Astana Hub сегіз стартапты шетелдік инвесторлардың назарына ұсынды
Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Шетелдік инвесторлар кеңесінің (ШИК) 35-ші пленарлық отырысы аясында Astana Hub халықаралық технопаркінің қатысушылары өздерінің IT-жобаларын таныстырды.
Астанада «Экономиканың цифрлық трансформациясы» тақырыбында өтіп жатқан ШИК барысында Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі қазақстандық ІТ-компаниялардың көрмесін ұйымдастырды.
«Цифрлық хаб ретінде біздің өңірге деген қызығушылық күн сайын артып келеді. Бірнеше жылдан бері халықаралық нарыққа шыққан қазақстандық стартаптар бәсекелестік ортада қарқынды дамып жатыр. Бүгін потенциалды инвесторлардың назарына ұсынылған ІТ-компаниялардың да экспорттық әлеуеті жоғары», - деді цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.
Шарада қазақстандық IT-компаниялар мен мемлекеттік органдардың 49 инновациялық шешімі ұсынылды.
«Astana Hub сегіз ІТ-стартапты ұсынды. Олар жасанды интеллект, EdTech, киберқауіпсіздік, бизнес-процестерді оңтайландыру/автоматтандыру саласындағы келешегі зор жобалар және кейбіреуі халықаралық нарыққа шығып үлгерді», - деді Astana Hub басқарушы директоры Алина Әбдірахманова.
Оның айтуынша, еліміздің стартап индустриясы өкілдерінің Шетелдік инвесторлар кеңесінің мүшелерімен кездесуі жаһандық компаниялармен серіктестік және ынтымақтастық орнатып, отандық экожүйені дамытуға жағдай жасайды.
«Біздің стартап - мұнай кен орындарын игеру бойынша веб-симулятор мұнай барлау коэффициентін тиімді басқаруға және ұлғайтуға, кен орнын игеру шығындарын 40%-ға дейін қысқартып, күнделікті өндіруді 70%-ға арттыруға мүмкіндік береді. Мақсатымыз – саланы түсінетін smart инвесторлар табу және 1,3 миллион доллар тарту», - дейді Neuron Oil негізін қалаушы Асылан Жұмағалиев.
Айта кетсек, машиналық оқытуы бар кросс-сандық модельдеудің жаңа тәсілдерінің мұндай үйлесімін бүкіл әлем бойынша шамамен 3-4 жас компания ғана жүргізеді, соның ішінде АҚШ-та (Кремний алқабында), Францияда, БАӘ-де және т.б. ТМД елдері арасында Neuron Oil жаңа тәсілдер мен өте жоғары практикалық нәтижелерді қолдану бойынша көшбасшы болып есептеледі.
Сондай-ақ, Astana Hub атынан өз жобаларын ұсынған компаниялар:
Cerebra - машиналық оқыту негізінде инсультті автоматты диагностикалауға арналған бағдарламалық қамтамасыз ету;
GoatChat – жасанды интеллектімен сөйлесу платформасы;
Black Ice AI ақшаны жымқыруға қатысы бар киберқылмыскерлерді анықтау үшін әртүрлі дереккөздерден мәлімет тартады;
Sergek Group – бейнебақылау, талдау және болжау, қала жолдары мен көшелеріндегі құқықбұзушылықтарды тіркеудің интеллектуалды жүйесі;
Med 365 – ауысым алдындағы/ауысымнан кейінгі тексерулерді тапсырыс берушінің үй-жайында жүргізуге мүмкіндік беретін автоматтандырылған медициналық тексеру жүйесі;
Daitan HSE бағыттары аясында ірі кәсіпорындардың өндірістік процестерін цифрлық трансформациялауға маманданған;
ROQED – оқу материалдары форматындағы оқу және жұмыс нұсқауларын жаңғырту саласындағы жетекші компания.
Еске салсақ, Шетелдік инвесторлар кеңесі (ШИК) - Қазақстан Республикасы Президенті төрағалық ететін консультативтік-кеңесші орган. Кеңес 1998 жылы Қазақстан Үкіметі мен шетелдік инвесторлардың елдегі инвестициялық қызметіне байланысты проблемалық мәселелерді тиімді шешу және Республикадағы инвестициялық ахуалды жақсарту үшін тікелей диалогты қамтамасыз ету мақсатында құрылған.
Astana Hub – Орталық Азиядағы ең ірі халықаралық технологиялық парктердің бірі. Қазіргі уақытта технопаркте мыңнан астам қатысушы бар. Олар 14 мыңнан астам жұмыс орнын ашты. Astana Hub-тың білім беру бағдарламаларында 20 мыңнан астам адам оқыды және 2 мыңнан астам адам инкубациялық және акселерация бағдарламаларынан өтті.
Пікірлер 0
Кіру пікір қалдыру үшін