GITEX Europe 2025: Қазақстан мен Өзбекстаннан 17 стартап жаһандық аудиторияға жол тартты

21-23 мамыр күндері Берлинде өтіп жатқан GITEX EUROPE 2025 – бұл 100-ден аса елден келген 40 мыңнан астам сарапшыны жинаған Еуропадағы ең ауқымды технологиялық шара. Биылғы форумда Astana Hub пен IT Park Uzbekistan-ның Central Asian Innovation Hubs біріккен альянсы Қазақстан мен Өзбекстаннан 17 стартап ұсынды.


Сурет: GITEX Europe ресми сайты

Қазақстан делегациясын ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев бастап келді. Central Asian Innovation Hubs бренді аясында Қазақстаннан сегіз жоба ұсынды: Beksar – бөлшек сауда саласына арналған аналитика және сату процестерін автоматтандыру құралы; Arlan Biotech – антиденелерді жылдам генерациялауға арналған генеративті жасанды интеллект шешімі; SmartGas – жанармай шығындарын 30%-ға дейін азайтуға мүмкіндік беретін автопарк мониторингі жүйесі; Alaqan Technologies – қауіпсіздік жүйелері мен байланыссыз төлемдерге арналған алақан тамырларын тану технологиясы. Сондай-ақ SHAI – компанияларға өздерінің ЖИ агенттері мен ассистенттерін жасауға мүмкіндік беретін платформа; QalaAI – геоаналитикаға негізделген қалалық технологиялар; Hired Valley – кадрларды дамытуға бағытталған платформа және AskAlem бизнестерге арналған ЖИ көмекшісі ұсынылды.

«GITEX EUROPE 2025 көрмесіне екі елдің Central Asian Innovation Hubs брендімен қатысуы – Орталық Азияның әлемдік технологиялық картадағы өсіп келе жатқан рөлін айқындайтын стратегиялық қадам. Бұл – біздің алғашқы бірлескен бастамамыз емес: бұған дейін біз Eurasian Technology Week Istanbul және Dubai AI Week алаңдарында өзара серіктестік орнаттық. Алда – London Tech Week сынды жаһандық іс-шаралар күтіп тұр. Мұндай ынтымақтастық өңірдің танымалдығын арттырып қана қоймай, стартаптардың жаһандық нарыққа шығуына жол ашады. Біз жеке жобаларды емес, әлемдік деңгейде бәсекелесе алатын тұтас экожүйені таныстырып отырмыз», – деді Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев.

Өзбекстан мемлекеттік, білім беру және корпоративтік секторларға арналған технологиялық шешімдерін таныстырды. Олардың қатарында – мемлекеттік мекемелер мен бизнеске арналған бағдарламалық өнімдерді әзірлеуші FIDO-BIZNES пен Corporate Solutions Group; Google, NVIDIA және 500 Global қолдаған, тапсырысқа бейімделетін ЖИ модельдері мен инфрақұрылымын ұсынатын Unitlab AI; цифрлық мемлекеттік қызметтердің ұлттық интеграторы – UZINFOCOM; жасанды интеллект пен SaaS жобалары үшін аутстаффинг қызметтерін көрсететін Evertech; бейне студиялар желісімен жұмыс істейтін EdSmart білім беру платформасы; ғимараттарды басқару мен энергияны үнемдеуге бағытталған IoT шешімдерін әзірлеуші K-Tech; қорғалған цифрлық коммуникация сервисі – Eskiz және жеке деректерді қорғау мен федеративті оқытуға басымдық беретін Realsoft AI стартаптары бар.

«Қазақстандық әріптестермен бірлесіп Central Asian Innovation Hubs альянсын құрдық. Мақсатымыз – Орталық Азияда бірыңғай инновациялық кеңістік қалыптастырып, өңірді венчурлік инвестициялар мен стартаптарды дамыту үшін перспективалы экожүйе ретінде таныстыру. Қазірдің өзінде нақты нәтижелер бар: шетелдік инвесторлардың қызығушылығы артып, стартаптар халықаралық акселерациялық бағдарламалар арқылы жаңа нарықтарға шыға бастады. Ал StartupBlink рейтингінде Өзбекстан бірден 12 сатыға көтеріліп, әлемнің үздік 100 стартап-экожүйесінің қатарына енді. Бұл – өңірлік ынтымақтастық пен жаһандық интеграцияға бағытталған стратегиялық қадамдардың жемісті екенін айқын дәлелдейді», – деді Фарход Ибрагимов, IT Park Uzbekistan Бақылау кеңесінің төрағасы.

Айта кетейік, GITEX EUROPE 2025 көрмесі аясында Astana Hub пен KAOUN International арасында GITEX Central Asia & Caucasus x Ai Everything Kazakhstan шарасын 2026 жылғы 2-4 маусым аралығында Астанада өткізу туралы меморандумға қол қойылды. Бұл – Орталық Азияда алғаш рет өтетін GITEX шарасы болмақ. Ол Еуропа, Таяу Шығыс және ТМД елдерінен келетін негізгі технологиялық ойыншыларды біріктіріп, Қазақстанның цифрлық дипломатия мен IT-экспорттағы өңірлік көшбасшы ретіндегі орнын нығайтпақ.

Пікірлер 1

Кіру пікір қалдыру үшін

тема 👍🏻

Жауап беру