastercard-пен бірге Өзбекстанда e-commerce мектебін ашып, Орталық Азиядағы тұңғыш электронды коммерция форумын ұйымдастырып жатырмыз. Бұдан бөлек, қазақстандық ірі банктермен жұмыс істедік.

– Қалай ақша таптыңыздар?

Аружан: – Тапсырыс берушілер әрбір маманды оқытуға немесе өз қызметкерінің біліктілігін арттыруға грант ретінде белгілі бір сома бөліп отырды. Осының арқасында табысты бизнес жасай алдық. Тоқсандық кіріс шамамен $30 мың құрады. Жақсы табыс таба алатынымызды түсінгенде жоба әзірлеуге кірісеміз деп шештік.

– Егер ақша жақсы түсіп жатқан болса, неге өйттіңіздер?

Аружан: – Мұндай жобалық жұмысты кеңейте алмайсың. Шын мәнінде, бұл IT-мектептің тұжырымдамасы. Бір мезетте 5 клиенттен көбінің тапсырысын орындай алмайтынымызды анық байқадық. Олардың санын көбейтсек, қосымша адам алу керек болды, операциялық жұмыс көбейеді ғой. Біз әр жобаны бүкіл командамызбен күш салып жүргіздік, бірақ ресурстар шектеулі ғой. Бұған қоса, біз о бастан технологиялық стартап болып, венчур әлеміне енеміз деп жоспарладық.

Динара Халитова и Аружан Меде

Сол себепті білім беру бағдарламасымен қатар жасақтама әзірлеуге баратын болып шештік. IT-мамандарды оқыту және сүйемелдеу процесі кезінде жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін виртуалды көмекші жасау идеясы туды. Ол не үшін керек? Тимлидтердің “жарасын” жазу үшін.

«Бір қызметкер жылына орта есеппен 350 сағатын жиналыстан кейінгі кестелерге, тапсырмаларды бөлуге және басқа да күнделікті жұмыстарға жұмсайды!»

– Виртуал көмекшінің мәні неде?

Динара: – Бұл кейбір операциялық және ұйымдастырушылық сұрақтарды өз мойнына ала алатын команданың қосымша мүшесі. Мысалы, қоңырауға қосылу, дыбысты мәтінге айналдыру, содан кейін кездесуде айтылғандардың маңыздысын өткізіп алмау үшін қысқаша мәтін жазу.

Сондай-ақ оған қызметкерлер арасында тапсырмаларды бөлу қызметін беруге болады. Егер қызметкерлердің әрқайсысының жұмыс жүктемесі туралы деректерді берсе, ол тапсырмаларды ұтымды таратады. Плюс дедлайн туралы хабарландыру жібереді.

Аружан: – Бұдан басқа көмекші айтылмаған келісімдер «проблемасын» жояды. Мысалы, онлайн кездесу кезінде қандай да бір маңызды мәселе талқыланады, оны шешуге шешім қабылдады, бірақ мұны нақты кім жасайтыны айтылмайды. Арада бір апта өтеді, тапсырма орындалмайды, өйткені бәрі оны басқа біреу істеп жатыр деп ойлады. Виртуалды көмекші бұндайға жол бермейді. Ол бірден тапсырмаға жауапты адамның анықталмағаны туралы сигнал береді.

– Мұндай көмекшінің бизнеске әсері қандай?

Динара: – Біз бір қызметкер жылына орта есеппен 350 сағатын жиналыстан кейінгі кестелерге, тапсырмаларды бөлуге және басқа да күнделікті жұмыстарға жұмсайтынын есептеп шығардық. Бұл компания үшін айтарлықтай шығын.

Динара Халитова

Біз виртуалды ассистентке сондай-ақ әр қызметкердің жұмыс тиімділігін бақылайтын функционал қосқымыз келеді. Ол қызметкердің айына қанша тапсырманы орындағанын, тапсырманың қаншалықты қиын екенін, қандай экономикалық нәтиже бергенін қарау үшін керек. Бұл команда жұмысын оңтайландыруға және әр қызметкердің мүмкіндіктерін ашуға көңіл бөлуге мүмкіндік береді.

– IT-шешіміңіз дайындықтың қай сатысында?

Аружан: – MVP бойынша жұмыстанып жатырмыз. Қазір альфа нұсқасын финтех компаниялардың он өнім тобында сынақтан өткізіп жүрміз. Бұл problem-solution fit-ке көмектеседі. Біз алып жатқан фидбекке қарағанда нәтиже жаман емес. Біздің IT-шешімге қызығушылық бар. Әзірге бәрін өз қаражатымызға істеп жатырмыз.

Білім беру жобаларын қатар алып жүрміз. Дұрысында біз бірінші трекшнді көрсетіп, $4 млн-ға бағалана отырып, pre-seed раундында $400 мың инвестиция тартқымыз келеді. Содан кейін ғана үлкен жобаларға бара аламыз. Бұл басқа корпорацияларға толыққанды шешімді сатуға мүмкіндік береді. Жыл соңына дейін осы мақсатқа жетуді көздеп отырмыз.

– Қазір өздеріңіздің бағдарламалық жасақтамаңыз бар ма?

Динара: – Аутсорсингте, бірақ біз толыққанды команда құрып жатырмыз. Үлкен компаниялар үшін біздің шешімді бейімдеу керек, өйткені процестер әр жерде түрлі жолдармен құрылған.

Аружан: – Шағын және орта бизнес сегментімен де жұмыс істегіміз келеді. Командаішілік процестерді автоматтандырудың корпорацияларға қарағанда, олар үшін қажеті зор. Бұл ресурстарды айтарлықтай үнемдеуге мүмкіндік береді.

Аружан Меде

– Мұндай виртуал көмекші тек өнімге жауапты командаларға көмектесе ме?

Динара: – Жоқ, болашақта оны сату командасы да қолдана алатынын көріп отырмыз. Көмекші келіссөздерді қадағалап, скриптерді зерттей алады, содан кейін қызметкердің қай жерде дұрыс айтқанын және қай уақытта басқаша әрекет ету керектігін талдай алады. Басқаша айтқанда, сатудың тиімділігі мен конверсиясын жақсартуға болатын аналитика жасап береді.

– Егер Қазақстанда да оны әр компанияға бейімдеу қажет болса, бұл шешімді масштабтаудың әлеуеті бар ма?

Аружан: – Бар екеніне сенімдімін. Себебі ол белгілі бір компанияның сұранысына қарай реттеуге болатын бірегей технология негізінде жасалған ғой. Сондықтан, Қазақстанда қолданыла ма, Оңтүстік-Шығыс Азияда ма, маңызы жоқ.

Динара Халитова и Аружан Меде

Қазір құпиялық пен деректерді сақтау жөніндегі сұрақтарды шешіп жатырмыз. Барлық ақпарат компания серверінде сақталады деп болжап отырмыз. Бірақ мұның бәрі болжам ғана, өйткені алдымен өнімді іске қосу керек, содан кейін ғана нарықтағы ойыншылармен сөйлесеміз.

 
 

Пікірлер 1

Кіру пікір қалдыру үшін