Astana Hub-тың жаңа UX-зертханасында алғашқы нейрофизиологиялық зерттеу жүргізілді

Astana Hub-та DesignScience2023 жыл сайынғы конференциясы өтті. Оның аясында нейрофизиологиялық зерттеулер жүргізуге мүмкіндік беретін Орталық Азиядағы алғашқы UX-зертханасы ашылды. Жаңа зертхана DesignScience2023 конференциясының басты оқиғасы болып, дизайн индустриясы өкілдері мен түрлі сала қатысушыларының назарын аудартты.


Astana Hub-тағы UX-зертханасы - Орталық Азия мен одан тыс елдердегі компаниялар, ғылыми-зерттеу институттары мен университеттерімен жұмыс істеуге арналған инновациялық кеңістік.

«UX-зертханасы нейрофизиологиялық талдау әдістерін қолдана отырып, пайдаланушы тәжірибесі саласында терең зерттеулер жүргізуге мүмкіндік береді.  Зертханадағы жабдықтардың көмегімен пайдаланушылардың дыбысқа, сөзге, суретке, видеоға, мәтінге, талғамға және белгілі бір әрекетті орындау реакциясын зерттеуге болады. Біздің мақсатымыз – қатысушыларды қолданылуы ыңғайлы және әлемді жақсартуға талпынып жүрген стартаптардың мақсатына жетуінің маңызды құралына айналатын өнім жасауға шабыттандыру», - дейді Astana Hub корпоративтік инновациялар кеңсесінің директоры Танат Өскембаев.

IT-өнімдерді жасау кезінде нейрофизикалық зерттеулерді қолданудың ауқымы кең. Ол пайдаланушы интерфейсін оңтайландырып, оны қолдануды ыңғайлы ету арқылы пайдаланушы миының жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мұндай зерттеулер әлеуетті сатып алушылардың әртүрлі қоздырғыштарға реакциясын өлшеу арқылы жарнамалық науқандар мен маркетингтік стратегиялардың тиімділігін бағалауға көмектеседі.

Usabilitylab.kz компаниясының бас директоры Балтабек Бекенов: «Нарық барған сайын түрлі тауарлармен толығып жатыр. Өмір ырғағы үдеді. Тұтынушылардың талабы  артып, бәсекелестер технологиялық тұрғыдан дамуда. Тек жақсы жұмыс істеу қазір жеткіліксіз. Біздің нарыққа серпіліс қажет» деген пікірде.

Astana Hub базасында UX-зертханасының ашылуы инновациялық зерттеулер жүргізуге және пайдаланушылардың қажеттіліктері мен құндылықтарын көрсететін өнімдерді жасауға мүмкіндік беретін осындай серпілістердің бірі болып табылады.

  DesignScience2023 конференциясына Astana Hub, MyCar.kz, Altel, Red_mad_robots Central Asia, Kolesa.kz, Kaztour, Фабрика Юзабилити және Нейротренд секілді индустрия көшбасшылары мен олардың өкілдері қатысты. Сарапшылар CX/UX процесінің құрылымы туралы тәжірибесімен және білімімен бөлісті.

Конференцияға қатысушылардың бірі 7Generation компаниясының Product менеджері Бақтияр Жақыповтың пікірі: «Мен Design Science конференциясына екінші жыл қатарынан қатыстым, маған өте ұнады. Конференция дизайнның белгілі бір бағыттарын дамытып қана қоймай, оны ғылым ретінде позициялауы ерекше қуантады. Спикерлердің деңгейі жоғары, талқылау тақырыптары шынымен де қызық болды. Барлық баяндамалар өте маңызды, көптеген пайдалы инсайт алдым, оларды өз жұмысымда қалай қолдануды түсіндім».

DesignScience2023 конференциясына 130 қонақ және 15 спикер қатысты, олардың көбі дизайн саласының өкілдері. Astana Hub пайдаланушы тәжірибесі мен өнім дизайны ғылымының дамуына үлес қосу арқылы инновациялық кеңістікті дамытуды жалғастырады.

 

Пікірлер 0

Кіру пікір қалдыру үшін