«Жобаға 70 миллион теңге салдым». Алматылық азамат психолог таңдауға көмектесетін стартап құрды
Колледжді бітірген соң, Алан Ибраим «Маркетинг» мамандығы бойынша университетке түсті. Рас, оқуын аяқтай алмады. Кенеттен әкесі дүние салып, үй шаруасындағы анасы мен екі қарындасына қамқор болу үшін жұмысқа кірді. 18 жасында Sakura Motors компаниясында маркетологтың көмекшісі болды. Аланның маркетинг саласындағы мансабы осылай басталып, ол 22 жылдан бері осы іспен айналысып келеді. Осы уақыттың ішінде ер азамат Қазақстандағы интернет-жарнаманы сатушы ең ірі компанияның бас директоры мен тең құрылтайшысы лауазымына дейін көтерілді.
Ал 2 жыл бұрын ол психологтар мен психотерапевтерді іріктеу қызметі – Sezim стартапын іске қосты. Оның басты мақсаты – сапалы терапияны қолжетімді, ал қызметке жүгіну процесін барынша қарапайым ету. Digital Business және Astana Hub бірлескен «Қазақстанның 100 стартап тарихы» жобасына берген сұхбатында Алан психологияға не себепті келгенін, Қазақстанда мұндай мамандардың қызметі қаншалықты сұранысқа ие екенін және одан ақша табуға бола ма екенін айтып берді.
«Қазақстандықтардың 3,7%-ы ғана психологқа жүгінген»
– Алан, сіздің өміріңізде психология қайдан пайда болды?
– 33 жасымда өзімді жоғалтқандай күй кештім. Өмір жолымнан адастырған жағдайлар болды. Ішімдікке әуестендім. Алдымда екі бағыт тұрғанын: не ішіп құрдымға кететінімді, не маманның көмегіне жүгінуім керек екенін сол кезде түсінген шығармын. Оған дейін психологияны алаяқтық деп есептеп жүрдім.
Ақыр соңында әуелі топтық терапияға, содан кейін – жекесіне барамын деп шештім. Уақыт өте келе қызығушылығым артып, психология туралы кітаптар оқып, түрлі бағыттарды зерттей бастадым.
Айналамдағы жандар жаңа қызығушылығыма күмәнмен қарады. Мені жынды деді. «Адам біреуге шағымданбай, проблеманы өзі шешуі керек» деді. Алайда, уақыт өте келе достарым мен таныстарымның психологтарға деген көзқарасы өзгергеніне қуаныштымын. Қазір кейбіреулері сол мамандарға барып жүр, ал екі танысым, тіпті, кәсібін өзгертіп психолог болып кетті.
– Психолог таңдауға көмектесетін қызмет түрін жасауға не түрткі болды?
– Психологияны тереңірек зерттеп жүрген соң, терапия жүргізетін жақсы психолог кеңес етуді сұраушылар көбейді. Сұраныстың көп болғаны сонша, «неге әркім өз қажеттілігіне сай білікті психологты таңдай алатын онлайн ресурс жасамасқа» деген ой келді.
Жеке жобамды іске қосуды көптен бері ниет етіп жүр едім. IT өнімнің көмегімен шешуге болатын «ауру» да табыла кетті. Оны қазір қолға алмасам өкінетінімді түсіндім. Сөйтіп, идеямды жүзеге асыра бастадым.
– «Ауру» дегеніміз жақсы маман табу ма?
– Ол ғана емес. Қазақстанда қиындыққа тап болған жандар психологқа барудан қорқады. Айнала қиындықты өзің де шешесің дейді. Қоғам тіпті де арнайы маманға баруды әлсіздікке теңейді. Кейбір проблемаларды бастан өткерудің қажеті жоқ екенін, сізді тыңдап, қиын жағдайдан еш ауырпалықсыз шығуға көмектесетін маманмен бөлісуге болатынын түсінбейді. Нәтижесінде адамдар ішінде бірдеңе болып жатқанын мойындаудан қорқады.
Былтыр үлкен әлеуметтік зерттеу жүргіздік. Қазақстанның түрлі қаласынан мыңдаған тұрғыннан жауап алдық. Азаматтарымыздың 3,7%-ы ғана қайсыбір жағдайда психологқа жүгінгені анықталды. Сөйте тұра, психологияның қажет екенін түсінетіндер әлдеқайда көп – 34%. Және олардың бір бөлігі кәсіби мамандарға жүгінуге дайын. Бірақ қоғамда бұл тақырып кемшілік саналғандықтан бармай жүр.
Тағы бір «ауру» – маманның қаншалықты кәсіби екенін тексеру қиын. Біздің заманда қаптап кеткен инфобизнесмендер, энергиялық коучтар және басқа да «мамандар» психологияға сенімді жоғалтып жатыр. Сондықтан адамдар оларды елемеуге тырысады.
– Қоғамның психологқа жүгіну мәселесін Sezim қалай шешім жатыр?
– Біріншіден, ұзақ мерзімді PR-шаралар. «Бұл қалыпты жағдай» жобасын іске қостық. Психология туралы не ойлайтынын, маманға не үшін жүгінгенін және оның қалай көмектескенін айтатын түрлі саладағы пікір көшбасшылары мен танымал тұлғаларды шақырамыз. Апта сайын осындай видео жариялап тұрамыз.
Бұл психологқа бару тіс дәрігеріне немесе көз дәрігеруне барудан еш айырмашылығы жоқ деген түсінік қалыптастыруға мүмкіндік береді. Адамға үлгі көрсету керек. Өйткені, психотерапиядағы адамдардың 80% -ы достарының немесе туыстарының кеңес етуімен келеді.
Сондай-ақ біз психологқа жүгіну үшін кедергісіз орта жасаймыз. Арада менеджер деген сияқты делдалдар жоқ. Веб-сайтқа өтіп, «Психологты таңдау» түймесін басасыз, белгілерді таңдап, қажетті маман тәжірибесін және қызмет құнын көрсетесіз, содан кейін жүйе сізге ыңғайлы 5-6 психологтың аты-жөнін береді. Содан кейін олардың профилімен танысып, пікірлерді оқып, ыңғайлы уақыт аралығын брондап, сеанстың ақысын төлеуге болады.
«Бір жыл ішінде Sezim арқылы 5 мыңнан астам сеанс өткізілді»
– Платформадағы психологтар қалай іріктеледі?
– Мұнымен командама шақырған кәсіби психологтар айналысады. Алдымен олар маманның өтінішін қарайды, оның біздің минимал талаптарымызға сәйкестігіне: кәсіби университеттік білімі мен 3 жылдық тәжірибесі барына көз жеткізеді. Оның дипломдары мен сертификаттарын қарап, жеке терапия мен супервизия аяқтағанын тексереді. Үміткер лайықты болса, әңгімелесуге шақырады. Онда жұмыс тәсілдерін, неше түрлі жағдайларды сұрайды.
Маман этикалық кодекс талаптарын түсінуі мен сәйкестігіне (гендерлік, діни және эзотериялық теріс түсініктері жоқтығын қоса алғанда) тестілеуден өтеді. Тексерістен сәтті өтсе, платформаға қосылады.
Бақылау мұнымен бітпейді. Біз платформаны пайдаланушылардан психолог туралы пікір қалдыруды және әр сессияның сапасын бағалауды сұраймыз. Сонымен қатар «құпия сатып алушы» әдісін қолданамыз: біздің мамандардың бірі клиент атын жамылып, сеансқа келіп, кері байланыс береді.
– Sezim-де кез келген елдің маманы жұмыс істей ала ма?
– Географиялық шектеу жоқ. Пандемия кезінде көбі қашықтан жұмыс істеуді үйренді. Психолог Тайландта немесе Балиде болса, проблема емес.
Қазір біздің базадағы мамандардың 95 пайызы – қазақстандықтар. Қазіргі уақытта платформада 67 белсенді психолог бар, ал тіркелген психологтардың жалпы саны жүзден аспайды.
– Психолог платформаны пайдаланғаны үшін ақы төлей ме?
– Олардан регрессия үлгісімен комиссия аламыз. Бірінші сеанста – қызмет құнының 50%-ын, екіншісінде – 40%, одан кейін 30%, 20% және бесіншіден кейін 10% мөлшерінде тоқтаймыз.
– Бірінші сеанстар үшін пайызы неге жоғары?
– Бұл әлеуетті клиент тартудың құны жоғары болғанына байланысты. Шынымды айтсам, біздің аудиториямыз тар. Оны платформаға әкелу үшін үлкен қаржы қажет.
Мұны біздің психологтар түсінеді. Осы уақыт ішінде платформадан бір ғана маман шығып кетті. Ол үнемі офлайн жұмыс істеген және онлайн форматты көргісі келген, бірақ оған ұнамады.
– Психологқа бұның пайдасы қандай?
– Біз жаңа тұрақты клиент табуға көмектесеміз. Психологтың бәрі бірдей өз қызметін сауатты жарнамалауды білмейді. Ал, бізде нақты құрылым бар: таргетинг, әлеуметтік желілердегі жарнама, контент және т.б.
Барлық техникалық мәселелер де біздің міндетімізде. Платформа арқылы төлем қабылданады, қоңырау шалуға болады (жеке бейнеқызметі бар), чат арқылы сөйлесіп, үй тапсырмасын беруге мүмкіндік бар. Сонымен қатар, SMS ескерту мен клиентке ертең сеанс бар екендігі немесе оның ұзақ уақыт бойы болмағаны туралы хабарлама жібереміз.
– Бір жылда платформада қанша сессия өтті?
– 5 мыңнан астам. Әр ай сайын шамамен 20%-ға өсіп жатыр. Қазан айында 800 сессия (сатылым) өткіздік.
Жалпы алғанда Sezim арқылы 2,7 мың адам өткен. Соның 50%-ы екінші сессияға қатысты. Яғни, әрбір екінші клиент платформаға ұзақ мерзімді терапия үшін келеді екен.
– Сіздің қызметіңіз Meta немесе Zigmund Online сияқты ұқсас платформалардан несімен ерекше?
– Бұл жерде екі маңызды мәселе бар. Біріншіден, бізде адамдарға бастапқыда сервисті түсінуге көмектесетін пайдаланушыларды қолдау қызметі бар. Ал Қазақстанда екенімізді ескерсек, бізге хабарласу оңайырақ. Оның үстіне қазақ тілінде кеңес беретін мамандарымыз бар.
Екіншіден, қызмет құнын белгілеуде психологтарды шектемейміз. Сеанс үшін 20 мың теңге қалыпты баға деп есептесе, оны белгілей алады. Ал адамдар бұл бағаға маманға баруды немесе бармауды өздері шешеді.
«HR жаңа маманды жалдау және жұмысқа қабылдау үшін ресурстарды ысырап етуден гөрі, процеске кірген адамды ұстап қалу жақсы екенін түсінеді»
– B2C сегментінен бөлек, B2B сегментімен де жұмыс істейсіздер. Оларға не ұсынасыздар?
– Жылына бірнеше рет сауалнама жүргізу арқылы қызметкерлердің психоэмоционалдық жағдайына ішкі аудит жүргізу. Бұл қай бөлімде компания басшылығы назар аударуы тиіс проблема бар екенін анықтауға мүмкіндік береді.
Осы ақпарат негізінде командадағы атмосфераны жақсартуға көмектесетін бейнероликтер дайындап, дәрістер жүргіземіз. Сондай-ақ, барлық қызметкер психологпен жеке сессия қызметін пайдалана алады, ал қызмет құнының көп бөлігін жұмыс беруші компания көтереді. Мұның бәрі бір жазылым пакетіне кіреді.
– Бұл жұмыс берушіге не береді?
– HR қызметкерлері үшін команданың тиімділігін арттыратын қосымша құрал ретінде әрекет етеміз. Адамдар психикалық денсаулығымен айналыса бастаған кезде уақыт өте келе жұмыс пен жеке өмірге байланысты эмоцияларды ажырата алады. Бұл қызметкердің өнімділігін арттыруға көмектеседі, өйткені ол жұмыс пен жеке өмірді араластыруды қояды.
Бұл сондай-ақ жұмыстан жалығуды және соның салдарынан қызметкердің жұмыстан шығуын болдырмауға көмектеседі. Барлық HR қызметкерлері жаңа маманды жалдауға және жұмысқа қабылдауға қосымша ресурс жұмсағаннан гөрі, процеске кірген адамды ұстап қалу әлдеқайда жақсы екенін түсінеді.
– Жазылым қанша тұрады?
– Компания штатына байланысты. Мысалы, 200 қызметкерге арналған пакет жылына 3 млн теңге. 12-ге бөлсеңіз, айына 250 мың теңге шығады. Бұл кем дегенде бір адамды жұмыстан шығарып, басқасын жұмысқа алудан әлдеқайда арзан.
Статистика көрсеткендей, 100-ден астам қызметкері бар компаниялар үшін қолайлымыз. Өйткені психологтың функциясын HR-ға орындатса, ол жұмыстан тез жалығады. Сонымен қатар, команданың ішкі сеніміне қатысты сұрақтар туындайды. Біз осы тәуекелдерді жоя алатын құрал ұсынамыз.
– Сіздің өніміңізді қолданатын компаниялар бар ма?
– Қазір 6 клиентіміз бар: негізінен банктер мен қаржы ұйымдары. Мұны жақсы нәтиже деп санаймын, өйткені келісім-шарттар циклі өте ұзақ.
Сондай-ақ, біз B2B өніммен нарыққа көптеген компаниялардың жылдық бюджеті бекітіліп қойған – ақпан айында шыға бастағанымызды ескеру қажет. Дегенмен, жыл бойы бизнес өкілдеріне мұндай өнімнің оларға неліктен маңызды екенін түсіндіру үшін көп уақыт пен ресурс жұмсадық.
«Sezim-ді психологтарды іріктейтін Қазақстандағы басты қызметке айналдырғым келеді»
– Табыс тауып жатырсыздар ма?
– Жазда оң экономикаға шықтық. Оған дейін өз ақшамызға өмір сүрдік. Жобаға жалпы алғанда 70 миллион теңге инвестиция салдым. Дегенмен, енді бизнес-періштелерден инвестиция тартатын боламыз. 3,2 миллион долларға бағалана отырып, 350 мың доллар раунд көтеруді жоспарлап отырмыз.
– Бағалау қалай жасалады?
– Өсу әлеуетіміз зор. Келесі жылы өткізілетін сессиялар санын 5 мыңнан 80 мыңға дейін, психологтар санын – 67-ден 200-ге, корпоративтік клиенттер санын – 6-дан 250-ге дейін көбейткіміз келеді. Қазір B2C үшін де, B2B үшін де маркетингке көп ақша құйып жатырмыз. Айтпақшы, 10-ға жуық компания біздің жазылымды сатып алуды бюджетке жоспарлағанын білемін.
Қарапайым халықты түрлі PR-шаралар мен ағарту жұмыстары арқылы тартатын боламыз, өйткені Қазақстанда мұндай қызметтерді тұтыну нарығы әлі толық қалыптасып үлгерген жоқ. Мәдениетті бірге дамытып, пайдалы жобаларды жүзеге асыру үшін құндылықтарымызды бөлісетін басқа компаниялармен және брендтермен серіктес болғымыз келеді.
Психологтар туралы айтатын болсақ, олардан көп өтініш түседі. Дегенмен, біз клиенттер базасын шашыратпау үшін олардың платформадағы санын әдейі шектеп отырмыз. Ішкі таргетіміз – әр психологтың бос уақытының 50%-ын толтыру. Жүктеме осы көрсеткіштерден асып кеткенін байқаған бойда жаңа мамандарды тарта аламыз.
– Әлі де маркетингтік бизнеспен айналысып жүргеніңізді ескерсек, Sezim-ге назарыңыз ауып кетпей ме?
– Өзімді үшке бөліп үйрендім: ақыл, жан және тән. Ойым маркетингте. Ол жерде кейбір нәрселерді көзімді жұмып істей аламын, өйткені ойым анық және тәжірибем көп. Ал, жан – ол Sezim, онымен жұмыс істесем, рухани байимын.
Философияны қойсақ, ешқандай проблема көріп тұрған жоқпын. Бұл стартапты бастағанда көбі шашылып қаласың деп еді. 4-5 жоба емес қой, екеу ғана, оларға бірдей уақытымды бөлемін.
– Sezim-ге қандай жоспарыңыз бар?
– Алдымен, мен оны Алматы, Астана, одан кейін бүкіл Қазақстан бойынша психологтарды іріктеудің басты сервисіне айналдырғым келеді. Тұрақты ақша таба бастау үшін барлық процесті реттеу маңызды. Содан кейін масштабтау туралы ойлануға болады. Сервисті басқа елдерде іске қосу туралы ұсыныстар түсіп жатыр. Өзбекстан мен Грузиядан көмек көрсетуді ұсынған инвесторлардан өтініштер болды. Алайда оның уақыты әлі жеткен жоқ.
Психикалық денсаулықпен жұмыс істеуге арналған сапалы қызмет құру ісі қазір басымдықта. Оған қамқорлық жасаудың маңызы тақырыбын көбірек насихаттау керек. Адамдарға өзін тыңдауды, естуді үйрету керек. Оған қоса, әртүрлі бағытта дамитын боламыз. Мысалы, жүкті әйелдерді психологиялық сүйемелдеу, босанғаннан кейінгі депрессиямен жұмыс және біздің қоғам түсіне бермейтін, біле бермейтін басқа да маңызды тақырыптар.
Пікірлер 1
Кіру пікір қалдыру үшін
Kirill Grinenko · Ақп. 23, 2024 14:41
👍👍👍