Орталық Азия елдері бірігіп, технологиялық форум өткізді

Бішкекте өткен Орталық Азия технологиялық форумы Орталық Азия, Жапония, Германия, Оңтүстік Корея және АҚШ-тан келген 50-ден астам IT-компания мен 600 қатысушының басын қосты.


Astana Hub халықаралық технопаркі Қырғызстанның Жоғары технологиялар паркімен және Өзбекстанның IT-паркімен бірге осы форумның ұйымдастырушысы және демеушісі болды.

Орталық Азия технологиялық форумының негізгі мақсаты – еліміздің  IT-саладағы қуатын, ресурсы мен мүмкіндіктерін жұмылдырып, АҚШ, Еуропа және т.б. халықаралық нарыққа шығу, Орталық Азияның IT-әлеуетін көрсету.

«Біз оқшауланып өмір сүре алмаймыз, даму үшін күшімізді біріктіру қажет. Біздің керемет көршілеріміз бар және әркім өз тілімізде сөйлесек те, бір-бірімізді жақсы түсінеміз. Әр елдің өз тарихы мен даму тәжірибесі, өзінің тиімді тұстары бар. Бірақ біріксек, одан да зор күшке ие боламыз», - деді Қырғызстан IT қауымдастығының төрағасы Андрей Гуринов.

Түрлі елдің бизнес-делегациялары өздерінің соңғы технологияларын көрсетіп, жасанды интеллект, блокчейн технологиялары, экспорттық әлеует және IT-білім беру сияқты тақырыптар бойынша панельдік пікірталастарға қатысты.

«Неліктен Орталық Азия келесі IT дестинация» презентациясы аясында Өзбекстан, Қазақстан және Қырғызстандағы технопарк өкілдері құрылу тарихымен бөлісіп, қазіргі жетістіктері мен әлеуетін көрсетті.

«Қазір Astana Hub-та мыңнан астам қазақстандық және халықаралық IT-компания тіркелген. Біздің экожүйе IT-бизнеске қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Біз цифрлық елшілер мен арнайы даму бағдарламалары арқылы IT-стартаптарға идеядан шетелде масштабтауға дейінгі әрбір кезеңінде қолдау көрсетеміз. Мақсатымыз – экономиканы нығайтып, халықаралық технология саласымен тығыз ынтымақтастық орнату», – деді Astana Hub басқарушы директоры Абай Әбсамет.

Astana Hub стендіне 50-ден астам қонақ келіп, олар білім беру және акселерация бағдарламалары туралы ақпарат алды. Соның ішінде Draper University бірлескен Hero Training эксклюзивті акселерация бағдарламасымен танысты. Технологиялық компаниялар қазақстандық және халықаралық нарықтарға шығу үшін салықтық жеңілдіктер мен басқа да қолдау шараларын алу мақсатында технопаркке қатысушы ретінде тіркелу мүмкіндіктерімен танысты.

Орталық Азияны халықаралық IT-қауымдастық үшін тартымды ету туралы панельдік сессияда Amazon Global IT-директоры Рик Готье, E2 Educational Services операциялық және стратегиялық бағдарламалар жөніндегі вице-президенті Джошуа Гестч, Nexus Incubator атқарушы директоры Эрик Азулай, 4E орталығының директоры және ҚБТУ профессоры Рамеш Кини ой бөлісті.

Шақырылған қонақтар мен сарапшылар Орталық Азия өте дарынды IT-мамандарға толы екендігін айтты және өз тәжірибелеріне сүйене отырып, секторды дамыту бойынша ұсыныс жасап, кеңес берді.

Сондай-ақ Central Asian Tech Awards 2023 аясында Орталық Азияның жетекші IT-компаниялары мен жекелеген көшбасшылары жеті номинация бойынша марапатталып, соның ішінде үш номинация бойынша қазақстандықтар жеңімпаз атанды.

Astana Hub-тың екі мүшесі – Networks Energy және Red_mad_robot central asia стартаптары «Орталық Азиядағы жыл серпіні» және «Ең жылдам дамып келе жатқан IT-компания – Экспорт – шетелде АКТ қызметтерінің аутсорсингі» номинацияларында жеңіске жетті. Ал қазақстандық әзірлеуші, өнертапқыш және педагог Рүстем Ермеков «Орталық Азиядағы жылдың үздік IT педагогы» атанды. Central Asian Tech Awards 2023 жеңімпаздары туралы қосымша ақпаратты astanahub.com платформасынан табуға болады.

Айта кетейік, Орталық Азия технологиялық форумы мен Central Asian Tech Awards марапатын Қырғызстанның KARPOU және ЖТП, Astana Hub және IT Park Uzbekistan біріге ұйымдастырып, АҚШ-тың Қырғыз Республикасындағы елшілігі, ЕҚДБ және ҚР Президент Іс басқармасы қолдау көрсетті.

Пікірлер 0

Кіру пікір қалдыру үшін