Сіздің де балаңыз сағаттап смартфон көріп отыра ма? Қазақстанда балалардың гаджетке тәуелділігін жеңетін стартап ойлап шығарылды

Ерлі-зайыпты Бағлан Аязбаев пен Лана Диқаншиева екі жылдан бері Smart Zebra (бұрынғы OILA) балаларға арналған білім беру қосымшасымен айналысып жатыр. Егер бұрын олар балаларға мультфильмдердің орнына анатомия немесе тарихты оқуға көмектесетін өнім жасағысы келсе, енді балалардың гаджетке тәуелділігін жеңу міндетін қойып отыр. Және қаншалықты кереғар естілсе де, олар мұны мобильді қосымшаның көмегімен қолға алмақ.


Digital Business пен Astana Hub-тың бірлескен «Қазақстанның 100 стартап тарихы» жобасына берген сұхбатында Бағлан неліктен ата-аналар уайымдағанымен, бірақ бәрібір баласына смартфон беретінін және білім беру қосымшасы YouTube-ті қалай жеңетінін айтып берді.

Модельді жетілдіру үшін 250 жазылушы жеткілікті

— Университет бітіргеннен кейін небәрі екі жыл жұмыс істедім. 90-жылдардың басында банкте еңбек ету армандардың шыңы еді. Бірақ бұл жұмыс мен үшін қиын болды, еркін салаға кеттім де, содан оралған жоқпын. Кәсіпкер болдым: музыкалық продюсер, event-менеджмент, медиа-продакшнмен айналыстым. Содан кейін әйелім  Монтессори-педагог мамандығын оқыды да, біз Монтессори әдісімен тәрбие беретін балабақша, кейін бастауыш мектебін аштық.

Коронавирус пандемиясы басталған кезде тұрған жеріме қарамастан масштабтауға болатын іспен айналасуым керек деп ойладым. Бұл цифрлық өнім екенін ол кезде түсінбеген едім. Стартаптар, экожүйе туралы ештеңе білмейтінмін. Қолыма Стив Бланктың «Стартап: негізін қалаушының кітабы» түсті. Әйелім екеуіміз мобильді қосымша әзірлей бастадық, содан кейін Astana Hub-қа тап болдық, Digital Bridge 2022 форумында стартаптар бәйгесіне қатыстық, бірнеше акселерация бағдарламасынан  өттік. Сөйтіп, стартапшыларға айналдық.

— Стартап қандай кезеңдерден өткенін айтыңызшы. 

— Қосымшаны әуелі балаларымыз, содан кейін олардың достары сынап көрді. Өнімге қызығушылықтың бар-жоғын осылай тексердік. Әрі қарай мұны біреу сатып ала ма, жоқ па – соны анықтау керек болды. Қосымшаны App Store-ға шығардық, жазылым ақысын белгіледік. Бізді танитындар сатып алды.

Smart Zebra деген не?

Бұл баланы смартфонға тәуелді қылмай, көңілін көтеруге және тәрбиелеуге болатын мобильді қосымша. Оны жасаушылар мультфильмдер мен мобильді ойындардан айырмашылығы Smart Zebra сөйлеуді дамытады, баланың ой-өрісін кеңейтеді және интеллект деңгейін арттырады дейді.

Әрі қарай Digital Bridge-ге қатыстық, стартаптар аллеясында өнімімізді көпшілікке таныстырдық, бізді танымайтындар да қосымшаны сатып алуға дайын екенін байқадық. Офлайн-саудамыз осылай өтті.

Бұдан кейін қосымшаны қаншалықты сата алатынымызды түсіну үшін сынақ ретінде жарнама кампанияларын жүргізе бастадық. Түрлі нұсқасын сынадық, бәрі бірдей сәтті бола қоймады, әйтсе де, unit-экономикамыз оңалды: клиент әкелетін пайда (LTV) мен  оны тарту құны арасындағы айырмашылық екі есе болды. Енді біз тиімділікті арттырып, бұл айырмашылықты үш есеге дейін жеткізуге тырысатын кезеңге жеттік.

— Сіздердің қосымшаңызды қанша адам қолданады? 

— Қосымшаны мыңнан астам адам орнатты, бірақ біз тек ақылы жазылушылар санын есептеп отырмыз. Қазір 250 белсенді қолданушымыз бар, олардың басым бөлігі -Қазақстаннан.

Бұдан да көбірек жарнама кампаниясын жүргізіп, жазылушылар санын арттыруға болар еді. Бірақ біздің міндетіміз басқа: сату емес, юнит-экономиканың оң үлгісін жасап, жетілдіріп, инвесторлар үшін тартымды ету.

Сынақ ретіндегі шағын жарнама бюджетін ескере отырып, 250 жазылушы жинау жақсы нәтиже деп есептеймін.

Гаджетке тәуелділікті гаджеттің көмегімен тоқтату

— Стартап қандай қаржыға дамып жатыр? 250 жазылушының ақшасы не нәрсеге жетеді?  

— Жазылымнан түскен ақша стартапқа жұмсайтын шығынның шамамен төрттен бірін жабады, қалғанына өз қаражатымызды салып жатырмыз, бұл біздің дәстүрлі бизнестен тауып жатқан ақшамыз.

Стартапты дамытуда осы уақытқа дейін консервативті болдық: өнімге деген сұраныс туралы сұрақтарға жауап беруге тырыстық, үлгімен жұмыс істедік. Жай ғана «Қараңызшы, бізде қандай керемет идея бар және қандай маңызды мәселені шешіп жатырмыз» деп айтқымыз келмеді. Біз дәстүрлі бизнестің адамымыз ғой, бұл модельдің қалай жұмыс істейтінін және одан қанша пайда табуға болатынын түсінуіміз керек еді.

Масштабталуға көмектесетін идеяны таптық, енді дамуды жылдамдатуға болады.

— Не таптыңыз?

— Silkway Accelerator кезінде ата-аналармен көп сұхбаттастық, сөйтіп өнімді сәл өзгертетін болдық. Егер бұрын балалардың дамуына арналған қарапайым қосымша жасасақ, енді балаларға гаджетке тәуелді болмауға көмектесетін платформа құрғымыз келеді. Себебі, қазір бұл әлемдік масштабтағы мәселе: бір жағынан ата-аналар балаларына гаджетті толық шектей алмайды, екінші жағынан бала смартфонсыз тамақ та ішпейді, жылайды, шу шығарады.

Сондықтан біз Монтессори әдісін пайдаланып, оның қағидаттарын цифрлық күйде жүзеге асырып жатырмыз: балаға еркіндік беріледі, ештеңе шектелмейді, тыйым салынбайды, бірақ оған зиян келмейтін қауіпсіз орта қалыптастырылады. Ата-ана баласына смартфон немесе планшетті бергенде ол жерде орынсыз ештеңе көрмейтініне сенімді болады. Ал бала телефонға тәуелді болмайды. Яғни біз гаджеттің көмегімен гаджетке тәуелділіктің алдын алып, оны тоқтатқымыз келеді.

— Қалайша? Кейде оның жолғыз жолы – гаджетті балаға мүлдем бермеу секілді көрінеді …

— Тәуелдік проблемасының себебі балада емес, тіпті гаджетте де емес. Бұл мәдениет мәселесі: егер біз қасық пен шанышқыны бұрыннан пайдаланып үйренсек, гаджетті қолдануды адам баласы енді үйреніп жатыр.

Балалар көбінде телефонмен не істейді? YouTube қосып, мультфильм көреді. Бірақ ол жарнамадан табыс табатын әлеуметтік желі. Жарнаманы көбірек көру үшін көрерменді экран алдында соғұрлым көбірек ұстап қалу керек. Демек, алгоритмдер сол бағытта жұмыс істейді. Біз ересек бола тұра экраннан ажырай алмасақ, өзін-өзі бақылау фукнциясы жоқ балаларға не дейміз.

Бұдан бөлек, видеоны көруден ағзаға жылдам дофамин таралады, оны өмірде алу қиынырақ. Балалар көшеде доп ойнап, сабақ оқуға қызықпайды, себебі дофаминді смартфоннан алуға болады. Гаджеттерге деген тәуелділік осылай пайда болады.

Идеямыздың түпкі мақсаты – бала көріп отырған контент пен алгоритмдер баланы оған құштар етпейтіндей, қауіпсіз цифрлық орта жасау. Бала телефонды қосып, 30 минут видео көріп, тыныш қана сөндіріп, әрі қарай жүгіріп кету үшін осыны істеу керек.

Сондықтан қазір Smart Zebra-ға бір жағынан интерактив кітаптар, видео, білім беретін ойындар және басқа да мазмұнды қосып жатырмыз, екінші жағынан бала басқа қосымшаларға ауысып кетпесін деп, экрандағы уақыт пен тәулігіне рұқсат етілген сессия санын бақылап отыратын тетікті жетілдіріп жатырмыз.

Онсыз жағдай бұзылатын тағы бір негізгі компонент бар, ол – ата-ананы оқыту. Олар гаджетке тәуелділік қалай болатынын және балаңыздың неге YouTube немесе TikTok-ты қосуға көндіруіне мән бермеу керектігін түсінуі тиіс. Сондықтан, шешімді жан-жақты ету үшін біз  платформаға ата-аналарға арналған курстарды да саламыз.

— Бірақ бала бақшаға немесе мектепке барғанда оның қатарластары Roblox пен «Майнкрафт» ойнап, YouTube-тағы блогерлерді көргенде бәрібір Smart Zebra-ның орнына соны қосуды сұрайды…

—  Сондықтан біз бұрын 4-9 жас аралығындағы балаларды назарға алсақ, енді аудиториямыз – мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндер. Белгілі бір жасқа дейін бала ата-анасының көз алдында болады, ал «Майнкрафт» кейін басқа балалармен араласқанда пайда болады.

Бала мектепке барғанда телефонды өз бетінше қолданады, ата-ана оны бақылай алмайды. Ал мектепке дейінгі жаста балаға гаджетті ата-анасы береді. Бүлдіршін үлкендер не қосып берсе, соны көреді: жақында бір әке қызына экскаватордың жерді  қазып жатқаны туралы видео қосатынын айтты. Ал, қызы соны көреді. Құрылысты ұнатқаннан емес, себебі балалардың санасы ашық, оған не құйсаң, соны сіңіре береді.

Ерте жастан бастап балалардың гаджетті пайдалану және ондағы мазмұнды тұтынудың салауатты мәдениеті қалыптасуы керек, өзімізге осыны міндет еттік, оны ата-ананың бақылауы жоғары, ал бала әлеуметпен аз араласып жатқан кезінде жасау керек. Дөрекі айтқанда, егер ол бала кезінен чипсы мен крекер жесе, әрі қарай осылай жалғаса береді. Ал бесіктен бастап дұрыс тамақ ішсе, осы әдеті өмір бойы сақталады. Содан кейін, әрине, ол чипсы жейді, бірақ оған әуес болу мүмкіндігі әлдеқайда төмен.

Ата-аналармен сұхбаттасқан кезде тағы бір нәрсені түсіндік: балалары үшін сапалы мазмұнды іздейтін саналы, белсенді ата-аналар онша көп емес. Есесіне, гаджетке тәуелділік мәселесі өте өзекті. Балаға гаджет беретін әрбір ересек өзін нашар ата-ана сезінеді. Оларды бұл жайт қатты алаңдатады.

Егер бұрын Smart Zebra-да «баласына гаджет беретін сабырлы ана» деген ұғым бар десек, енді оның неліктен сабырлы болатынын түсіндік, өйткені бұл әрекет баланың телефонға тәуелділігін болдырмайды.

Динозаврлар мен адам денесі үздік тақырыптар қатарында

— Қосымшадағы контентті қайдан аласыздар? 

— Контенттің бәрін өзіміз жинадық, ең үлкен еңбек болды. Қоржынымызда мыңнан астам аудиофайл мен анимация бар, оны біз екі жыл бойы жасадық. Жаңа мазмұн өндіру жұмысын тоқтаусыз жалғастырып жатырмыз. Жақында қаржылық сауат тақырыбын қостық: ақша қайдан пайда болды, ересектер оны қайдан алады, ақшамен не істеуге болады және т.б.

Дыбыстық файлдарды әйелім жазады, оған қоса копирайтерлер, аниматорлар, дыбыс режиссерлері бар.

— Бәрі стартап қызметкерлері ретінде жұмыс істей ме? 

— Жоқ, Лана екеуіміз ғана толық күн жұмыс істейміз. Сондай-ақ, тұрақты әзірлеуші-маманымыз бар, оған жалақы төлейміз.

Үлкен қызымыз Лондонда оқиды, ол қаржылық модельді жүргізу және инвесторлармен сөйлесу кезінде көмектеседі. Команданың қалғаны – фриланста, бірақ біз оларға тұрақты түрде тапсырыс беріп отырамыз.

— Қосымшаның ең танымал бөлімдері қайсысы? 

— Қазір онда 10 тақырып бар. Балаларға адам денесі мен динозаврлар туралы контент көбірек ұнайды.

— Қосымшаңызда қазақтілді контент бар ма? Оған сұраныс қандай?   

— Біз әуелден қазақстандық нарықты назарға алдық, сондықтан қосымшаның толықтай дерлік (соңғы үш тақырыптан бөлек) қазақ тіліндегі мазмұны бар. Менің ойымша, сұраныс бар ма, жоқ па деп айтуға болмайды, қазақтілді контент міндетті түрде болуы керек.

Оның үстіне, көбі қазақтілді контентімізді қолданатынын білеміз. Өзбекстандық бала орыс тіліндегі барлық тақырыпты көріп шыққан, қазір қазақ тіліндегісін көріп жүр. Оның анасы бізге өзбек тіліндегі нұсқасын жасауды сұрап хат жазды, баласы қазақ тіліндегі сөздерді үйрене бастапты.

— Жасанды интеллекті пайдалану туралы не ойлайсыз, ол, мысалы, балалардың сұрақтарына жауап берер еді?

— Бұл саланы қарап, зерттеу керек екенін түсінеміз. Бірақ, жасанды интеллект бізге қажетті тапсырмаларды тиімді орындайтындай деңгейге жетті деп ойламаймын.

Сондықтан, жақын арада жасанды интеллекті пайдалану жоспарда жоқ. Дегенмен, ресурсымыз көбейген кезде әлемнен қалыс қалмау үшін мұны істеуіміз керек.

Мазмұны мен жарнама үшін $100 мың

 — Тез масштабталуға дайынбыз дедіңіз. Ол үшін сізге инвестиция керек пе?

 — Иә, ешқашан инвестиция тартқан жоқпыз, идеямыз шын мәнінде тез өсімге дайын болғанын сезгіміз келді. Қазір қазақстандық екі инвестормен келіссөз жүргізіп жатырмыз, 100 мың доллардың бірінші раундық жарияладық.

Бұл ақшаға біріншіден мазмұнды көбейткіміз келеді. Мұны қандай жағдай болмасын, істейміз, бірақ инвестиция оны тездетуге көмектеседі.

Екіншіден, дамудың қазіргі сатысында айналым мен кіріс жағынан өсіп, тапқан табысты одан әрі дамуға жұмсау үшін жарнаманы қолға алғымыз келеді.

Біздің табыс моделі геймдевке көбірек ұқсайды, егер креатив пен жарнама жұмысын дұрыс жолға қойсақ, бірнеше есе өсетініміз шындық.

— Басқа нарыққа шығып, мазмұнды сол елдердің тіліне бейімдеу жоспарда бар ма?  

— Стратегиялық тұрғыда әрі қарай қайда баратынымызды әлі білмейміз. Әуелі орыстілді нарықта өскеніміз дұрыс шығар.

Әрі қарай уақыт пен ресурс мол болса, қосымшаны қайсыбір елге бейімдеу процесін бастаймыз, ағылшын және араб тілдеріне басымдық беріп отырмыз. Аударма жұмысын аяқтағанда осы нарықты зерттеп, қандай да бір дерек алу үшін жарнама жасап көреміз.

Білім беру қосымшалары емес, YouTube-пен бәсекелеспіз

 — Бәсекелестер кім? 

— Басты бәсекелесіміз – YouTube. Өйткені, әлемдік статистика бойынша балалардың 73%-ы гаджеттен мультфильм көреді, 18%-ға жуығы ойын ойнайды, ал небәрі 6%-ы білім беру қосымшаларын қолданады. Біз 6% тұтынушысы бар тауашада емес, 73%-дың ішінде бәсекелес болғымыз келеді.

— Бәсекелесе аласыздар ма?

— Иә, себебі ата-аналардың YouTube-қа шағымы көп: олардың айтуынша, бала YouTube-арнаны көре бастағаннан кейін қарындасына жаман сөз айтады. Бұл қайдан шықты? Әркім қалағанын жүктей алатын YouTube-тан. Бейнелеп айтқанда, YouTube қосқанда сіз балаңызды шлагбаум мен күзетшісі бар жабық аулада ойнауға емес, көрші тұрған базарға жібересіз. Бала ол жерден үйге не алып келеді?

Ең бастысы, ата-аналарға балалар үшін қауіпсіз ортаның қаншалықты құнды екенін жеткізу.

— Бірақ ол үшін өте көп контент – мультфильмдерді де, ойындарды да қосуыңыз керек қой…

— Дұрыс. Пайым мен шығармашылық тұрғыдан мүмкіндігіміз шектеулі болғандықтан, болашақта біздің платформа үшін контент жасайтын және қаралымына қарай кірістің бір бөлігін алып отыратын жас, дарынды педагогтарды тартқымыз келеді. Бірақ балаға ешқандай зиян келмейтініне сенімді болу үшін мазмұнын қадағалап отырамыз.

— Бірнеше жылдан кейін стартап қандай болады деп ойлайсыз? 

— Бұл, әрине, көптеген тілде өнімі бар жаһандық компания. Ағылшын тілі халықаралық тіл болғанымен, мектеп жасына дейінгі балаларға ана тіліндегі мазмұн қажет.

IPO-ға шығамыз ба, әлде біздің өнімді біреу сатып ала ма —  қазір маңызды емес. Бастысы — гаджетті пайдалану мәдениетін өзгерту. Біз мұны реттей аламыз деп үміттенемін.

https://digitalbusiness.kz/kk/2023-12-11/szd-de-balaiz-saattap-smartfon-krp-otira-ma-azastanda-balalardi-gadzhetke-tueldlgn-zheetn-startap-oylap-shiarildi/

 

 

Пікірлер 1

Кіру пікір қалдыру үшін

👍👍👍

Жауап беру