Қазақстанда акселерациядан өткен қырғыз стартаптары жаһандық нарықта қарқынды дамып жатыр
Жобасын дамытудың стратегиялық бағыты ретінде Қазақстан нарығын таңдаған қырғызстандық стартаптар қатары артып келеді. Бұған дәлел - Astana Hub-тың акселерациялық бағдарламаларын сәтті аяқтаған NBfit, Codify, Smart Technologies және Mystory сияқты компаниялар. Олар Қазақстан нарығында дамып қана қоймай, халықаралық нарыққа шығып, инвестиция тартып жатыр.
«Біз стартапты биыл мамыр айының соңында Қырғызстанда іске қостық, бірақ қазақстандық нарыққа бағыт алуды шештік. Бірден қолдау тауып, Орталық Азиядағы ең үздік IT стартаптардың ірі байқауы – Astana Hub Battle-да $ 25 мың ұтып алдық. Astana Hub-та акселерациядан өтіп, $100 мың инвестиция тарта алдық», - дейді Mystory негізін қалаушы Айтемір Мудинов.
Жасанды интеллект арқылы жекелендірілген ертегілер жасаумен айналысатын Mystory сервисі Astana Hub және Google for Startups бірлескен бағдарламасы Silkway Accelerator-дың төртінші легіне қатысу кезінде бизнес-періште Евгений Матвеевтен $100 мың инвестиция тартты. Құрылтайшылардың айтуынша, өнім қазір Қазақстанда жақсы сатылып жатыр. Компания сондай-ақ Өзбекстан мен Тәжікстанда кеңейіп жатыр, ал жақын арада Түркия нарығына шығуды жоспарлап отыр. Еске салсақ, стартап 12-13 қазанда Digital Bridge IT форумы аясында өткен Astana Hub Battle 2023-те Best AI Startup аталымында жеңімпаз деп танылған болатын.
«Біз қызметкерлерді іздеу және іріктеу процесін автоматтандыруға арналған өнім - Let’s codify-мен бірге үш айға Астанаға көшіп келдік. Бастысы – мұнда өзімізді үйде жүргендей сезіндік. Маған қаланың ырғағы ұнайды, өте жылдам және IT-қала. Біз unicorn атағына тағы бір қадам жақындадық», - дейді Динара Руслан, Let's Codify бас директоры және негізін қалаушы акселерация кезінде алған әсерімен бөлісе отырып. Қазір бұл платформа Орталық Азия, кейбір Еуропа елдері, АҚШ және БАӘ нарықтарында ұсынылған.
Silkway Accelerator бірінші лек түлегі және Astana Hub Battle 2022 жеңімпазы NB FIT фитнес-сервисі де қолданушыларды көбірек тартып, қарқынды арттырып жатыр. Стартаптың бас директоры және тең құрылтайшысы Сырға Тілекова «Silkway Accelerator – бұл МВА-дің бір түрі, оның нәтижесінде біз маңызды бизнес-процестерді жүргізуді және ауқымды өнім құруды үйрендік» деп атап өтті.
Google for Startups компаниясымен бірлескен бағдарламаға қатысып қана қоймай, қырғыз стартаптары Astana Hub-тың Draper University-мен бірлесіп жүзеге асырып жатқан акселераторға қызығушылық танытуда. Hero Training бағдарламасы аясында Smart Technologies стартапы АҚШ-тың Кремний алқабындағы акселерацияны жақсы аяқтады. Қазіргі уақытта команда өнімді жетілдіру, инвестиция тарту және жобаларын жаһандық деңгейде кеңейту бойынша белсенді жұмыс істеп жатыр.
«Біз бұл үрдіске өте ризамыз. Цифрлық даму министрлігінің көмегімен аймағымыздың ғана емес, одан тыс жерлерде де жетістікке ұмтылған стартаптарға жан-жақты қолдау көрсетеміз. Олардың дамығанына қуанамыз. Қырғызстандық әріптесім Чубак Теміров атап өткендей, біз бұл жерде жарыспай, бір-бірімізді толықтырып, жетілдіреміз. Әр елдің өзіне тән қасиеттері мен технологиялары бар және бірге біз жоғары деңгейге жете аламыз. Қазір біз жігіттеріміз әлемдік нарықта: «Біз - Орталық Азиядан шыққан стартаптармыз» деп мақтанышпен айтатын кезге жеттік», - деп атап өтті Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев.
Astana Hub халықаралық технопаркінің қызметі ІТ-бизнес үшін экожүйені құруға және дамытуға, ІТ мамандарын оқытуға және стартап жобаларды қолдауға бағытталған. Бүгінгі таңда технопаркте 1300-ден астам IT-компания тіркелген, оның 377-сінің шетелдік үлесі бар, соның ішінде 8-і Қырғыз Республикасынан. Олардың барлығы бизнесті дамыту және масштабтау бағдарламаларын, арнайы салықтық және визалық шарттарды, ақпараттық-білім беруді және материалдық инфрақұрылымды қоса алғанда, жан-жақты қолдау алады. Astana Hub қатысушылары қатарында Орталық Азия, Моңғолия, Грузия, Түркия, АҚШ, Қытай, Үндістан, Сингапур және т.б. әртүрлі елдердің компаниялары бар.
Пікірлер 1
Кіру пікір қалдыру үшін
Kirill Grinenko · Ақп. 23, 2024 14:41
👍👍👍