Web Summit 2024: Қазақстан мен Өзбекстан хабтарының альянсы 15 стартапты таныстырды

11-14 қарашада Португалияның Лиссабон қаласында өткен әлемдегі ең ірі технологиялық іс-шара – Web Summit 2024-те Astana Hub пен IT Park Uzbekistan хабтары Central Asian Innovation Hubs бірыңғай брендімен 15 стартапты таныстырды. Бұл стартаптар жасанды интеллект, деректерді талдау, финтех, цифрлық банкинг, тұрақты даму және цифрлық денсаулық сақтау сияқты салаларда шешімдер ұсынады.


Биыл 70 000-нан астам қатысушыны жинаған Web Summit шарасы стартаптарға, инвесторларға және технологиялық индустрия көшбасшыларына жаңа байланыстар орнатып, ынтымақтастық құруға мүмкіндік береді. Central Asian Innovation Hubs үшін Web Summit-ке қатысу Орталық Азияның дамып келе жатқан экожүйесін халықаралық аудиторияға танытып, оның инвестициялар тарту және жаңа байланыстар орнату әлеуетін көрсету үшін маңызды қадам болды.

«Біз Орталық Азияда технологиялық бизнес пен стартаптарды дамытуға арналған толыққанды экожүйе құруды мақсат етеміз. Google for Startups, Draper University, Presight.AI және Alchemist Accelerator сияқты әлемдік деңгейдегі серіктестермен бірлесе отырып, резиденттерімізге ерекше мүмкіндіктер ұсынып келеміз. Hero Training, Silkway Accelerator және Scalerator секілді акселерациялық бағдарламалар арқылы кәсіпкерлер өз жобаларын жаңа деңгейге шығара алады.  Осының нәтижесінде Орталық Азия стартаптары үлкен жетістіктерге жетуде. Мысалы, Citix стартабы — америкалық ірі венчурлық инвестор Тим Дрейперден $98 миллионға бағаланып, инвестиция тартқан өңірдегі алғашқы жоба. Ал Uzum стартабы $114 миллион қаржыландыру тартып, $1,16 миллиардтық бағалаумен «юникорн» мәртебесін иеленді. Бұл аймақтың инновациялар орталығына айналып, халықаралық нарықтарға сенімді қадам басып жатқанын айқын көрсетеді. Мұндай прогресс жергілікті компаниялардың әлемдік аренада бәсекеге қабілетті болуына мүмкіндік береді,» деді Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев.

Қазақстандық стартаптар Web Summit алаңында өздерінің ерекше жобаларын таныстырды: Extrum Technologies (Oraclus) веб-технологиялар, блокчейн және басқа да озық технологиялар негізінде жоғары сапалы шешімдер әзірлейді; ZebraEye сирек кездесетін көз ауруларына диагностика жасауға арналған жасанды интеллект негізіндегі бағдарламалық жасақтама; ProsperPay Kazakhstan еңбек ақысын қолжетімді ететін қызметтерді ұсынатын Орталық Азиядағы жетекші провайдер; Hired Valley университет студенттерін жұмысқа орналастыру мүмкіндіктерімен байланыстыратын платформа; Foqus түрлі салалардағы мінез-құлықты талдау арқылы қолданбалы аналитикалық деректер ұсынатын жасанды интеллект платформасы; Beyim Tech, білім беру саласында цифрлық өнімдер жасайтын жоба; ESG Track тұрақты даму, қызметкерлердің әл-ауқаты мен қаржылық көрсеткіштерді бақылауға арналған мониторинг жүйесі.

Өзбекстандық стартаптар да Web Summit-те ерекше назарға ие болды. Олардың қатарында болған DATALAB LLC деректерді талдау, процестерді оңтайландыру және шешім қабылдауды қолдау үшін инновациялық шешімдер ұсынады; Sharh жасанды интеллект негізінде клиенттермен кері байланыс орнатуға арналған платформа; iWatt энергияны басқаруға арналған ақылды құралдар мен тұрақты даму үшін шешімдер ұсынады; Finco – микрокредиттер мен электрондық әмияндар сияқты цифрлық банкинг шешімдерін ұсынатын стартап; Online Nurse дәрігерлермен виртуалды консультация өткізуге мүмкіндік беретін телемедицина платформасы; Paylov – онлайн төлемдер үшін қауіпсіз төлем шлюзі; IMAN Global исламдық қаржы қағидаттарына негізделген қызмет ұсынатын стартап; Cradle Vision Tech автоматтандыру, жасанды интеллект және машиналық оқыту негізінде шешімдер әзірлеумен айналысады.  

«Орталық Азия әлемдік технологиялық аренада маңызды ойыншыға айналуда. Бұл аймақ жаңа «юникорндарды» қалыптастыру және кәсіпкерлік экожүйесін дамыту үшін зор әлеуетке ие», — деді IT Park Uzbekistan бас директоры Фарход Ибрагимов. — Central Asian Innovation Hubs аясында біз экожүйемізді әлемдік инновация көшбасшыларымен, инкубаторлармен, акселераторлармен, инвестициялық қорлармен және инвесторлармен байланыстыратын мүмкіндіктер жасауға бағытталамыз. Мұндай әріптестік аймақтағы технологиялық даму қарқынын жеделдетіп, инвестициялар тартуға және кәсіпкерлік өсімге жаңа жолдар ашады.  Біз Орталық Азияны жаһандық инновация мен технология орталығына айналдыруды мақсат етіп, қажетті ресурстар мен қолдау ұсынамыз. Бұл аймақ компанияларының әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті болуына мықты негіз қалайды», — деп атап өтті ол.

Айта кетейік, Central Asian Innovation Hubs — Astana Hub пен IT Park Uzbekistan бірлескен бастамасы, ол аймақтық стартаптарды халықаралық аренада алға тарту және қолдау мақсатында құрылған. ICT WEEK UZBEKISTAN 2024 аясында қол қойылған меморандумға негізделген ынтымақтастық екі технопарктің мүмкіндіктерін көрсетеді. Олар Бакудегі InMerge және Сан-Францискодағы Central Asia at Silicon Valley және TechCrunch Disrupt 2024 сияқты ірі іс-шараларға бірыңғай брендпен қатысты.

Пікірлер 8

Кіру пікір қалдыру үшін