«Бұл ойынды кептелісте тұрғанда, тойда, жалпы барлық жерде ойнайды». Қазақстандық азамат халық арасында хитке айналған Aqyl Battle ойынын қалай құрды

Қазақша зияткерлік ойыннан бұрын Айболат Құлатай серіктесімен бірге мобильді қосымша әзірлейтін аутсорс-компанияның жұмысын жүргізді. Ал Қаңтар оқиғасынан кейін кофаундер стартаппен айналысамын деп шешті. Оның жұмысы жоспарланғандай бір ай емес, жарты жылға созылғанына қарамастан, ойын жарыққа шыққаннан-ақ табыс әкеле бастады. Digital Business-тің Astana Hub-пен бірлескен «Қазақстандағы 100 стартап» жобасы аясында берген сұхбатында Айболат Құлатай қолданушылар неге Aqyl Battle-ды сағаттап ойнауға дайын екенін, Google акселераторы оған қалай көмектескенін және жоба әрі қарай қай бағытта дами алатыны туралы айтып берді.


 «Аутсорста байқампаз болуды үйрендім»

– Неден бастадыңыз және стартаптар индустриясына қалай келдіңіз? 

–  IT саласының маманымын. Алматыдағы IITU-де (ХАТУ) “Ақпараттық жүйелер” мамандығы бойынша оқыдым. Өзім Батыс Қазақстаннан болғандықтан, о баста ҚБТУ-ға мұнайшы мамандығына түскім келген, бірақ сол жылы оған грант бөлінбеді. IT-мамандыққа қызығушылығым оқып жүргенде оянды. Түрлі мақала оқи бастадым, оған қоса жолым болып, мықты профессорлардан сабақ алдым. Арман Сүлейменовтың серіктесі және nFactorial Incubator тең құрылтайшысы Алмас Тұяқбаев дәріс берді. Ол түрлі пайдалы іс-шаралаға қатысуды ұсынды.

 Сол кезде жай бағдарламалап қана қоймай, бір нәрсені өзгерте алатын жоба жасағым келді. 

2014 жылы магистратурада оқып жүріп, стартаптармен айналыса бастадым. Бірінші жобам Irbi деп аталды. Кофаундерлер құрамында қазір MOST Ventures-тің басқарушы серіктесі Әлім Хамитов болды. 2016 жылы біз Silicon Valley бағдарламасынан өтіп, АҚШ-қа бардық. Қазақстанға оралған соң IT-жобалармен айналысамын деп түпкілікті шештім. 

–  Ол сапардан алған әсеріңізді еске түсіріңізші

– Елге қайтқаннан кейін үш ай құлазып жүрдім. Осыдан аз уақыт бұрын Facebook MSQRD-ды сатып алды және біз бұл оқиғаны венчурлық инвестор Николай Давыдовтың өз аузынан естідік. Немен айналысып жүргенімізді түсінбейтін болдым. Стартаптан бөлек, мектеп оқушыларын ҰБТ мен халықаралық емтихандар тапсыруға дайындайтын оқу орталығымыз бар еді. Оны сатып жібердік. 

Айболат Кулатай

Кейін басқа серіктесіммен бірлесіп мобильді қосымшалар құруға бағытталған Thousand аутсорс-компаниясын аштық. Бірден әртүрлі жұмысқа фрилансер табуға көмектесетін стартапты іске қосқымыз келді. Идеяны жүзеге асыру үшін қаражат қажет болды және оны өзіміз табамыз деп шештік. Инвестиция іздеп жүріп, 7 жыл ішінде 200-ден астам жоба, соның ішінде Astana Hub-тың Digital Bridge қосымшасын жасадық. 

Бастапқы идея орындалмаса да, жылдар бойы өз ісімді бастауға құлшыныс жоғалған жоқ.  Aqyl Battle осылай дүниеге келді. Тапсырыс қабылдауды да жалғастырып жатырмыз, мысалы, биыл біз Global Outsource акселерациялық  бағдарламасының арқасында жобалар географиясын кеңейттік.

– Бірнеше жылдан бері жеке жобамен емес, тапсырыс бойынша қосымша әзірлеумен айналысқаныңызға өкінесіз бе?

– Аутсорста байқампаз болуды үйрендім. Жұрттың сәтті және сәтсіз жобаларын талдап, ой қорыттым. Біреуінің командасы нашар болды, екіншісінің қаражаты жетпеді немесе идеясы жүзеге аспады, басқасының ісі бірден өрге жүзді. Осы тәжірибенің бәрі стартапты іске қосқан кезде пайдаға асты. Тапсырыспен қатар мүфтиятпен тегін жұмыс істедік, техникалық бөлігіне жауапты болдық. Шын мәнінде, сұраныс көп болғанымен, Muslim Tech-жобаларды жасайтындар өте аз. 

«Біздің қосымшаға тіркелгендер саны – 650 мың»

– Ойынның мәні неде? 

– Aqyl Battle – бұл екі ойыншының жарысы форматындағы онлайн-куиз. Бір ойын 5 раундтан тұрады, әрқайсысында әртүрлі тақырыптағы үш сұрақ бар. Айталық, логика, танымал тұлғалар, көлік маркасы немесе түрлі елдің туы. Қатысушылар кезекпен тақырып таңдап, шектеулі уақытта сұраққа жауап береді. Мысалы, алғашқы домен қай жылы тіркелген немесе Руанданың астанасы қалай аталады. Ойын қорытындысы бойынша ұпайдың бір бөлігі қарсыласқа кетеді. 

Aqyl Battle

– Қазақ тілінде зияткерлік ойын құру идеясы қалай туды?

– Әртүрлі концепцияны ойластырдым, өзім де зияткерлік ойындарға құмармын. Студент кезімде «Ақылдылар шайқасы» онлайн-викторинасына қатыстым. Курстастарыммен, тіпті профессорлармен ойнадық. Сөйтсем, бұл Quizduel швед жобасының ТМД елдеріне бейімделген үлгісі екен. Мұндай қосымшалардағы сұрақтар әдетте флора мен фауна, тарих, география және т.б жалпы тақырыптарға арналған. 

Мобильді қосымша жасау тәжірибемізге сүйенсек, зияткерлік ойындар бағыты біз үшін ең тиімді. Оны бір айда жасаймыз деп ойладық, бірақ қателесіппіз. Қосымшаны әзірлеу процесінде көптеген нюанс пайда болды. Ойын механикасын үнемі жетілдіріп отыру қажет болды. 2022 жылдың жазына қарай сынақ нұсқасын дайындап үлгердік, ал қыркүйекте толық режимде жұмыс істей бастадық.

Тілді таңдауға келетін болсақ, бізде екі миллион адам аудиториясы бар, білім беру контентін сәтті сатып жүрген блогер досымыз болды. Соның оқырмандарына арқа сүйедік. Жарнаманың арқасында бірінші айдан-ақ MAU, яғни ай сайынғы белсенді пайдаланушының санын 372 мыңға жеткіздік. Өткен жылдың қыркүйегінде қосымша ең көп жүктелді. 

– Ойынды қанша адам жасайды және оны құру үшін қанша шығындалдыңыз? 

– Қызметкерлердің еңбекақысы ретінде есептемесек, ойынды құруға кеткен шығынды бағалау өте қиын. Біз әуелден гипотезаны сынау үшін бөлек команда жинадық. Сол жігіттер кейін жобаны жетілдіруге де көмектесті. Қазір Android және iOS-әзірлеушілер, бэкендерлер, сынаушы, дизайнерді қосқанда 10 адам жұмыс істейді. Командада контент-бөлім мен маркетинг бар. Кейбіреулерді аутсорстан тартамыз. 

– Жарнамаға да ақша салдыңыз ба?

– Содан кейін реферал бағдарлама жұмыс істей бастады, қосымшаны пайдаланушылар бонус үшін WhatsApp арқылы достары мен туыстарын шақырды. Қазір тіркелгендер саны 650 мыңды құрайды. Қазақтілді аудитория басым. Жақында орысша нұсқасын қостық.

Aqyl Battle – уақытты өткізудің бір түрі. Ол жолда, жұмыс арасында, тіпті тойларда ойналады. Мен бір қыздың жігітпен қалай танысқанын білемін, оның телефон нөмірін білу үшін жігіт оны Aqyl Battle ойынына шақырған. Әр жеңісі үшін қыз нөмірінің бір санын айтып отырған.

«Алматы мен Астанада ешқашан болмаған бір қатысушымыз ұтыс жеңімпазы болып, алғаш рет Дубайға барып қайтты»

– Сіздің қосымшаңыз бәсекелестерден несімен ерекше? 

– Мұндай ойындарда қарсыласымның сұрақтарға жауап беруін ұзақ күтетін едім. Біздің қосымшада сіз әрқашан кездейсоқ немесе бір мезетте бірнеше қарсыласпен ойнай аласыз немесе достарыңыз үшін жабық турнир ұйымдастыра аласыз.

Қазір бізде қазақтың салт-дәстүрлері мен мақал-мәтелдерін қосқанда сұрақтардың 40 санаты бар. Ойын кезінде адам көп жаңа нәрсені біледі. «Ақылдылар шайқасында» тек 6 санат бар, ал тақырыптар жергілікті халыққа бейімделмеген.

 Aqyl Battle-ды тұрақты ойнайтын қазақстандықтар саны қанша? 

– Әдетте, push-маркетингсіз, қосымшаны (DAU) күнделікті 10-15 мың адам қолданады. Ара-тұра сыйлық ойнатып, чемпионат өткіземіз. Мұндай күндері қолданушының саны орташа есеппен 35-45 мың адам болса, белсенді күндері 114 мың болды. Сөйте тұра, біздің қолданушылар күн сайын қосымшада шамамен 1 сағат 24 минут отырады.

Айболат Кулатай

 Сыйақы жүйесі туралы айтып беріңізші.

– Осы көктемде қолданушыларды қосымшада қалдырудың амалын ойластырдық. Төрт мың ойын ойнап, миллионнан астам ұпай жинаған ойыншылар бар. Оларға  жаңа сұрақтар әзірлеп үлгеру қиын. Адамдар қосымшадан шығып кетпеуі және жинаған ұпайларын бағалы затқа айырбастай алуы үшін байқаулар ұйымдастырып, демеушілерді тартамыз деп шештік. Сөйтіп, туристік агенттікпен бірнеше жолдама ойнаттық. Осындай серіктестіктің арқасында Алматы мен Астанада ешқашан болмаған бір қатысушымыз алғаш рет Дубайға барып қайтты. 

Демеуші таппағанда сыйлыққа техника мен гаджетті өз ақшамызға сатып аламыз. Бұған қоса, білім беру курстары мен кітап авторларымен коллаборация жасаймыз. Чемпионаттардың нәтижесін әлеуметтік желілерде жариялаймыз. Сөзімізде тұрғанымызды көрген соң адамдар сауалнамаға қуана қатысады. 

Қазақстанда құмар ойындар мен бәс тігуге тәуелділік мәселесі бар. Біз өз мысалымызбен лайықты сыйлықты білім арқылы алуға болатынын көрсеткіміз келеді. Тағы бір турнирде біз «Болашақ» бағдарламасына және басқа да оқу бағдарламаларына тегін дайындау ұтысын ойнаттық. Мұндай курс жылына 10 мың доллар тұрады. Келесіде жеке турнир аясында Нәрікбаев университеті мен ХАТУ гранттарының ұтысын өткіземіз.

«Google қосымшадағы жарнама үшін бізге үш ай бойы 30 мың доллар төледі»

– Қалай ақша тауып жатырсыз?

– Алғашқы 8 айда жоба жақсы кіріс әкелді. Аудиторияның жылдам өскенін көріп, қосымшада жарнама көрсету үшін Google-дың AdMob құралын қостық. Сонымен қатар, жарнамасыз ойнау үшін 500 теңгеге жазылу тетігін қостық, бірақ адамдар көбіне тегін нұсқаны таңдайды. Жазылым моделі, тұтастай алғанда, Қазақстанда әлі соншалықты танымал емес және менің ойымша, бізге тек 5 жылдан кейін келеді.

Трафик бірте-бірте түсе бастады, жарнамадан түсетін табыс та азайды. Егер біз үлкен нарыққа шыққан болсақ, табыс көлемі басқаша болар еді. Еуропа мен АҚШ-та жарнаманы көрсету бағасы Орталық Азия елдеріне қарағанда жоғары. Дегенмен, алғашқы үш айда Google бізге 30 мың доллар төледі. Содан кейін 25. Әрі қарай азая берді. Сондықтан, біз жаңа аудиторияға шығу үшін басқа тілдерде мазмұн жасау туралы ойладық.

Қазір минусқа жұмыс істеп жатырмыз, бірақ онлайн-турнирлер  жағдайды түзетуі керек. Алғашқы билет сатудан түскен табыс екі миллион теңгені құрады. Мәдениет министрлігімен бірлескен оффлайн турнир өткізу тәжірибесі де болды. Іріктеу кезеңдерін онлайн өткізіп, әр өңірдің жеңімпазын Астанаға үлкен финалға шақырдық.

Айболат Кулатай

«Аудиторияның пікірі мен сұранысын білу өнім жасағандай маңызды»

– Ойын сұрақтарын өздеріңіз дайындайсыздар ма?

– Бұрын өзіміз құрастыратын едік, бірақ қазір сатып аламыз. Өйткені, сұрақтар санаты көп, оларды жүйелі түрде жаңартып және аударып отыру керек. Барлық саланың сарапшысы бола алмайсың, ал адамдарға үнемі жаңа контент керек. Болашақта AI-технологияларды қосқымыз келеді, бірақ әзірге ондай сараптамамыз жоқ. Сол Chat GPT де қазақша сапалы контент бере алмайды. 

Дұрысында AI бізге сұрақтарды ойыншылардың ұлтына қарай іріктеуге көмектеседі. Біздің жүйе бұл мәселені шешіп жатыр, бірақ жетілдіретін дүние әлі де бар. Әзірше деректерді жинап жатырмыз, оны қалай пайдаланатынымызды білеміз. Сұрақтардың қай санаты көбірек сұраныста немесе керісінше екенін көріп отырмыз. Мұндай талдаулар болашақта жаңа қызмет түрін қосуға көмектеседі.

– 2023 жылдың күзінде Astana Hub пен Google-дің акселерация бағдарламасына қатыстыңыз. Оны аяқтағаннан кейін қандай ой түйдіңіз?

–  Silkway туралы екінші батчтан кейін естідім және үшіншісіне өтініш бердім, бірақ үлгермедім. Төртіншісінде жолым болды. Бастапқыда трекингтің мәнін түсінбедім. Трекеріміз бірінші кездесуде-ақ қателерімізді көрсетіп берді. Алғашында сынды өте ауыр қабылдадым. Тіпті  қатысуды тоқтатамын деп ойладым, бірақ кейін райымнан қайттым. Жалғастырғанымның арқасында 30 мың жаңа пайдаланушыны тартып, турнир өткізу функциясын қостық.

Егер бұрын біз аудиторияны ойланбай және ол адамдардың кім екенін түсінбей тартатын болсақ, акселерация кезінде көптеген гипотезаны тексеріп, 150-ге жуық сұхбат өткіздік.

Мен IT-маманмын ғой, функционалмен айналысуды жөн көремін. Бірақ аудиторияның пікірі мен қажеттіліктерін білу өнім жасаудан кем емес екен. Әр кәсіпкердің дамуына кедергі келтіретін ішкі психологиялық блоктары болады. Бұл командаға да әсер етеді. Фаундердің санасы өзгерсе, компания да өседі.

Айболат Кулатай

– Қазір ойынның дамуына не кедергі болып тұр?

– Жаңа мазмұн мен жаңа ойын механикасын құру керек деп ойлаймын. Біз қазір басқа ойындардағыдай ойын ішіндегі сауданы бастауға көмектесетін маманды іздеп жатырмыз. Халық сол үшін ақша төлеуге дайын. Мүмкін ол шетелдік маман болар, өйткені Қазақстанда мұндай сарапшыны әлі таппадық. Біз сондай-ақ жүйені үнемі жетілдіріп отырамыз, өйткені сұрақтың жауабын Google-дан іздейтін немесе ұпай алу үшін басқа да айла қолданатындар бар. 

– Жоспарыңыз қандай?

– Жақында Astana Hub-тың Invest Day шарасында жобамызды таныстырдық, содан кейін әлеуетті инвесторлармен келіссөздер жүргізе бастадық. Әзірге өз қаражатымыз жеткілікті, келесі жылдан бастап инвестиция тартуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ келешекте мобильді және кездейсоқ ойындарға сұраныс жоғары Түркия мен MENA елдерінің нарығына шығуды қарастырып отырмыз. Бұның қисыны бар, өйткені Aqyl сөзі әртүрлі халықтың тілінде бар.

Стамбул жалпы ойын индустриясының әлемдік астанасының бірі саналады. Соңғы алты айда жергілікті геймдев-компаниялар осы салада Ұлыбритания мен Скандинавияны қосқаннан да көп инвестиция тартты. Бір ғана Ыстамбұлда қазір мобильді ойындар әзірлеуші 300-ге жуық компания бар. Олар Түркияның ересек тұрғындарының 70 пайызын қамтиды, бұл 44 миллион ойыншы. MENA аймағы да көрсеткіштер бойынша қалыс қалып тұрған жоқ.

Сонымен қатар ТМД елдеріне  таралуды қарастырып жатырмыз және контентті орыс тіліне аударуды жалғастырамыз. Жақында Өзбекстанда болдым, онда да өсуге мүмкіндік бар. Ол үшін ойынымызды өзбек тіліне аударып, кейбір сұрақтарды жергілікті халыққа бейімдеу керек. Басқа түркітілдес елдер де солай істеуге болады. 

Қазір контентті ағылшын, түрік және араб тілдеріне аударып жатырмыз. Келесі жылы гипотезаларды сынап, түпкілікті шешім қабылдаймыз. Жалпы, ойын мазмұнды көптілді етіп, әртүрлі елдегі пайдаланушыларды бір платформаға біріктіргіміз келеді.

 

https://digitalbusiness.kz/kk/2023-12-18/bl-oyindi-keptelste-tranda-toyda-zhalpi-barli-zherde-oynaydi-azastandi-azamat-hali-arasinda-hitke-aynalan-aqyl-battle-oyinin-alay-rdi/

 

 

Пікірлер 5

Кіру пікір қалдыру үшін