IT-қызметтер 85 елге экспортталды

Astana Hub автономды кластерлік қоры 2023 жылғы қызметінің қорытындысын шығарды: технопарк қатысушыларының IT-экспорт көлемі $282,4 млн жетті, ₸57,6 млрд инвестиция тартылды, жалпы кіріс ₸400,3 млрд құрады, ашылған жұмыс орындар 25 мыңнан асты.


Қазақстанды Орталық Еуразияның жетекші цифрлық орталығына айналдыру үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылға қарай ІТ-экспорт көлемін $1 млрд дейін ұлғайту, 100 мың білікті IT-маман даярлау және Astana Hub тәжірибесін еліміздің өңірлеріне енгізу міндетін қойды.

«2023 жылы министр Бағдат Мусин мен серіктестердің қолдауымен біз барлық KPI көрсеткіштерін сәтті орындадық. Біздің қатысушылар 2022 жылмен салыстырғанда IT-қызметтер экспортын 84,3%-ға арттырып, 85 елді қамтыды. Соның ішінде АҚШ, Ресей, Мексика, Кипр, Сингапур және Ұлыбритания алдыңғы қатарда. Стартаптардың экспорттық әлеуеті акселерация бағдарламаларының, соның ішінде Google for Startups және Draper Startup House сияқты әлемдік көшбасшылармен сәтті ынтымақтастықтың, сондай-ақ Кремний алқабында Орталық Еуразия ІТ-стартаптар платформасы Silkroad Innovation Hub іске қосылуының арқасында айтарлықтай артты. Қазақстанның 14 өңірінде аймақтық IT-хабтар ашылды, биылғы жылы тағы 7-уін ашу жоспарда бар. Astanahub.com цифрлық платформасы негізінде еліміздің инновациялық экожүйесінің барлық қатысушылары үшін «Ұлттық инновациялық жүйе» бірыңғай терезесі пилоттық жобасы іске қосылды», - деді Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев.

Еске салайық, astanahub.com платформасында «Ұлттық инновациялық жүйені» іске қосу туралы шешімді 2023 жылдың желтоқсанында Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Технологиялық саясат кеңесі қабылдаған болатын.

Өткен жылы Astana Hub Орталық Азиядағы Draper Startup House-тың алғашқы серіктесі болды. Бұл ынтымақтастық стартаптар үшін бірегей мүмкіндік тудырды: 27 стартап Дүниежүзілік банктің қолдауымен Дрейпер университетімен серіктестікте Кремний алқабында жүзеге асырылатын «Hero Training» эксклюзивті акселератор бағдарламасына қатысты. Бағдарламаға қатысушылардың бірі CITIX Тим Дрейперден $1 млн көлеміндегі инвестиция тартты, бұл Astana Hub және Draper Startup House арасындағы Орталық Еуразия инновациялық жобаларын қолдаудағы ынтымақтастықтың табыстылығын растады.

Techpreneurs, Startup Garage, Scalerator, Global Outsourcer акселерация және инкубациялық бағдарлама түлектері ₸455 миллионға сатылым жасады. Silkway Accelerator қатысушылары жалпы сомасы $26 млн инвестиция тартып, компаниялардың жалпы капиталдандыруы $400 млн асты. Ең танымал стартап-жарыс Astana Hub Battle жүлде қоры демеушілер мен серіктестер арқасында $125 мыңға дейін өсті. Сонымен қатар Seed money бағдарламасының үшінші легі басталды: Astana Hub-тан қаржыландыруға таңдалған 11 стартапқа ₸10 миллионға дейін қаржы құйылады.

Қыркүйек айында АҚШ-та (Сан-Франциско, Калифорния) өткен ең ірі халықаралық TechCrunch Disrupt 2023 конференциясында Орталық Еуразияның 14 стартапы таныстырылды, олардың көпшілігі Astana Hub акселерация бағдарламаларының түлектері және қазіргі уақытта әлемдік нарықта жобаларын сәтті дамытып жатыр.

2023 жылы Түркіменстан, Тәжікстан, Ресей, Армения, Украина және Қырғызстанға білім беру бағдарламаларын экспорттау үрдісі басталды. ҚР ЦДИАӨМ бастамасымен Astana Hub базасында жүзеге асырылып жатқан Tech Orda бағдарламасы аясында 3183 қазақстандық жетекші IT-мектептерде оқуға грант алды. Swift әзірлеуді үйрету үшін Astana Hub базасында Apple Training Center ашу туралы келісімге қол қойылды. Технопаркте 2 мыңнан астам оқушылар мен студенттер қарқынды және білім беру курстарынан өтті. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен іске қосылған IT-Aiel бағдарламасының арқасында 2 мың жұмыссыз әйел тегін оқу мүмкіндігіне ие болды.

30 мыңнан астам адам, соның ішінде 30 елден делегация қатысқан Digital Bridge-2023 халықаралық IT форумы Орталық Еуразиядағы ең ірі форумға айналды. Оның алаңында 55 панельдік сессия, дөңгелек үстелдер және бірқатар keynote өтіп, 450+ стартап пен IT-компания, 450 спикер және 100+ инвестор мен бизнес-періште бас қосты. Дәстүрлі түрде ашылу пленарлық отырыс форматында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, венчурлық инвестор, Draper Fisher Jurvetson тең құрылтайшысы Тим Дрейпер, TikTok бас директоры Шоу Чу, Starlink компаниясының SpaceX вице-президенті Лорен Дрейер және басқа да әлемдік көшбасшылар қатысуымен өтті. Сондай-ақ Еуропа, Қытай, Оңтүстік-Шығыс Азия және Африкадан 15 технология көшбасшысының басын қосқан Google for Startups серіктестер саммиті өтті.

2023 жылы Astana Hub 446 іс-шара ұйымдастырды, оған 20 мыңға жуық адам қатысты. Сондай-ақ серіктестермен бірге 300-ден астам стартапты қамтыған үш хакатон және алты скаутинг өткізілді, оның ішінде 23-і пилоттық және компанияда енгізу үшін таңдалды. GameDev орталығы Playrix, Mytona және G5 Games-пен бірге 40-тан астам конференция, лекция және кездесу ұйымдастырды.

Astana Hub қызметі ІТ-бизнес үшін экожүйені құруға және дамытуға, ІТ мамандарын дайындап, стартап жобаларды қолдауға бағытталған. Бүгінгі таңда технопаркте 1388 IT-компания тіркелген, оның ішінде 389-ы шетелдіктердің қатысуымен. Оларға бизнесті дамыту және масштабтау бағдарламалары, арнайы салықтық және визалық шарттар, ақпараттық-білім беру, материалдық инфрақұрылым және тағы басқа қолдау көрсетіледі.

Пікірлер 0

Кіру пікір қалдыру үшін